Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасының қажеттігін атап өтті. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы бар: біріншісі – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салықтық міндеттемелерін барынша азайтуға тырысатындар, екіншісі – барлық салықтарды адал төлейтіндер. Әрине, екінші топтағы кәсіпкерлер бәсекеге қабілеттілігі төмен болып қалады. Үкімет бизнестің салықтан жалтару мақсатында бөлшектенуі мәселесіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, бұл – кең таралған құбылыс. Мысалы, бір мейрамханада 3-4 шағын кәсіпорын тіркелген. Тіпті, бардың есеп айырысу сөресі де бөлек шағын бизнес ретінде рәсімделген. Шын мәнінде, бизнесті бөлшектеу – заңнамалық олқылықтардың салдары», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл мәселе үкімет пен депутаттар тарапынан жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Ол салық саясаты бойынша көрсеткіштерге негізсіз сүйенудің қауіпті екенін атап өтті.
«Елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші мен жеке кәсіпкер тіркелген деп мақтанышпен айтамыз. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екені, қалай пайда болғаны, қанша салық төлейтіні немесе мүлде төлемейтіні сарапталған жоқ», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, президенттің айтуынша, бұл мәселе үкімет пен депутаттар тарапынан жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Тағы да әдемі көрсеткіштердің соңына түсіп, елде екі миллионнан астам салық төлеуші, жеке кәсіпкер тіркелген деп мақтанға салғанын жеткізді. Сондай-ақ, олардың қандай кәсіпорындар екені, қалай пайда болғаны, қанша салық төлейтіні және мүлде төлемейтіні сарапталмағанын айтты.
«Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн. Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс. Салық реформасына келсек, батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе, бұдан да зор қиындыққа тап боламыз», – деді президент.