Уақытты жылжытуға «десинхроноз» себеп болғаны айтылды

2111
Adyrna.kz Telegram
Фото: vk.com
Фото: vk.com

Уақытты жылжытуға «десинхроноз» себеп болды. Бұл туралы Қазақстанның сағат белдеуін ауыстыру бастамасын көтерген хронобиология маманы Болат Нұрқожаев ҚазАқпаратқа берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Уақыт ауыстыру мәселесі Парламентте бірнеше рет көтерілді, халық қалаулылары дұрыс шешімін шығарар деген үмітпен жүрдік. Алайда 2013 жылға дейін ештеңе өзгермеді. Сол аралықта біздің Қызылорда суицид бойынша алдыңғы орынға шығып кетті. Бұған дейін суицид – адамның осалдығы деп ойлайтынмын. Зерттей бастасам, бірден «десинхроноз» шыға келді, яғни адамның биоритмдерінің қалыпты жұмыс істемеуі, гормондардың дұрыс бөлінбеуі суицидтің бір себебі болуы мүмкін. Одан әрі қазбалағанда онкология мен диабет шықты, көптеген аурулардың себебі уақытқа байланысты екені жазылған”, - деді хронобиология маманы.

Айта кетейік, десинхроноз дегеніміз – биологиялық ырғақтың бұзылуы. Оған шаршау, депрессия, ұйқысыздық, әртүрлі жүрек-қан тамыр аурулары себеп болуы мүм­­кін. Сондай-ақ созылмалы түрде ұйқының қанбауы, шаршау, созылмалы аурулардың объективті алғышарт­та­рын қалыптасуына жол бермейді.

“Тіпті адамның семіздікке ұшырауын алайық, таңертең адам өз уақытымен оянса, тәбет шақыратын грелин гормоны бөлінеді, үйден тамақ ішеді. Ал енді мәжбүрлі түрде, уақытынан ерте оянған баланың миы оянбаған, қажетті гормоны бөлінбеген. Оның тәбеті мектепте, сабақ ортасында ашылады да, асханадан қуырылған тамақ, газдалған сусын алып ішеді. Неліктен күші тасып тұрған балалар энергетикалық сусын ішеді? Себебі олар ағзасындағы энергия жетіспеушілігін, ұйқы жетіспеушілігін толтырғысы келеді. Тіпті жетпеген қуатты ойынқұмарлықтан іздеуі мүмкін, себебі адам жеңіске жеткенде дофамин – рахат гормоны бөлінеді. Бұл – өте үлкен мәселе. Ал кешкісін адам ағзасында липтин – тоқтық гормоны бөлінеді. Егер уақыт белдеуі дұрыс болмаса, кешкі сағат 9-10-ға дейін күн батпаса, ағзада бұл гормон бөлінбейді. Сәйкесінше кей адамдар тамаққа тойып алады, күндізгі тамақты қорытып жатқан ағзасына салмақ салады. Мұның соңы семіздікке апарады, тіпті диабетке ұласады.

Барлық ауруларға қатысты дәлелдер мен ғылыми сілтемелер бар. Осының бәрін көрген соң, Қызылорданың уақытын ауыстыру мәселесін көтердік. Бұл шамамен 5 жыл бойы талқыланды, тұрғындарға басты себептерін, уақыттың ағзаға әсерін түсіндірдік. Осылайша 2018 жылы 21 желтоқсанда Қызылорда уақыты бір сағат артқа шегерілді”, - деді. Болат Нұрқожаев.

Еске салайық, Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқанына үш ай өтті. Осы уақыт аралығында не өзгергені туралы жазған едік.

Пікірлер