Жағдайы ауыр. Полиция қызметкері байқаусызда өзін-өзі атты

1776
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысының полиция бөліміннің бақылау-өткізу бекетінде полицей абайсызда қызметтік қаруымен өзін атып алған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық полиция бөлімі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Облыстық полиция қызметкердің қазір жансақтау бөлімінде жатқанын, мән-жайы анықталып жатқанын айтты.

"Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қазіргі уақытта полиция қызметкері жансақтау бөлімінде жатыр. Өзге мәліметтер, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, жарияланбайды", делінген хабарламада.

Дәрігерлердің айтуынша, 2003 жылы туған ер адамның жағдайы өте ауыр.

Батыс Қазақстан Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 103 пультіне оқ жарақаты туралы ақпарат сағат 07:41-де түскен.

"Жедел медициналық жәрдем бригадасы 2003 жылы туған ер адамды облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізді. Науқас шұғыл түрде операцияға жатқызылды. Қазіргі уақытта ол реанимацияда. Жағдайы ауыр", - деді БҚО денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.

Пікірлер