Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшкелі - 3 ай. Не өзгерді?

2707
Adyrna.kz Telegram

2024 жылы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Үкіметтің «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Қаулысына сәйкес елдің бүкіл аумағы бірыңғай сағаттық белдеуге көшті. Содан бері бүгін тура 3 ай өтті. Алайда уақыт белдеуі теңескенге дейін де, теңескеннен кейін де өзгеріске қарсы жұрттың қарасы азаймады.  Өйткені, елдің сағаты жылжыған аймағы жаз шығып,  күн ұзарғанда уақыттың зардабын көріп отырғандарын айтуда. 

Қазақстан Үкіметі бірыңғай сағат белдеуіне көшуді көлік және басқа да коммуникацияларды үйлестіруді жақсартады, бизнесті жүргізуге, мемлекеттік органдар мен шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылына оң әсер етеді деп түсіндірді. Сондай-ақ, бірыңғай уақыт белдеуінде болған кезде сапарларды жоспарлау, мемлекеттік басқару, банктік аударымдар жасау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету ыңғайлы, бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыратынын және көптеген қызмет салаларына оң әсерін беретінін айтты. Алайда, халықтың басым көпшілігі жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлері мен педагогтарға ыңғайсыздық тудыруда. 

ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІ ТӨМЕНДЕЙДІ”

Қазақстанның құрметті ұстазы, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы өзгеріс ерте тұратындар үшін қиынға соғатынын айтады. 

“Мен ерте тұратын адаммын. Бұрыннан аз ұйықтаймын.  5-6 сағат ұйықтасам ұйқым қанып қалады. Бұрынғы уақыт белдеуінің қайта оралғанын қалаймын. Өйткені, таңғы сағат 5 шамасында оянсам, сағат 9-да жұмыс басталғанша шаршап қаламын. Ерте оянатындардың бәрі солай деп жүр. Соның салдарынан еңбек өнімділігі төмендейді.  Егер Кеңес заманындағыдай  көктем-жазда сағатты 1 сағат кері жылжытқанда сол қолайлы болар еді”, деді Өмір Шыныбекұлы.

Әріптесінің пікіріне қоғам белсендісі, педагог  Дана Рау да қосылады.

“Өз басым сағатты жылжытқанға қарсымын. Өйткені, ол физикалық, табиғи заңдылықтарға қайшы. Яғни, адамның биологиялық, экологиялық болмысына зиянды деп ойлаймын. Ал сағатты жылжытқан екен, онда жұмыс тәртібін, жалпы әлеуметтік орта қызмет ретін соған сәйкес өзгертсін.  Мәселен, жұмыс күнін 8-ге ауыстырсын. Есесіне,өздерімен бірге балаларын сабаққа жеткізіп, жұмысына барады. Ал түскі ас уақытын бюджеттік ұйымдарда қысқарту керек. 1,5 сағат түскі ас тиімсіз. Қалғаныны уаұқытын отбасына, балаларына көңіл бөле алар еді. 

Уақытты ауыстырғанмен экономикалық-әлеуметтік ортаға тиімділігі жоқ. Биологиялық сағат бәрібір жеңіп тұр. Сондықтан, уақытты ғылым мен табиғат заңына сүйеніп қайтарған дұрыс”, - деді Дана Рау.

Аптасының бес күнін кеңседе өткізетін Алматы қаласының тұрғыны Гүлсезім Мұхатайдың айтуынша, жаңа уақыт белдеуі уақытын тиімді пайдалануына кедергі.

“Мен күнде таңнан кешке дейін қарбаласпен кеңседе жұмыс істеймін. Жаңа уақыт белдеуі мен үшін тиімсіз. Өйткені, бұл денсаулыққа зиян. Яғни, жұмысқа кеш келіп, кеш қайтып, күннің көзін көрмейміз. Күн сәулесінен дәрумендер алуға уақыт қолайсыз. Әсіресе, қыс мезгілінде күн ерте батады. Жұмыстан қараңғыда қайтамыз. Жұмыстан бөлек, өзге шаруаларымызға немесе отбасымызға көңіл бөлуге уақыт болмай қалады. Бұл мектеп оқушыларына тіптен қауіпті. Уақыттың өзгеруі денсаулыққа ғана емес, тұрмысқа да әсер етеді. Электр энергиясын тұтыну ұлғаюда”, деді Гүлсезім Мұхатай. 

Жаңа уақыт белдеуіне қарсы мұндай пікірлер өте көп. Тіпті, өзгеріске қарсы шыққан қазақстандықтар бұрын қолданыста болған уақыт белдеуін қайтару жөніндегі петиция жариялады. Петицияға тоқталмай тұрып, уақыт теңескен үш айда не өзгергенін анықтайық.

ҮШ АЙДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

Атқанымыздай, уақыт теңескеніне үш ай болды. Осы аралықта не өзгерді? Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінен сұрап, хат жолдады.  Комитеттің айтуынша, бұл уақыт аралығында сағаттың жылжуы электр энергиясын тұтынудың күнделікті профилінің өзгеруіне әкелген.

”Қазақстан Республикасында Бірыңғай уақыт белдеуін қолдану мәселесі «Ф.Г.Фесенкова атындағы астрофизика институты» ғалымдары, «Генетика және физиология институты», «География және су қауіпсіздігі институты», «М.А. Айтхожина атындағы молекулалық биология және биохимия институты», «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» сарапшылары мен ғалымдардың және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен пысықталды.

Ғалымдардың деректері бойынша уақыт белдеуінің  жылжуы электр энергиясын тұтынудың күнделікті профилінің өзгеруіне әкелгенін көрсетеді. Бұрын тұтыну шыңы сағат 19:00 ден 23:00 ге дейін болған, қазір бұл сағат 18:00 ден 22:00 ге дейін өзгерді және күнделікті электр энергиясын тұтыну көрсеткіштеріне сүйене отырып, адамдар бір сағаттан кейін ұйықтайтыны, демек, бір сағаттық өсу гормонын алмағаны көрінеді”, делінген жауапта.

Сонымен қатар, комитет бірыңғай сағат белдеуіне бейімделу үшін уақыт керегін айтады.

“Қазақстан халқының көп бөлігі географиялық тұрғыдан UTC + 5 уақыт белдеуінде тұрады, алайда іс жүзінде олар өз өмірлерін UTC+6 әлеуметтік уақытында жүргізген және бұл адамдарды десинхроноз циркатты ритміне алып келеді. 

Сарапшылардың пікірінше, UTC + 5 уақыт белдеуі елдегі ең дұрыс және қолайлы уақыт болып табылады. Қазақстанның көптеген өңірлері үшін табиғи уақытқа барынша жақын уақытты пайдалануға мүмкіндік береді.

Бейімделу және қалпына келтіру процестері ғалымдардың пікірінше, бірден басталып, үш жылдан бес жылға дейін созылады” деп жауап берді Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті.

УАҚЫТ БЕЛДЕУІ ӨЗГЕРГЕН АЙМАҚТАР ӨЗ ТАБИҒИ УАҚЫТЫНА КӨШТІ” 

Қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев денсаулықты сақтау үшін күн уақытына барынша жақын тұрақты уақыт белдеулерін қолданған дұрыс, яғни Қазақстан бойынша бір реттік UTC+5 жүйесіне көшу ғылыми-зерттеу институттары мен ғалымдардың қолдауымен ең оңтайлы шешім болғанын айтады.

“Бірегей уақытты қолданылған бір себебі, батыс облыстарында жұмыс уақыты Астанамен сәйкессіздік болмауы. Яғни, онлайн кездесу болсын, жиналыстар болсын 1 сағат ерте баруға, ерте отыруға мәжбүр болды. Мысалы, Астанадағы 8-де болатын жиналысқа батыс аймақ жұмыс уақыты болмаса да 7-де баруға мәжбүр болды. Яғни, мемлекеттік басқару, банктік аударымдар жасау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды қызметтерге ыңғайлы болғандықтан үкімет осындай шешім қабылдады. 

Біз жұмыс тобында мынандай нұсқалар ұсындық. Бірінші декреттік уақыттан мүлде бастарту. Яғни, батысты да, шығысты да бір сағатқа шегеріп, өзінің табиғи уақытына, ең жақын белдеулік уақытына көшіру. Екіншісі осы бірегей уақытты қолдану. Осының екінші нұсқасын үкімет қабылдады. Өйткені, елді басқаруға, пойыз, ұшақтардың уақытын шатаспауға және тағы басқа қызметтерге оңтайлы деп шешті. Біз оған көндік. Бірақ бұл бірыңғай уақыт белдеуіне көшу тиімсіз болды деген сөз емес. Өйткені, олар өзінің табиғи уақытына көшті. Ал батыс өңірі өзінің табиғи уақытынан бір сағат алда. Егер ол жақты да  бір сағатқа шегерейік десе, мен қос қолдап қолдар едім”, деді Болат Нұрқожаев.

ТАБИҒИ УАҚЫТ ЕШҚАШАН ЗИЯН БОЛМАЙДЫ”

Сондай-ақ, ол уақыт белдеуін қайтару мәселесі туындамас үшін министрліктер жұмыс уақытын бір сағат алға жылжыту керегін ескермегенін айтты. 

“Біз бірегей уақытқа көшкеннен кейін білім, еңбек және ғылым министрліктері бірігіп топ құрып, осы мәселені реттеуді бастауы керек еді. Бірақ бұны Сауда және интеграция министрлігіне жүктеп қойды. Сондықтан халықтың арасында дау, түсінбеушілік туындап отыр. Егер сол кезде аталған министрліктер бұл мәселені шешуді, жұмыс пен сабақ уақытын  1 сағат ерте бастауды қолға алса, мұндай қиындық тудырмас еді. Бір сағат ерте басталса, жұмыс та ерте аяқталып, басқа істерге уақыттарын арнай алатын еді. 

Жалпы бұл уақытты табиғи уақытқа сәйкестендірудің мақсаты — адамдардың ұйқыға ерте кетіп, ерте тұруын әдетке айналдыру. Бұрынғы декреттік уақыт ұйқы уақытының дұрыс болмауына әкелді. Бұл балаларға өте зиян. Ол әлем ғылымында да дәлелденген. Оның зияны онкология, рак, жүрек қантамырлары секілді аурулар туғызады. Яғни, адам денсаулығына түрлі зиянын тигізгеннен бөлек, адамдардың сауаттылығын, еңбекке қабілеттілігі мен білім сапасының төмендеуіне соқтығатынын дәлелдеп отыр.

Қазіргі уақыт денсаулыққа зиян дегені қате пікір. Өйткені, табиғи уақыт ешқашан зиян болмайды. Ол қалай зиян болуы мүмкін? Абсурд қой. Табиғи уақытпен, табиғаттың заңына сәйкестікте өмір сүру керек. 

Ал медицинада кешкі 22:00-ден 02:00-ге дейінгі уақыт пайдалы болып саналатыны дәлелдеген. Оған ешкім шүбә келтірмейді . Ерте жатып, ерте тұру пайдалы. Сондықтан ғылыми негізге сүйену керек. Сауалнама жасаудың қажеті жоқ”, - деді қолданбалы хронобиология маманы. 

Одан бөлек, Бауыржан Нұрқожаев қазіргі уақыт белдеуінің дұрыстығын есептеп білуге болатынын айтты. 

“Уақытты өлшеу керегі туралы көп маманның хабары жоқ екен. Мен бірнеше мектеп оытушыларынан сұрап білдім. Бірақ жауап ала алмадым. Осы тақырыпта хабарсыздықтан, көбі қате пікірде.

Дегенмен, қазіргі Астана, Алматы, Шымкент, тіпті, Өскеменнің уақыты өз табиғи уақыты. Оны картадан да, есептеп те білуге болады. Тек Шығыс Қазақстанның үш ауданы Қытай территориясына кіріп жатыр. Бірақ біз оларды төртінші сағат белдеуіне көшу керек демейміз ғой. Өйткені, сағаттық белдеулер шекарасы меридиан бойын тікелей емес, әкімшілік шекаралармен өтуде”, деп сөзін қорытындылады. 

География пәнінің мұғалімі Жакен Нұрхан уақыт белдеуі туралы білім беру география пәнінен 5-6 сыныптардан бастап оқытылатынын айтты. 

“Уақыт белдеулері туралы білім беру мектеп бағдарламасына енгізілген. Қазақстанның мектептерінде бұл тақырыпты әдетте география пәнінен 5-6 сыныптардан бастап оқытылады. Оқушыларға уақыт белдеулері, олардың анықталуы және қолданылуы түсіндіріледі. Бұл тақырып әлемдік уақыт жүйесін және географиялық орналасуды жақсы түсіну үшін маңызды.

Жер шарында уақыт Гринвич меридианынан (нөлінші меридиан) бастап есептеледі. Әрбір сағаттық белдеу шамамен 15° бойлықты қамтиды, себебі Жердің толық айналуы 24 сағатта аяқталады (360° / 24 сағат = 15°/сағат). Гринвич меридианының шығысына қарай сағаттар алға жылжытылады, ал батысына қарай сағаттар артқа жылжытылады. Уақыт белдеулері шекаралары географиялық және саяси себептермен өзгеруі мүмкін”, деді Жакен Нұрхан. 

БҰРЫНҒЫ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ ҚАЙТАРЫЛА МА?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы қазақстандықтар 22 сәуірде Epetition.kz платформасында арнайы петиция жариялады. 

“Біз, Қазақстан тұрғындары, сізден уақыт белдеуін ауыстырмауды сұраймыз! Бұл — адамның биоритмі мен адамның жасанды түрде белгіленген уақыт кестесінің сәйкессіздігін жояды, халықтың көңіл-күйінне әсер етеді және онкологиялық аурулардың, рахит, иммун тапшылығы мен психологияның бұзылу қауіпін азайтады”, делінген петиция мәтінінде. 

 

Бұл петиция туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев егер екі айдың ішінде 50 мың дауыс жиналса, үкіметте қайта қаралатынын айтты. Қазіргі таңда өтініш аз уақытта 43 мың қол жинағанын ескерсек, бұрынғы уақыт белдеуін қайтару мәселесі үкіметте қайта қаралмақ. 

 

Дана Нұрмұханбет

”Адырна” ұлттық порталы 






Пікірлер