Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салатын заң қабылданды

968
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен букмекерлік орталықтардың ғимараттардағы, құрылыстардағы және көлік құралдарындағы сыртқы жарнамасына, сондай-ақ оларды бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толық тыйым салынды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады.

“Дегенмен букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі. Бұл ретте отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады”, - деді мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар түзетулерде ұялы байланыс операторларына электронды казинолар, онлайн-казинолар, сондай-ақ халықтың абоненттік құрылғыларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын мәтіндік хабарламалар жіберуге тыйым салу көзделген.

Депутаттың сөзінше, жаңа заңда лотерея билеттерін тарату ережелері белгіленді.

“Лотерея билеттерін, оның ішінде электронды билеттерді тек лотерея операторы мен агенті арқылы таратуға болады. Оларды сатуға лотерея терминалдары, стационарлық емес сауда объектілері, пошта операторының пошта байланысы филиалдары және лотерея операторының филиалдары арқылы рұқсат етіледі. Бұл ретте тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, діни ғимараттар мен құрылыстарда лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады”, - деді мәжілісмен.

Пікірлер