Ескерткіш құлап, бала қаза тапқан іс. Сот мүсіншіні ғана айыпты деп таныды

1321
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/aXfudw7qRsLFJsuHu4lHI2hkxZise95jxwgBtucK.png

2024 жылы үстіне ескерткіш құлап, қаза тапқан жеті жастағы қыздың ісіне қатысты сот үкімі бюст авторы, оралдық мүсінші Дмитрий Баймукашевті кінәлі деп таныды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы kznews агенттігіне сілтеме жасап.

Мүсінші 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол сондай-ақ жәбірленушілерге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Ал ескерткішті орнатуға, қабылдауға және бақылауға жауапты болған шенеуніктер мен мердігерлер іс бойынша куәгер ретінде ғана танылған.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың маусым айында Атыраудағы Жеңіс саябағында болған. Қатты жел соққан сәтте салмағы 200 келіден асатын бюст орнынан қозғалып, жерге құлаған. Сол маңда ойнап жүрген жеті жастағы қыз ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды.

Тергеу барысында ескерткіштің жобасы мен техникалық сараптамасы болмағаны, ал нысан төрт жыл бойы баланста тіркелмегені анықталды. Яғни, ескерткіш заңсыз орнатылған.

Мүсінші Баймукашев сотта өз кінәсін мойындамаған. Ол тек ескерткішті жасағанын, ал монтаж жұмыстарын жергілікті кәсіпкерлер атқарғанын айтқан.

«Пандемия кезінде өңірге бару мүмкін болмады, орнатумен басқа адамдар айналысты», — деді ол.

Қаза тапқан қыздың әкесі сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, әкімдік пен бақылаушы органдар да жауапқа тартылуы тиіс еді.

Пікірлер