Бала көктем

2227
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ол ұйқысынан тұра салып, ағасын іздеді. Алдымен екі бөлмені, сосын сыртқа шығып, үйдің айналасын қарады. Жоқ. Кеш туған қозы-лаққа дейін өріске шығып, қаңырап бос қалған қораның ішіне кіруге жүрегі дауаламады. 

- Апа, Нұрлы қайда?

- Жаңа ғана жүр еді ғой осында. Кім біледі?..

Айналасына мұқият көз салды. Қора үстінде суық торғайлар үздіксіз шиқылдайды. Терезе алдында шымшық секектеп жүр. Ашық тұрған сыртқы есіктен қарлығаштар үйге кезек кіріп-шығады. Анасы түтінін будақтатып табаға нан жауып жатыр. Кішкене күшігі қашаға жайылған қой терісін тістелеп, күші жетпегеніне намыстанғандай ыр-ыр етеді. Көлеңкеде ештеңемен шаруасы жоқ Арлан сұлап жатыр.

– Қа-на-аш, Қа-на-аш!

Ол тосыннан шыққан дауысқа елең етіп, жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Ағасы қыстау шетіндегі шағын дөңесте тұр екен. Бағана бері қалай байқамаған? Қолын бұлғайды. Қанаш құлдыраңдап солай қарай жүгіре жөнелді. Бойында бір қуаныш бар. 

- Сонша жаттың ғой. Түнде неңді ұйықтайсың?

- Сен қайда болдың?

- Ана қабақта отырдым. Көрдің бе айналаның қалай жайнап кеткенін? 

Ол тағы да төңірегіне көз тоқтатып қарады. Даладан жусан исі аңқып тұр. Жауқазын мен қызғалдақтың көптігінен айналаға қызғылт сары мата төсеп тастағандай. Рас, жан-жағы анасы құраған төр көрпе сияқты. Төбеде бір орнынан тапжылмай бозторғай тұр. Аяғыңды басқан сайын шегірткелер жан-жаққа шырылдай секіреді. Қой құмалағын домалатып қоңыз кетіп барады.

- Жүр, өзен жаққа түсейік. Ол жақ тіпті керемет болып тұр.

- Алыс қой. 

- Қайдағы алыс? Әне, көрініп тұр ғой. Түске дейін қайтып келеміз.

Ол ағасының артына түсті. Қалып қоймайын дегендей, жүгіре басып келеді. Екеуі тастақ тұсқа келгенде ағасы отыра қалып, жауқазынның тамырын қаза бастады. Сосын, шағын түйнегін алып, қабығын аршып, інісіне берді. Өзі тағы бірін тазалап, ауызға салып жіберді. Осылай біраз жүрек жалғаған соң тамырынан айырылған гүлдерді жинап алып, тағы жүріп кетті. Аяқтары тайғанағанына қарамастан төмен қарай тоқтаусыз құлдилап барады. Бағана талып естіліп жатқан өзен даусы бұлар жақындаған сайын күшіне мініп, жан-жақтағы өзге үн атаулының бәрін жұтып алып жатқандай. 

- Неге тұнық емес? - деді кішісі айғайлап.

- Қардың суы ғой. Тауда қар әлі еріп біткен жоқ.

- Сонда қардың суы лай бола ма?

- Қар еріп, дала езіліп, батпақ болып жатады ғой. Соның бәрі өзенге келіп қосылғанда су лайланады. Түсіндің бе?

- Иә...

- Қап, ағаштан қайық жасап әкелу керек еді. Қазір ішіне хат салып, ағызып жіберетін едік.

- Кімге хат салатын едік?

- Кім тауып алса, соған. «Біз Екпіндідегі қыстауда тұрамыз. Менің атым - Нұрлы. Төртті бітірдім. Інімнің аты - Қанаш. Жасы бесте» десек болды емес пе?

- Сосын, олар да бізге жазып жібере ме?

- Ой, ақымақ! Олар жазып жіберсе де бізге жетпейді ғой. Су төмен қарай ағып жатыр.

- Жалпақ тас қалқытып ойнайық па?

- Жалпақ тасты көлге немесе тыныш ағып жатқан өзенге қалқытады. Ал, мынандай гүрілдеп жатқан су кез келген тасыңды жұтып қояды.

- Бізді де ме?

- Иә, жүзе алмайтын кез келген адамды ағызып әкетеді!

- Сен жүзе алмайсың ба? 

- М,м, жоқ, жүзе алмаймын. Біздің ауылда бір аға, сосын, бір тәте суға ағып кеткен...

- Осы суға ма?

- Жоқ. Осы су барып тағы бір өзенге қосылады. Оған тағы бір өзен қосылады. Соның бәрі біріккенде бұдан да үлкен болады. Соған аққан.

- Онда даусың мүлде естілмейтін шығар?

- Иә, естілмейді. Сен былай тұр. Мына ағашты суға лақтырайын. Қалай ағызар екен?

Кішісі сәл ысырылып тұрды да, үлкені қыста қарды ауырлап құлаған шетеннің бұтағын сүйреп әкеліп, өзенге тастады. Мамырда да арыны басылмаған асау өзен сол сәтте-ақ бұтақты қақпақылдап ала жөнелді. Екеуі соны қызықтап, ағынды бойлай біраз жүгірді де, жасыл құраққа қатар құлай кетті. Аспан тұп-тұнық. Аппақ бұлттар баяу сырғып барады. Мұрынға балдыр мен мүктің исі келеді.

- Апам көрінген жерге жатпаңдар. Кене жабысады деп еді ғой. 

- Шалбарыңның балағын шұлығыңа салып, тақияңды басып киіп ал. Сонда ештеңе де болмайды.

- Қарным ашты...

- Жарайды, кеттік. Мә, әзірге мынаны аузыңа салып ал. «Бірден жеп қоймай, сорып жүрсең, құрт та әл береді» дейді әкем.

Екеуі мал мен аң салған жалғыз аяқ сүрлеумен аяңдап, жоғары өрледі. Үлкені әдеттегідей алдыда, кішісі пысылдап соңында келеді.

- Мә, ананы қара!

- Ол не?

- Білмеймін. Бүркіт пе, құмай ма?.. Жүр, барып көрейік.

- Қойшы. Бүркіт болса алып кететін шығар...

- Қорықпа. Өліп қалған сияқты ғой. Қозғалмай жатыр. 

- Мен бәрібір бармаймын...

- Онда сен осында тұра тұр. Мен көріп келейін. 

Үлкені жүгіре жөнелді де, сала сала болып жатқан адырдың басына шығып, шағын текшеде қарауытып жатқан құстың жанына барды.

- Келе бер. Тұзаққа түсіп қалыпты. 

- Тірі ме?..

- Жоға!

Ырсылдап Қанаш та жетті. Ағасы оның келуін күтпей, бәкісімен бүркітті кескілеп жатыр екен.

- Не істеп жатсың?

- Қазір көресің. Екі қанатын кесіп аламыз.

- Оны не істейміз?

- Сосын көресің дедім ғой. Тұра тұршы.

Інісі тершіген танауын тақиясымен сүртіп, сол маңдағы тастың біріне барып отырды. Екі көзі ағасында. Нұрлы шапанын шешіп қойып, бүркіттің денесін бір аяғымен басып алып, қанатын түбінен қиқалап жатыр. Маңдайы терлеп, шашы жабысып қалыпты.

– Міне, енді кетуге болады. Жүр...

Бағана еңіске ойнап түсіп кетіп еді, қайта өрлегенде екеуі әбден-ақ қиналды. Түс ауа терлеп-тепшіп, әбден шаршап, қарындары шұрылдап, кішісі жыларман болып, үлкені алдарқатып жүріп, үйге әзер жетті. Аналары есіктің көзінде жүн түтіп отыр екен.

- Екеуің қайда жүрсіңдер осы уаққа дейін? Іздемеген жерім жоқ...

- Өзенге бардық - деді кішісі.

- Өзенге? Өзенде не іздеп жүрсіңдер? Ағып кетсеңдер қайтесіңдер? Сенің бе, сенің жоныңнан таспа тілу керек!

Апасы жанында жатқан сабауды ала салды да, екеуіне қарай ұмтылды. Әбден зорыққан кішісі аяғын көтеріп жата кетті де, үлкені кірген ізімен сыртқа зытты. 

-Қап, осыдан қолыма түсерсің. Қаршадай балаға қай-қайдағыны көрсетіп... 

Апасы үстін қағып-сілкіді де жозыны ортаға қойып, шай жасай бастады. Ортаға тоңазыған ет қойып, нан турады. Осыны тосып отырған кішісі дастарханға еңбектеп жетіп, нанды кілегейге матырды.

– Ей, шешек! Бар, қолыңды жу. Ананы да шақыра кел...

Үшеуі жозының үш жағында отыр. Үлкені тамақты үнсіз қарбытып жатса, кішісі аузындағысын жеп бітпесе де әр нәрсені айтып, күнұзақ көргенін жеткізе алмай әлек. Анасы екі балаға көзінің қиығымен ғана қарап қойып, ашулы кейіпте отыр. Ашқарынға түскен тағам бойларын алды ма, әбден сілелеген екеу көп ұзамай сол орындарында ұйықтап қалды. Оларды төрге қатар жатқызып, үстілеріне жеңіл көрпе тастаған апалары қайтадан жүн түтуге кірісті.

Алдымен кішісі тұрды. Ұйқысы әбден қанған ба, бір керіліп алды да асығыс сыртқа беттеді. Сосын, көп аялдамай, бүркіттің бір қанатын сүйретіп қайта келді.

- Бұл не тағы?

- Қарашы, апа! Бүркіттің қанаты. Тұзаққа түсіп қалыпты. Нұрлы бәкімен қанатын кесіп алды. Нұррр-лы, Нұррр-лы, тұршы!

Інісінің даурыққан үнінен ағасы оянды. Сосын ұйқысын аша алмай біраз отырды да, қанатқа бір, анасына бір қарап алып, «Тағы бір пәлеге ұрынам ба?» дегендей, тез қимылдап, далаға шыға жөнелді. 

- Қанаш, мұнда кел!

- Не істейміз?

- Қазір көресің. Қане, қолыңды былай ұста!

Ағасы інісін ыңғайлап тұрғызып қойды да, екі қолына бүркіттің екі қанатын байлады. Сосын, жақсылап тексеріп, Қанашты екі-үш айналып шықты.

– Енді қораның үстіне шық!

Күніне он шығатын қора үстіне Қанаш көп қиналмай-ақ өрмелей жөнелді. Бірақ, бұл жолы бойында бір үрей бар.

– Енді қораның арғы жағына бар да, бері қарай жүгір.

Қанаш біраз шегініп барды да, алға қарай құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Сол қалпымен қораның шетіне келіп тоқтады. 

-Қолыңды, қолыңды сермемейсің бе? Кәдімгі құстар сияқты қолыңды былай серме! Жүгір, қайтадан баста.

Қанаш кері қарай тағы кетті. 

– Ал, енді жүгір. Қолыңды сермеуді ұмытпа!

Қанаш қолын сермелеп тұра жүгірді. Бірақ жүгірісі тым баяу. Әне-міне дегенше қора шетіне тағы келіп қалды. 

- Туу, не деген адамсың? Қолыңды сермелеп, қатты жүгірсеңші. Бар, қайта баста. 

- Өзің ұшпайсың ба?

- Мен ауырмын. Қанат көтере алмайды. Ал, сен әлі кішкентайсың. Аспанда ұшып жүрсең жақсы емес пе? Әкеме барып келесің.

«Әкеңе барып келесің» дегенде кәдімгідей танауы делдиіп, қой бағып жүрген әкесінің үстінен ұшып өтіп бара жатқаны, қойлардың дүркіреп үріккені, әкесінің қолын көлегейлеп аспанға қарағаны, Марғаудың алдымен арсылдап үріп, сосын, құйрығын бұлғаңдатып еркелей жүгіргені елестеді. Қанаш бұл жолы алабұртқан көңілмен шегінді. Әттең, осы әрекет әлденеше рет қайталанды. Жүгірсе, қолын сермеуді ұмытып кетеді. Қолын үздіксіз сермесе жүгіре алмай қалады. Қысқасы, екеуін қатар істеу қолынан келмей-ақ қойды. Тіпті, бағанағыдай емес, екі қанат  ауырлап кеткен сияқты. Бірте-бірте қолын сермеу де қиындап барады. Ұшып кетуден Қанаштың өзі сескеніп те жүрген сияқты. Қона алмаса, алысқа кетіп қалса қайтеді? Оны, әрине, Нұрлыға айтуға болмайды. Ақыры, көктемнің күні де еңкейді-ау. Апасы тысқа шығып, сиыр саууға беттеді. 

– Осы екеуіңнің ойының таусыла ма? Жүріңдер, сиырларды жинаңдар!

Қанаш қуанып кетті. Тер-тер болып, ағасына қарамастан төмен түсе бастады. Нұрлы оны тоспай апасының артынан кетіп барады екен. Қойын бері қаптатып, әкесі де келіп қалыпты. Ол қанатын сүйретіп, солай қарай жүгіре жөнелді.

Қанағат Әбілқайыр

Пікірлер