Қызыл ту ұстап шығу оған қарсыларды қорлау ма? Депутаттар пікірі 

2231
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Совет одағының туын көтеріп жүрген адамдармен араздасып, әкімшілік жауапқа тартылған Жанболат Шәйзада кеше қамаудан босап шықты. Алматы қалалық әкімшілік соты аталған азаматты "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 5 күнге қамаған болатын.  Мәжіліс депутаттары белсендінің әрекетін әр түрлі бағалады.

Сот шешімінде Жанболат Шәйзаданың "қоғамдық орында жүріп, келе жатқан көліктерді өз бетінше тоқтатып, жанжал шығарып, дөрекілік көрсетіп, балағат сөз айтқаны, көліктен тулардың көшірмелерін жұлып алып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны" жазылған. Бостандыққа шыққан белсендінің өзі эмоцияға берілмей, заң аясында әрекет еткені жөн екенін айтты.

«КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ТУЫН ҰСТАП ЖҮРГЕН ДҰРЫС ЕМЕС»

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовқа «Тәуелсіз Қазақ елінде Совет үкіметінің туын көшеде алып жүру және туды тартып алған Жанболат Шәйзаданы қамау қаншалықты орынды болды?» деп сұрақ қойдық. Депутат Жанболат Шәйзаданың әрекетін азамат ретінде қолдайтынын айтты.

– Бұл жаңалықты әлеуметтік желіден естідік. Бұл мәселені бөліп қарау керек. Біріншіден, бүгінгі күнде Кеңестар одағының туын ұстап жүрген дұрыс емес. Бұл – менің жеке азаматтық позициям. Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстанның өзінің мемлекеттік туы бар. Сондықтан бұл жерде Кеңестер одағының туын алып жүрген дұрыс емес деп есептеймін. Бұл бір. Екіншіден, оның қолындағы туды жұлып алу немесе қарсылық көрсету мақтауға тұрарлық әрекет те емес. Әрине, қазақ азаматы намыстанып туды жұлып алды. Бірақ ол бұл жерде ережелерді сақтап әрекет ету керек еді. Өйткені туды ұстап жүргені үшін әлгі азаматты  Үкіметтің өзі жазалауы керек болатын.  Бірақ оны біздің азамат барып жұлып алды. Бұл жерде біреудің қолындағы затты екіншісі жұлып алу біздің заң бойынша дұрыс емес. Осыған байланысты Жанболат Шәйзада жазаланып отыр. Әйтсе де патриоттық тұрғыдан келгенде мен ол азаматтың туды жұлып алғанын дұрыс деп есептеймін. Бұл азаматтық тұрғыда, ал заңды тұрғыдан ол дұрыс емес. Бұл – менің жеке көзқарасым, - деді депутат Ерболат Саурықов.

«ЕСТЕЛІК РЕТІНДЕ СОВЕТ ТУЫН ҰСТАП ЖҮРУІНЕ БОЛАДЫ»

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов әріптесінің пікірімен келіспейді.

– Менің ойымша, азаматтың туды тартып алуы дұрыс емес.  Себебі ол біреудің жеке затын жыртып тастады. Менің ойымша, ол адам 1945 жылы фашизмді жеңген  Совет үкіметін қайта қалпына келтіруді қалайды дегенді білдірмейді. Біз өткен тарихымыздан бас тарта алмаймыз ғой, дұрыс па? Сондықтан да қандай да бір азаматтың естелік ретінде Совет үкіметінің туын ұстап жүруіне болады. Бірақ олар Совет үкіметін қалпына келтіруді көздейді дегенді білдірмейді.

Кеңес Одағының туы көптеген елдерде ресейлік идеологияның белгісі болып саналады. Яғни, басқыншылықты насихаттау ретінде қарастыратын елдер бар. Еуропада 8-9 мамырда атап өтілген Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына байланысты Берлин полициясы қаладағы және оның маңындағы аудандардағы кеңестік ескерткіштердің жанында ресейлік рәміздерге тыйым салған. Осыны еске салатын сұрақтарға орай депутат мынандай жауап айтты.

– Туды қандай негізде алып шыққанына байланысты ғой. Бұл жерде әр түрлі контекс болады емес пе? Егер адам Кеңес үкіметін қалпына келтіру туралы айтса, менің оған күмәнім бар. Ал адамдар 1945 жылғы соғыстың батырларына құрмет ретінде алып шықса, онда тұрған ештеңе жоқ. Арғы атам Берлинге дейін барып қайтқан ардагердің ұрпағы ретінде мен үшін Совет туы қастерлі болып саналады. Себебі біз кезінде үлкен бір мемлекетте өмір сүрдік және жеңіске бірге жеттік, - дейді Мәжіліс депутаты Никита Шаталов.

«ҚЫЗЫЛ ТУДЫ КӨРГЕНДЕ ҚОРЛАҒАН ӘРЕКЕТ ДЕП САНАДЫМ»

Көлікке Кеңес Одағының қызыл туын тіккен адамдармен жанжалдасып, бес тәулікке қамауға алынған Алматы қаласының тумасы Жанболат Шәйзада 15 мамырға қараған түні тергеу изоляторынан босатылды. Оны Алматы полиция департаментіне келген 50-ге жуық адам күтіп алған.

Ол адамдардың кейбірі Қазақстанның туын көтеріп жүрді.

Ал белсенді «ұсақ бұзақылық» деген айыппен келіспейді, бірақ балағат сөздер айтып, «эмоцияға бой алдырғанын және тәртіпті бұзғанын» мойындап, өкінетінін білдірді.

- Осындай жағдай болды. Бұл саналы түрде жоспармен жасаған дүние емес. Аяқасты бір сәтте болған дүние. Мұндай нәрсе болады деп ойлаған жоқпын. Ол жерде де бізден кеткен қателік бар. Мен оларды тоқтатып, ескертіп «102» шақыруыма болатын еді. Бірақ іште ұлттық намыс жанып тұрды. Қызыл туды көргенде қазақ ұлтын қорлаған әрекет деп санадым, - дейді ол.

Совет Одағы кезінде миллиондаған халқы ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қырылған Қазақстан қоғамында Кеңес символикаларын құрмет тұтатындар да, оны отаршылдық және басқыншылықпен байланыстыратындар да кездеседі.

Шынар Ақжанқызы

Пікірлер