"Германияда қазақ қызы жоғалды". Журналист күйеуі мен енесінен зорлық көрген әйел туралы жазды

1905
Adyrna.kz Telegram
Фото: Гүлмира Әбіқай парақшасынан
Фото: Гүлмира Әбіқай парақшасынан

Германияда қазақстандық судья жоғалып кетті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай 8 маусым күні Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

«Германияда қазақ қызы жоғалды! Айгүл Сайлыбаева Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» түлегі. Ол күйеуі Александр Донцовпен бірге 2019 жылы елден кеткен. Өзінен біраз жас кіші, бірнеше шет ел азаматтығы бар күйеуімен әлемнің біраз елінде тұрып келген. Ресей, Американы айналып, соңғы кезде Германияның Бейншейм шаһарына тұрақтаған екен», – деп жазды журналист.

Журналист жазбасында әйелдің 4 күннен бері елдегі туыстарымен байланысқа шықпағаны жазылған. Айгүлді бауыры Қанат Сайлыбаев іздеп шарқ ұрып отыр. Ағасының айтуынша, бұрынғы судья күйеуі мен енесінен шет елде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген.

«Қазір бұл мәселеге СІМ араласты, Бейншейм полициясына арыз берілді. Алайда, күйеуі әйелін көрмедім, білмедімнен әрі аспай отыр. Ал енесі Натальяны неміс полициясының өзі таппай жатыр. Белгілісі, Айгүл мен Александрдың арасында 3 жасар Жаклин есімді қызы бар, ол Германия азаматы. Ал күйеу баланың кім екені, мамандығы мен жұмысы, табысы, жалпы немен өмір сүретінінен қайын жұрт еш хабарсыз екен», – дейді Гүлмира Әбіқай.

Пікірлер