Астанада үш жаңа кассациялық сот пайда болады

1369
Adyrna.kz Telegram

Астанада үш жаңа кассациялық сот пайда болады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды», - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Түзетулерге сәйкес, Астанада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот құрылады.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңдарға қол қойды.

“Мемлекет басшысы «Қазақстан  Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды” делінген хабарламада.

Заң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам саудасына қарсы іс-қимыл шараларын күшейту, сондай-ақ вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған.

Балаларды, әсіресе, жаңа туған нәрестелерді сату фактілеріне тосқауыл қою үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жаңа баппен толықтырылды. Аталған норма жаңа туған баланы тастап кету, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың келіп түсуі және жеткізілуі туралы фактілерді хабарламағаны үшін лауазымды тұлғаларға жауапкершілік жүктейді (135-1).

Сонымен қатар осы Заң арқылы ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру сияқты ұсақ бұзақылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді.

Сондай-ақ мүлікті жойғаны немесе бүлдіргені (вандализм) үшін әкімшілік жаза қатаңдатылды.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

 

 

Пікірлер