Мұхтар Мағауин. Алтын Орда. Танымдық тауарих. (Жалғасы)

2319
Adyrna.kz Telegram

Мұхтар Мағауиннің "Алтын Орда" романы "Жұлдыз" журналында толықтай жарияланып болды. Қаңтар, ақпан айындағы сандарынан кейін таяуда журналдың наурыз айындағы санында романның соңғы ширегі жарық көрді. Романның алғашқы бөлімдері бұдан алдын "Жұлдыз" журналына cілтеме жасалып, "Адырна" сайтында  жарияланған. Бүгін "Алтын Орданың" кезекті жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.   

 

БАТУ – САЙЫН ХАН

Батыс жорығынан соң

Өкетай қағанның көлденең өлімінен кейін арада жарым жыл өтпей, Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай да дүниеден көшіпті. Енді Бату бүткіл Алтын Ұрықтағы ханзадалар арасында, жасы үлкені болмаса да, жолы ең үлкен, бірден-бір ғұзырлы тұлғаға айналады. Ресми түрде Аға. Оның үстіне, Батыс жорығымен бірге келген абырой, бедел бар. Және жері байтақ, әскері алымды, үлкен ұлыстың әмірі. Ал Түпкі жұртта келесі қаған мәселесі мүлде шешілмеген. Астана Қарақорымдағы орталық билік Төрегене-қатынның ғұзырына өтеді. Бұл заманда төтенше рәсім. Шыңғыс ханнан соң, уақытша болса да бар өкім Бөрте-қатынға ауысқан жоқ қой. Алайда, Алтын Ұрық өкілдері, оларға жалғас алпауыттар тобында ешкім де сөлекет көрмесе керек. Рас, Төрегене Өкетай қағанның бас бәйбішесі емес, бірақ заңды мұрагер саналуға тиіс үлкен ұлдар мен немерелер анасы.

Баяғыда Шыңғыс хан талассыз, ресми мұрагер Жошының тұтқиыл қазасынан кейін ендігі тақ иесін атап айтып, қалған үміткер атаулыдан сенімхат алған. Ал Өкетай қағанның болашақ ізбасар туралы байламы солқылдақ шығыпты. Әуелде, Төрегенеден туған үшінші ұл Күшу, оның мезгілсіз өлімінен соң – немерелердің алды Ширамұн. Әлі де жетісіп піспеген бозбала. Ширамұн болар, туған ұлдардың бірі болар, Төрегененің төтенше билігі асса бірер жылдық, уақытша жағдай саналған.

Ал Төрегене-қатын бірден-ақ қатқыл өкім жүргізе бастайды. Және біржола, берік орныққандай. Еке Ұлыс тағының ең ықтимал мұрагері, үлкен ұл Күйіктің өзі, билік қайда, астана байтақтан шеттеліп, Еміл бойындағы еншілі қонысына барып жатыпты. Ал Өкетай қаған тұсындағы беделді тұлғалардың барлығы дерлік ел тұтқасынан ысырылып, кейбірі әрқилы жазаға тартылады, өміріне қауіп төнген айрықша зорлары әр тарапқа қашып, бас сауғалайды. Ал Төрегене бұрнада астана базарында делдал болған, ақыры қисынсыз жағдайда қаған сарайына кіріс тауып, өзінің айрықша сеніміне жеткен Фатима дейтін сарт әйелді тетелес өкімге жеткізеді. Әлбетте, бұрын-соңды болмаған заңсыздық өрістеп, ұлыстың барлық шаруасы былығып жатыр. Әйтеуір, қарулы күштер қаз-қалпында. Құрамдас аймақтар өз орнында.

Бату Қарақорымдағы қиғылық жағдайға әуелде оншама алаңдамаған сияқты. Керек десеңіз, мұндай бұлағай ахуал Жошы ұлысын ұтысқа жеткізетін. Қажетті, дербес өкім, жаңа құрылым, ішкі шаруалар тұрғысынан алғанда. Бары бауырында, билігіне сырттай тежеу жоқ. Толық еркіндік. Әкімшілік басқару жүйесі ғана емес, бүткіл әскер құрамы өзінің ғұзырында. Бартольдтың айтқаны бар, Жошы қазаға ұшырағаннан соң Батуды ең алдымен Дәшті-Қыпшақ шегіндегі әскер мойындады және мәртебесін көтерді, деген. Сол әскер қазір молыға түскен, һәм Орыс, Қыпшақ майданы, бұларға жалғас Орталық Еуропа жорығынан соң біржола күшейген, және Батуды ұлыстағы бас қолбасы санайды. Қарулы күштер тізгініне жалғас саяси, әлеуметтік өкім де нығая, берки түскен.

Атасы Шыңғыс ханның жол-жобасы, әкесі Жошының үлгі, өнегесіне жалғаса, тиесілі тізгін алған Батудың Еке Ұлысқа тән басқару жүйесі, Жасақ заңының негізінде қандай шаруалар атқарғанын ойша шамалауға мүмкін. Қалыпты жағдай. Жаңа ұлысының іргесін бекіту, әскер ісімен қатар, ішкі мәселелерді реттеу, оның үстіне, түрік текті, түп негізі ғана емес, бар болмысы ортақ, енді еріксіз араласып жатқан қыпшақ һәм татар қауымының бірлігін жарастырып, ынтымағын қалыптастыратын қаншама ұтымды шаруа атқарылғаны күмәнсіз. Кейінгі бір араб тарихшысы әл-Омари долбарлап айтқандай, татар аталатын келгінші жұртты жергілікті қыпшақ қауымының біржола жұтып қоюы емес. Ассимиляциядан тысқары жағдай. Тілі бір, түр-тұлғасы ортақ, дәстүр-салтында айырым аз, бар жағынан үйлес, қандас, өзара туыс рулар тобының қайтадан ұйысуы ғана. Әйткенмен де, Түрік қағанатынан соңғы заманда, ертелі-кеш аралары ажыраған ағайынның бейбіт жағдайда жаңадан тоғысуы үшін ақылды, епті саясат керек еді. Жаулау, бағынышқа түсіру деңіз, қайыра бірігу деңіз, әуелгі, тұтқиыл шапқын кезеңінен соңғы дәуірде қыпшақ-түрік пен татар-түріктің арасында айтарлықтай алауыздық, өзара жаулық түгілі, пәлендей жатсыну ұшыраспағаны бар тарихтан белгілі. Бағзыдағы Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұрдың әйгілі жорығы кезеңінде, ұрыс-соғыстармен қатар, алғашқы ынтымақ та айқын аңдалған. Бұдан соңғы Қыпшақ жорығында да жаппай, жанкешті қарсылық көрінбейді. Ақыры, бүткіл Дәшті-Қыпшақ Еке Ұлыс құрамына қосылғаннан кейін, Бату ханның Батыс жорығына арғы, бергі қыпшақ түгелдей, қадарынша ат салысады. Ал Бату қайтып оралған кезде, Ертістен бастап, Еділден асып, Қарпатқа дейінгі бүткіл Дәшті-Қыпшақ – біртұтас ел, Жошы Ұлысы. Бірегей, түрік текті қауым тұрыпты, түрі де, тілі де бөтен қаншама халық, оның ішінде ормандағы қалың орыстың өзі иіліп тұр. Басқаша қисыны жоқ еді.

Өз жұртында өкімі шектеусіз хан танылған Бату Батыс жорығынан соң, 1243 жылы жазғытұрым Ұлыс шегіне жеткен кезде Орыс елінің негізгі бір басшысы ұлы кінәз Ярослав Ордаға келіп, бодандық ниет білдіреді. Күні кеше Владимир-Суздаль кінәздігін билеген, Коломна түбінде бар әскерінен айрылып, ақыры Сить ұрысында қазаға ұшыраған Юрий Всеволодович кінәздің туған інісі. Ұлы кінәз деген аты ғана, өкімі жалпы жұртқа жүрмейді. Бату Ярославты жақсы қабылдап, оған «великий князь», «старей всем князем в русском языце» – орыс текті кінәз атаулының үлкені, ұлы кінәз деген мәртебе беріпті. Тарихшылардың айтуынша, баяғы Киев Русінің заманынан соңғы дәуірде шартты ғана атақ екен, енді Батудан соң шынымен-ақ ғұзырлы, толық мағынасындағы ұлы кінәз болып шығыпты және тұқым-жұрағатымен одан әрі жалғастық табады. Есебі, ең жоғарғы мәртебелі ұлы кнәзі бастап, бүткіл Орыс елі Жошы Ұлысының толық бодандығын қабылдады деген сөз. Амалсыз десек те, бейбіт түрде, өз еркімен. Әрине, күні кеше жарым жұрты шапқынға ұшыраған Орыс ешқайда кете алмайтын, тізгінін теріске бұрса, әуелгіден әрмен қатал қырғын таппақ, сол себепті, артық қайшылықсыз ноқтаға көну – ақыл ісі болатын. Сөйтіп, ұлы кінәз Ярослав арқылы Орыс елі жаппай бағынышқа келді. Тек Даниил Галицкий кінәздің ғұзырындағы Түстік-батыс Русь жағдайы ғана өзгешерек қалыптасқан – кейде бодан, кейде ұзын арқан, тіпті, өзінше біршама дербес. Әсілі, Дәшті-Қыпшақпен іргелес көрші Орыс қана емес, Қапқаздағы Гүржі патшалығы, Кіші Азиядағы Селжүк сұлтанаты, Қырымдағы шағын Феодоро кінәздігі және Дунайдың арғы етегіндегі Болгар мемлекеті де Жошы ұлысына кіріптар саналатын.

Сонымен, Батудың әуелгі Бұлғар, Орыс, оған жалғас Орталық Еуропа майданынан соң, айрықша талайлы жаңа құрылым – Жошы ұлысының өзіндік шекарасы анық айқындалады. Бодан және жартылай бодан елдерді есептемесек, Ертістен басталып, Еділден озып, бұдан әрі Таң, Үзе дарияларынан өтіп, Қарпат тауларына дейін созылатын, ал түстікте Балқаш көлі, Шудың төменгі ағысы мен Сыр бойы, Арал теңізін етектеп, ежелгі Хорезмді қамтыған, Қапқаз жотасы – Темір-қақпадан өтіп, Қобан, Қырымнан соң  Қара теңіз жағалауы, Дунайдың атырауына дейін жайылып жатқан кең-байтақ өлке – жарым Еуразия, бүткіл Дәшті-Қыпшақ – Жошы Ұлысы Алтын Орданың құтты мекені болып бекіген екен. Жері жайсаң, берекелі, халқы кеуделі, қисапсыз және елдігі мен ерлігіне бүгінгі біздің ақылымыз, қиялымыз жетпес айбынды жұрт, алып мемлекет.

Шырғалаң

Өкетай қағанның өлімі және кешігіп, көп кейін өткерілген Ұлы Құрылтайға дейінгі тұтас бес жыл, яғни, Төрегене-қатын билеген өлара заманда Батудың Дәшті-Қыпшақтағы өкімі ғана емес, бүткіл Еке Ұлыс шегіндегі атақ-беделі де күшейе түсуі анық. Сонымен қатар, бұлғақ шықпаса да берекесіз заманға тоқтау салу, заңды құрылтай мәселесін көтеру де әзірше Батудың назарынан тыс қалғанын көреміз. Қайткенде, ел орнында, азамат күшінде, дәп осы мезгілде өз жұртының қам-қарекетінен маңызды ештеңе жоқ. Бар есеп түзу еді. Алайда, бүткіл Еке-Моғұл Ұлысының шегінде орын алып, күн озған сайын жайылып бара жатқан келеңсіз жағдай бұдан әрі жалғаса бермеуге тиіс. Ел бірлігі әупіріммен тұрған. Іштей божырау мен бассыздық, Жасақ заңының аяқасты қалуы – қатерлі сыпат алған. Ақыры, оңды, солды, әрқилы саяси күштердің, ең бастысы – төрт әулеттің ортақ мәмлесінен соң, Ұлы Құрылтай күні белгіленеді. Енді мұндай заңды жиынды Төрегене-қатынның өзі тоқтата алмайтын еді. Қолынан билік сусып бара жатқанын анық аңдаса да, амалсыз мақұлдапты.

Құрылтай қарсаңында астана байтаққа ең алдымен Шыңғыс ханның еркін, әрі парасатты кенже келіні, Төленің бас бәйбішесі Сұрғақтан-бике келіп жетті дейді. Айрықша сән-салтанатымен, төрт ұлының, таңдама әскер, қаншама мәртебелі ұлықтың қостауымен. Бұдан соң Шығыс тараптан сексен (сексен!) ұлымен Темуге Отшыген-ноян келіп түседі. Бұларға жалғас, ілгерінді-кейінді Шағатай және Өкетай әулеттерінің басты тұлғалары. Әрине, бар тараптан – ұлыстың ұстыны саналатын бахадұрлар мен нояндар, әкімшілік саласындағы ықпалды әмір, алпауыттар. Бұларға жалғас – бодан, жартылай бодан өкімді тұлғалар мен бек, әмірлер, оған қоса, сыртқары, бірақ ниеттес, немесе бейбіт қатынастағы патшалықтар жіберген арнайы өкілдер мен елшілер. Бір сөзбен айтқанда, жарым әлемнің бетке шығар ірілері түгел. Тек... Дәшті-Қыпшақ егесі Бату ғана тартынып қалыпты. Тобанаяқ сырқаты жолға шығуға мүмкіндік бермеген. Әлде шыны, әлде сылтау. Бірақ Ұлы Құрылтайға қарсылығы жоқ, қандай шешім шықса да мақұл екен. Оң ниетін куәландыру үшін қатарынан алты бауырын – Жошы Ұлысын ұстап отырған Орда, Берке, Шәйбан, Беркешар, Таңғұт пен Тоқай-Темір есімді інілерін жіберіпті. Толымды ғана емес, ғұзырлы өкілдер.

Ұлы Құрылтай миләди 1246 жылы тамыз айында өткеріледі. Бұл кезде кемеліне келіп тұрған Еке Моғұл Ұлысының күш-қуаты мен салтанатының айқын көрінісі есепті болыпты. Құрылтайдың ашылуы, барысы мен шешімдері туралы Шығыс деректерімен қатар, дәп осы кезде Қарақорымға келіп, бар тамашаны өз көзімен көрген Карпинидің жазба куәлігі бар. Негізінен айдыны мен сыртқы сыпаты. Ал жабық мәжілістер жөні мұсылман деректерінен мағлұм. Құрылтай айтарлықтай тартысты болмаса да, кейбір кіді мәселелерді өзінше тарқатыпты. Ең алдымен, Өкетай қағанның дүмбілез шешімі теріске шығарылады. Әкелері тірі тұрғанда, балалары бас билікке қол созуы орынсыз деген қисынмен, немере Ширамұнның құқұғы шектеледі. Яғни, алғы қатарда – туған ұлдардың бірі тұруға тиіс. Бұл ретте талас жоқ. Ұлы қағанның тағына лайықты ұл – Күйік деген шешімге тоқтасады. Яғни, Еке Моғұл ұлысының Шыңғыс хан мен Өкетайдан соңғы үшінші қағаны. Біз «Шыңғыс хан» эпопеясының Екінші кітабында (2012 ж.) сыпаттаған, одан көп бұрын «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында (1993 ж.) дәйектеп жазған ежелгі түрік рәсімі бойынша, Күйік сән-салтанатпен таққа отырғызылады.

Күйіктің қағандық өкімі – миләди 1246 жылдың қыркүйек айынан 1248 жылдың көкек айына дейінгі аралыққа сәйкеседі. Жинақтап келгенде, бір жыл, жеті айға толар-толмас азғана уақыт. Бірақ кейінгі тарихшылардың бағамы бойынша, осы бір жарым жыл – Еке Моғұл ұлысына зор апат әкеле жаздапты. Күйік пен Батудың арасы әуелден қырбай екені мағлұм. Енді Күйік бастап, оған қолма-қол қарсы аттанған Бату, яғни Түпкі жұрт пен Жошы ұлысы арасында ғаламат майдан ашылуға тиіс екен. Бүткіл Еке Моғұл империясын саяси дағдарыс қана емес, тікелей азамат соғысы жағдайына түсіретін өзгеше апат. Бұл жосыққа кемеңгер тарихшы Бартольдтың өзі ыңғай берген. Шындығында, біршама кейінгі заман – Күйіктен соңғы ұлы қаған Мөңке мен Сайын хан Бату арасындағы тығыз бірлік нәтижесі, екі тарапты бұдан әрмен жақындастыра түсу үшін, қаған төңірегі ойдан шығарған, қисынсыз ахуал. Бату таққа отырғызса, одан бұрын біз де айрықша қызмет жасағанбыз демек үшін. Міне, қараңыз. Күйік қаған Қарақорымнан аттанған кезде оның шын ниетін аңдаған Сұрғақтан-бикенің Батуға шапқыншы жіберуі, қолма-қол қарсы жүрген Батудың Алатау етегіне жетіп үлгеруі, басқасын былай қойғанда, ешбір мезгілдік есепке сыймайды. Бұл кіді мәселені Шыңғыс хан эпопеясының Төртінші кітабында таратып айтып, нақты дәйектеген едік. Шындығында, Күйік Батуға қарсы аттанған жоқ, денсаулық жағдайына байланысты, өзінің Еміл бойындағы жайлы, атадан еншілі қонысына қарай жүрді және арада қырық күн өтер-өтпесте, жолай ажалға ұшырады. Ал Бату, қисынына қарағанда, қиыр-қиғаш Самарқанд емес, тиесілі жол ұштығы – Алатау етегі Алақамаққа Күйіктің өлімі туралы хабардан көп кейін келіп түсті. Айналасы бірер ай ішінде, суыт жүрістің өзінде үш жарым айлық жолы бар Еділге Күйіктің қатерлі жорығы туралы хабар жетіп, ертеңіне де емес, дәп сол күні Батудың қалың қолмен қарсы аттанып, Алатаудың етегінен шығуы үшін, кем дегенде жеті ай, шындығында, ең шұғыл дегенде сегіз-тоғыз ай уақыт керек болар еді. Біздің басқалар жазған үстірт тарихымызда осындай шалағай байламдар ұшыраса береді. Қайталап айтайық, Күйік пен Бату қаншама қырбай болса да, ұлы империяны азамат соғысына ұшыратар қисын жоқ еді. Бату Күйіктің қаған көтерілуін іштей мақұлдамаса да, қалыпты жағдай нәтижесімен санасқан, әуел бастан атаулы қарсылық танытпайды, сондай-ақ, қаған көтерілген Күйік те Батуға, Жошы Ұлысына қатысты ешқандай көлденең әрекет жасамаған, атаулы жарлығы тұрыпты, тағы бір немере іні Бөрі сияқты, артық-ауыс лепесі жоқ. Күйік қаған бұрнадан белгілі нашар денсаулығын оңдау үшін, ауа райы қолайлы, өзіне үйреншікті Еміл–Ала-көл алқабына тынысқа шықты. Ал Бату Күйіктің ақ-адал ажалынан соң, Ұлыс өміріндегі шешуші кезең қамымен Алатау етегіне келіп жетті, енді осы, Түпкі жұртқа тақау аймақта отырып, Еке Ұлыстың келесі қағанын сайлау қамына кіріскен.

Ал Еке Моғұл ұлысының тарихындағы үшінші қаған Күйікке тағдыр қажетті мұрсат бермеген екен. Бастаған игілікті істерін жеріне жеткізе алмады. Біз бұдан бұрын атап жазған едік: түптеп келгенде, Күйіктің келте қиылған қағандық қызметі оңымен бағалануға тиіс – божыраған ұлыстың бас-аяғын қайыра жинақтады, ұзақ бес жыл бойы орын алған жолсыздықты тыйып, ежелгі Жасақ заңын қайтадан күшіне енгізді, Ұлыстың басқару жүйесін бұрнағы арнасына түсірді, деп. Өзінің алып империя, асқаралы халқының алдындағы борышты қызметін хал-қадарынша, мүмкіндік шегінде, адал атқарып кетті, деп. Ерекше тумысынан емес, Шыңғыс хан құрап, қалыптастырған мемлекеттік жүйені одан әрі жалғастырған себепті.

Алтын Ұрықтың Ағасы

Қайткенде Шыңғыс ханның Жасақ заңын берік ұстанған, ұлы бабаның өсиетін қастерлеп, ұлыстық-мемлекеттік рәсімді берік сақтаған, өзі ұнатпайтын Күйікті заңды қаған деп мойындап, көпе-көрнеу алауыздық, басбұзар әрекеге бармаған Бату енді толық еркіндік алды. Әулет Ағасы ғана емес, бүткіл Еке Ұлыс шегіндегі ең басты тұлға. Бастаушы және бағыттаушы алапат күш.

Бұл кезде құдіретті Шыңғыс хан империясында осымен екінші мәрте қатын-билік орнаған. Күйік қағанның бас бәйбішесі Оғұл-Қаймыш. Бұрнағы Төрегене-қатыннын өктем ғұзыры жоқ, есесіне парықсыз топастығы жетіп артылады. Қайткенде биліктен тайдыру тым қиын саналмаған. Бату қозғау салып, бүткіл Еке Ұлыс шегінде, жаңа қағанды көтеруге тиіс үлкен құрылтайға ашық дайындық және астыртын қам-қарекет басталады.

Алтын Ұрық әулетінің ішіндегі әрқилы келіссөздер ағымында бір жыл өте шығыпты. Айтарлықтай нәтиже жоқ. Керісінше, дүние теріс айналып барады. Жаңа қаған сайлау тұрғысынан ғана емес. Бүткіл Еке ұлыс, атап айтқанда, Қарақорымдағы басқару жүйесі бойынша. Ақылсыз Оғұл-Қаймыш төңірегіне бақсы-балгер жинап алып, бей-берекет күн өткеріп жатыр. Ал Күйік қағанның бел балалары Нақу мен Қожа әрқайсы өзінше әмір сияқты. Қаған міндетін атқарушы шешелерімен келіспей-ақ, екі тарапта мемлекеттік екі кеңсе ашады. Әрқайсы дербес өкім құрып, кейде өзара қарама-қайшы, әртүрлі жарлық шығарып, шар тарапқа жолдап жатады. Сөйтіп, бірегей мемлекет ішінде билікті үш орталық пайда болыпты. Бас уәзір, данагөй Шыңқай қайсын қабылдарын, қайтерін білмей басы қатып отырады екен. Әрине, бар шаруа былығып, ұлыстың әкімшілік қызмет жүйесі дағдарысқа ұшыраған.

Ақыры, Бату бар істің тізгінін жеке өзінің қолына жинақтай бастапты. Іргелі ел бағзы бір кездегідей иесіз қалмауы керек және қиыр Шығыстан көз жеткісіз Батысқа дейін созылып жатқан алып мемлекетті басқару – бала-шағаның күш-қуаты мен ақыл-парасаты жететін оп-оңай шаруа емес, деп ашық айтыпты. Яғни, Өкетай қаған ұлдары үлкен билікке жарамсыз. Ал Шағатай әулеті туралы сөз болуы да мүмкін емес. Шыңғыс ханның екінші ұлы әуел бастан-ақ орталық биліктен тысқары қалған. Сөйтіп, Батудың таңдауы Төленің үлкен ұлы Мөңкеге түседі.

Бату мен Мөңкенің қашан, қалай жақындасып, ортақ тіл тапқаны белгісіз. Бұрнағы білістік өз алдына, Батыс жорығында бірге болды және Мөңке Батуды ашық жақтамаған күннің өзінде, Күйік пен Бөрінің қарсы жанжалынан сырт қалған. Кейінгі тарихшылар айтқандай, екеуінің жаһаттас достығы да сыртқары долбар. Сондай-ақ үлкен ұл Жошы мен кенже ұл Төленің ұрпақтары ортаншы екеу – Өкетай мен Шағатай әулетін биліктен тайдыру үшін одақтасуы да беріден қайрылған ұшқары пікір. Шындығында, кемеңгер атадан соңғы екінші, үшінші қағандар Өкетай мен Күйік әулеті үлкен өкім, мемлекет тағдырын шешетін, ел- жұртты болашаққа бастайтын айрықша қабілеттен тысқары болып шықты. Яғни, Батудың бар ісі – билік жолындағы күрес емес, ұлыстың болашағы туралы тереңінен ойланған қам-қарекет нәтижесі. Белгілі бір әулет емес, бүткіл халықтың мүддесі, мемлекеттік көзқарас бірінші орынға шықты деген сөз. Егер бар кілтипан билік тұтқасында тұрса, дәп осы кезде Батудың өзінің қаған сайлануы оп-оңай еді. Шынында да.

Сөз аяғы созылып бара жатқан соң Бату шешімтал қимылға кіріседі. Төрт тарап, мәнді, мәнсіз, нәтижелі, нәтижесіз келіссөздерден кейін, шамасы 1249 жылдың жазғытұры Кіші құрылтай шақырыпты. Тәрізі, өз иелігі, Дәшті-Қыпшақ даласының шығыс шегінде. Бұл Кіші құрылтайға Шыңғыс ханның үлкен және кенже ұлдарының ғұзырлы ұрпағы түгелге жуық, ал ортаншы екі ұлдың әулетінен санамалы ғана кісі қатынасады.

Мәжіліс басталар-басталмастан-ақ әуелгі топтағы Алтын Ұрық өкілдері, әскербасылар мен шонжарлар Батудың өзіне қолқа салыпты. Шыңғыс ханның алтын тағына бірден-бір лайықты тұлға сенің өзіңсің, қаған көтереміз, деп. Бату бірден-ақ бас тартады. Және ұлы бабаның кенже ұлы Төленің ерекше талайын алға салып, ендігі таңдау Мөңкеге тиесілі екенін айғақтайды. Талассыз ақиқат. Енді Өкетай немерелері – Күйік ұлдары Қожа мен Нақу құрылтайдың аяғын күтпей, ешкіммен қоштаспай, өз ордаларына қайтып кетіпті.

Онсыз да шешіліп қойған мәселе – Бату Мөңкенің айрықша құқұғын біржола дәйектейді. Және көпшілік қауым да осы шешімге тоқтайды. Ақыры, Мөңкенің рәсімді, сыпайы қарсылығына қарамастан, толық келісімін алыпты. Бұдан соң Бату бастаған барлық жұрт баскиімдерін шешіп, кіселі кәмәр белбеулерін мойнына салып, құлдық ұрады және жаңа қағанды мұндағы тақ есепті биіктеу бір тұрғыға апарып отырғызады. Қайырылмас шешім қабылданды. Бірақ бұл – алғашқы қадам ғана болатын. Бар рәсім заңды түрде толық атқарылу үшін, қаған сайлау Түпкі жұртта, Алтын Ұрық өкілдерінің сөзсіз мақұлы, әскербасы және ел ұстаған алпауыт әмірлердің қостауы арқылы ғана жүзеге асуға тиіс.

Бату Ұлы Құрылтай мәселесін саясаты мол, дарынды іні Беркеге тапсырады. Қасына Тоқай-Темірді қосып, отыз мың әскер шығарыпты. Тиесілі сауын айтылады. Алайда, Өкетай мен Күйік әулеті түгелдей, Шағатай ұлдары түгелге жуық мұндай құрылтайды мақұл көрмейді. Батудың таңдауы дұрыс емес, бармаймыз, және біздің қатыс, ризалығымыздан тыс қандай да құрылтай өткерілуге тиіс емес, деп жариялапты. Іс алға жылжымай қояды. Ақыры, құрғақ үгіттен қажыған, шарасыз Берке Батудың өзіне хабар салыпты. Міне, екі жыл өтті, біз Мөңке қағанды заңды тағына отырғызудың жолын таппадық, Өкетай қаған мен Күйік қаған балалары келген жоқ және Шағатай ұлы Есу-Мөңке де шырай бермей отыр... деп. Батудың жауабы нақты, әрі қатқыл болыпты: Сен Мөңкені таққа отырғыз, кім болса да құрылтайға келмеген кісі Жасақ заңы бойынша басынан айрылады – деп.

Сонымен, көп ұзамай-ақ қажетті Ұлы Құрылтай өткеріледі. Төленің үлкен ұлы Мөңке – қаған көтерілді. Рәшид-әд-Диннің дәйектеуінше, хижраның 648-санаты, доңыз жылы, зүлқада айында – миләди 1251, февраль.

Сайын хан

Бату – қаған мәртебесінен бас тартты. Саясат қана емес, қажеттілік. Жарым дүниені алып жатқан Жошы ұлысының бағы басында, халқы мол, байлығы кенеусіз. Мазасыз Қытай шекарасынан аулақ. Әйгілі керуен жолдарының ұзына бойында. Жері шүйгін, ауа райы ұтырлы. Оның үстіне, Батудың өкімі мен дәрежесі, сырттайғы атақ демесек, ұлы қағанмен теңдей мәртебеде. Тіпті, көп ретте Батудың даңқы ғана емес, пысы да артып жатады. Бұл жағдайға жиһанкез, әрі ғұзырлы елші, әйгілі Гильом Рубрук арнайы назар аударған екен. Өзара өкіл алмасқанда, Мөңкенің тікелей иелігіндегі жұртта Батудың кісілерінің қадыр-құрметі артығырақ көрінеді, депті. Ал Мөңкенің өзінің осы Рубрукқа айтатыны бар: «Күннің сәулесі бар әлемді жарық қылып тұрған сияқты, Бату екеуіміздің билігіміз де жер-дүниені тұтасымен қамтып тұр», – дейді. Тепе-теңдік туралы тағы бір сөзі: «Бір баста екі көз бар, екеу болса да көруі, танымы ортақ», – деген. Батыс падишахы Людoвик ІХ-ға жолдаған мәртебелі хатын тапсырып тұрып, осы мемлекеттік мәні бар қатынас қағазын жолай Батуға көрсету қажеті және оның түзету, мақұлынан соң ғана толық күшіне енетінін ескерткен.

Әрине, шартты түрде Мөңкенің дәрежесі жоғары. Бату бұл ретте ешқандай менмен, тасырлыққа жол бермейді. Батыс жұртының тілімен айтқанда, «Татар патшаларын өз қолымен сайлап отырған» Бату Жошы Ұлысына қай тараптан да арнап келген елшілерді міндетті түрде Қарақорымға, Мөңке қағанның алдына бағыттайды. Сөйтіп, Бату заңды өкімге тиесілі құрмет көрсетсе, ресми қаған да Батудың мақсат-мүддесімен үнемі санасып отырған. Кейбір Батыс зерттеушілері бұл кезде Еке Моғұл империясы шын мәнісінде екіге бөлінді деп жазатыны бар. Құқұғы теңдес екі серек шыққандықтан. Анығы – екі бөлек емес, тең дәрежелі екі патша билеген біртұтас мемлекет. Шыңғыс ханның жолы мен өсиетін берік тұтқан, өзара ақылдас, мұраттас бауырлар. Бірақ тағы қаншама қандас бар. Шын мәнісінде туыстық – екінші қатарда. Ең бастысы – ұлыстың айнымас мүддесі, мемлекеттік тұрғы, ендігі заманда бәрі де сыртқы жұрттар тарабынан кейде татар, кейде қыпшақ атанған, нәсіл, тегі ортақ түрік қауымының мерей-мәртебесі, болашақ ұрпақтар қамы.

Алыс астанада отырған, жолы үлкен саналған Мөңке қаған қандай жағдайда да Дәшті-Қыпшақтың ішкі істеріне араласпайды. Атаулы нұсқау, арнайы жарлықтар жоқ. Осыған керісінше, тиесілі тарабында Бату толық еркіндік алыпты. Өз ұлысымен қатар, империя ғұзырындағы бодан аймақтарда жалтақсыз, жеке өкімін жүргізеді. Бүткіл басқару жүйесі, әрқилы кермар жағдайлар шешімі, барыс-келіс, ішкі, сыртқы қатынастар жөні – Батудың тікелей жарлықтары негізінде реттеліп отырмақ. Сол заман тарихшылары куәландырған кілтипан – бодан жұрттағы әміршілер, немесе іргелес аймақтар арасындағы дау-дамай қашанда Батудың жекелей шешімі арқылы реттелген. Сондай-ақ, Жошы Ұлысының өз ішіндегі ханзадалардың атаулы иеліктері, ауыс-күйісі, мәртебесі мен күш-қуаты да Батудың ғұзырында. Тек Батудың ғана ырқындағы әскер күші өз алдына.

Жеке билігін емес, үлкен ұлыс мүддесін бәрінен жоғары қойған Батудың арқасында осы бір алмағайып кезеңде әлемдік Еке Моғұл империясы біртұтас, қуатты және алып мемлекет ретінде салтанат құрып тұрған еді. Шыңғыс хан немересі, Жошы ұлы Батудың соңғы сағатына дейін. Сондықтан да Бату көзінің тірісінде Сайын хан деген мәртебе алды. Тіпті, негізгі ныспысы есепті. Сайын хан – яғни, мейірбан, кең, ізгі, жомарт, ақылман, ғаділ, жарқын хан. Сайын хан! Алтын Орда тарихында, басқа тарихтарда қайталанбаған, сындарлы, ересен есім.

Сайын хан – тек бауырлас төрелер, ұлыс тұтқасы әмірлер мен әскербасы бахадұр, нояндар, бүткіл қарашы қауым қабылдаған һәм жалпылай үйреншікті, ғұзырлы есім ғана емес, бодан және жартылай бодан жұрттармен қатар, іргелес патшалықтар елшілері мен тарихшылары жаппай таныған биік мәртебе. Сайын хан атағы кейде Бату хан есімімен қатарлас қана емес, араб, парсы, армян деректерінде толық ныспы ретінде, жеке-дара қолданысқа да түседі. Ерекше атаққа негіз болған сын-сыпатымен. Көтермеден, жәреукеден тыс, шынайы, ақиқат мінездеме.

Батудың шет жұрттардағы беделі соншама, бүткіл әулетке қатысты, жалпыға белгілі, үйреншікті «Шыңғыс хан үйі» дейтін ұғым енді «Батудың үйі» деп те айтыла береді. «Бұл Бату Татар жұртындағы ең ұлы, ең алпауыт патша», – деп жазады араб тарихшысы Ибн Уәсіл. «Батудың ұлы қаған тағын иеленуге хақысы басқа ағайындардың бәрінен де жоғары болды», – деп айғақтайды, жалғас заманда ғұмыр кешкен, Жошы ұлысына қатысты көптеген құнды мағлұмат қалдырған араб тарихшысы, Мысыр сұлтанының хатшысы әл-Омари. «Бату өте-мөте ғаділ патша болды», – деп жазған әйгілі парсы тарихшысы Жүзжани. «Батуды Сайын хан деп атады. Ол күш-құдіретті, айрықша ықпалды болды және Жошы ханнан соң ұлысты басқарды», – деп жазған мәшһүр Рәшид-әд-Дин.

Жошы ұлысына бодандық жағдайындағы, яғни, коммунистік, советтік ұғым тұрғысынан қарағанда езілуші, жапа шегуші гүржі, армян тарихшылары да Бату-Сайын туралы көптеген ұнасымды лепес, нақты деректер қалдырған. Нақты, ұнасымды ғана емес, бар жағынан жоғары бағалаған, құнды айғақтар.

Грузияның ортағасырлық «Картлис цховреба» – Картли, яғни «Грузия тарихы» шежіресінде: «Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы Жошының (Туши) ұлы Бато – Овсетия, Ұлы Кивчакия, Хазария және Рус жерін билеп отырған, қатарынан озық, асқан ұлы әмірші» деп атап айтады. Тағы бір тұста Батуды: «Кивчакия мен Овсетияны, Рус, Болгарияны, Даруванд пен Хатаети шегіне дейінгі [қаншама жұртты] билеген ұлы каэн» деп сыпаттаған. Осы гүржінің «Хронограф» аталатын қатарлас және бір тарихы «Бату каэннің» жарым әлемде өкім құрып отырған құдіретті хан екендігін неше мәрте қайталап айтады.

Сол тұстағы армян тұма-көздері бір жосын.

Атақты Киракос Гандзакеци таңбалаған «Армения тарихы» Шыңғыс хан дәуіріне қатысты қаншама құнды дерек, тың мағлұматтармен қатар, Бату хан тұрғысында да біршама ақпар береді. Киракостың кейіптеуінде Бату хан – өз заманында алапаты асып, айрықша еңселеніп тұрған ғажайып тұлға. «Солтүстік алқапта, Еділ аталатын түпсіз терең, ұлы дарияның жағасында, сансыз әскерімен жайласқан ұлы қолбасы Батудың «хан әкесі» дейтін мәртебесі бар...» Түрки лұғатты еркін меңгермеген тарихшы барлық деректегі, Батуға тиесілі ака – «аға» сөзін әке мағнасында ұққан сияқты. Бірақ бұдан іс мәнісі өзгермесе керек. Бұл Батудың өкім-құдіреті соншалық, «оның қалауынсыз ешкім де хан тағына отыра алмас еді...», – депті. Кейінгі кезең емес, Күйік қағанның тұсы. Бұдан әрі Батудың гүржі Русудан патшайымды бейбіт жағдайда бодандыққа келтіруі, оның туған ұлы Давидке бейіл беруі туралы айтылады. Келесі лепес – Күйік қағаннан соңғы заман. Әуелгі бір анықтамасын қайталап, тереңдетіп жазған. «Ұлы әскербасы Бату Солтүстік атырапта, Каспий теңізі мен әлемде теңдесі жоқ ұлы дария Еділ бойында өкім құрады... Бату соншама құдірет-күшке жетіп, жұрттан озды, жер жүзін бағынышқа түсірді, қаншама елді кіріптар қылды. Туыстары оны өздерінің бәрінен жоғары санады, өйткені, осы ортадан патшалық тағына хан таңдау – Батудың тікелей жарлығы арқылы ғана жүзеге асар еді...» Бұдан әрі Батудың жаппай өтінішке қарамай, қаған мәртебесінен бас тартып, Мөңкені өз қолымен таққа қалай жеткізгені баяндалады. Киракос Гандзакеци Батудың ересен беделді, құдіретті өкімімен қатар, ақыл-парасаты мен ғаділ билігін де атап көрсетеді. Қаншама жұрт жапырлап алдына баратын, дейді. «Тиесілі иелігінен айрылған, немесе ғұзыры кеміген, әрқилы жапа шеккен патшалар мен патшазадалар, кінәздер мен көпестер шағым айтып келсе, Бату бар істі байыппен шешіп, ғаділ өкімімен тиесілі есесін қайтарып бергізетін, және Батудың осы реттегі жарлық қағаздарын орындамауға ешкімнің де батылы жетпес еді», – деп атап көрсеткен.

Тек Киракос қана емес, басқа да армян тарихшылары Бату туралы тек қана жағымды, оңды лепестен айнымайды. «Бату айрықша мейірбан еді, сондықтан халық оны Сайын хан деп атады», – деген Григор Акнерци. Ал Себастаци Батуды «Солтүстіктің ұлы әмірі, ұлы хан» деп атайды. Өз тарабында Степанос епископ «Солтүстік ханы» деп көрсетсе, Давид Багишеци «атақты Бату хан» деп жазған. Сондай-ақ Вардан Аравелци Батуды «Солтүстіктің ұлы әміршісі» деп айғақтайды. Магакия Абега «Бату өте мейірбан еді, сондықтан халық оны Сайын хан, яғни қайырымды, жақсы хан деп атады», – деген. Және бірқилы көтермелеп, «Сайын хан бұл кезде Шыңғыс ханның тағында отырған еді», – деп жазатыны бар. Әрине, Шыңғыс хан тағы емес, бірақ Батудың өкімі шексіз, күш-қуаты кенеусіз деген мағнада ұқсақ керек.

Бату Батыс Еуропа деректерінде және құрметпен аталады.

Кейінірек жасаған Марко Поло Сайын ханды аса әлуетті әмірші ретінде сыпаттаған. «Батыс Татардың алғашқы патшасы – Сайын болды, – депті. – Бұл, күш-қуаты зор, құдіретті Сайын патша Росия, Комания, Алания, Лак, Менгиар, Зи, Гучия және Хазария жұрттарын бағынышқа келтірді; одан бұрын бұл елдердің барлығы командарға тиесілі болатын», – дейді. (Мұндағы коман – құман, яғни қыпшақ, менгиар – мажар, зич – черкес, гуч – қырымдық гот; аралықтағы алан, лак, хазар жөні түсінікті болса керек.)

Ал замандас есепті Карпини мен Рубрук жақын ортада сырттай естіген нақты мағлұматтармен қатар, Батуды өз көздерімен көрген, алғаш келген бетінде, кейін Қарақорымнан қайтар жолда, алтынды Ордада бірнеше мәрте қабыл рәсімінде болып, тілмаш арқылы тікелей тілдескен.

«Тоссук-кан ұлы Бату императордан кейінгі ең дәулетті, ең абадан тұлға», – деп атап көрсетеді Плано Карпини. Тағы бір тұста: «Бұл Бату – өзі бағынуға міндетті императорды айтпасақ, Татар әміршілерінің бәрінен жоғары және қуатты», – дейді. Ал Мөңке қаған туралы сөз болғанда, оның құдірет-күші «Батудан басқа барлық жұрттан артық» екенін, яғни бұл ретте де Батудың тепе-теңдес жағдайын дәйектеген. «Бату өзінің қарашы жұртына мейлінше мейірбан, сөйте тұра көпе-көрнеу айбынды; соғыс атаулыда көреген, тіпті, айлакер, ал ұрыста айрықша қаһар», – деп сыпаттайды.

Біршама машақат сапардың ақырында Ордаға келіп жеттік, енді азғана бөгелістен соң Батудың дәргейіне қабылдандық, дейді. Біз мәртебелі Папаның арнайы хатын өзімізге тіркелген тілмаштар арқылы орыс, сарацин (яғни мұсылман, бұл ретте парсы) және татар тілдеріне аудартып, жазып, алған едік, дейді. Бату татар тіліндегі қағазды мұқият оқып шығып, ықылас білдіреді. Сонымен, елшілер өз тұрағына қайтады. Ал екінші мәрте, кең көлемді қабыл біршама тәптіштеліп баяндалған.

«Бұл Бату Татар императоры іспетті, сән-салтанат жағдайында ғұмыр кешіп жатыр», – дейді Карпини. Бұдан әрі еңселі, әрі сәнді шатырда қалай қабылдағанын баяндапты. Тақ сияқты биік төрде, әйелдерінің бірін қасына алып отырды, інілері мен ұлдары ортада, төменірек, ұзын сәкілерде жайғасқан, қалған жұрт бұлардың артында, жерде – ерлері оң жақта, әйелдері сол жақта отырды, дейді. Қақ ортаға жозы қойыпты, үсті толы сусын құйылған, алтынды, күмісті ыдыстар. Бату да, басқа төрелер де тек ән айтылып, күй тартылғанда ғана ішеді екен, депті. Біз әуелде елшілерге тиесілі рәсім бойынша, сол жақ қапталда жайғастық, ал [Қарақорымнан] қайтқан жолы үнемі оң жақта отырдық, дейді.

Осы орайда Гильом Рубруктың Бату және оның Ордасына қатысты жазбалары біршама тиянақты көрінеді.

Бату тұтастай алтын шаптырған, кеңіс, ұзыншақ тақта отырды, деген. Қасына ханымдарының бірін алыпты. Қалған [мәртебелі жұрт] оң мен солға, ілгерінді-кейін орналасқан... Шатырға кіре беріске тақау орындықта саба толы қымыз және асыл тастармен безендірілген алтын, күміс аяқтар тұр... [Нөкерлер] бізді шатырдың орта шеніне жетектеп әкеліп, дұғаның бір қайырымындай уақыт түрегеп, дағдарып тұрған соң, құрметті тағзым жасауды сұрады. Әуелі бір тіземді бүктім, содан соң Батудың өзінің нұсқауы бойынша, екінші тіземді бүктім, дейді. Енді Бату бізге қадағалай көз салды, біз де Батуды бажайлап көрдік. Батудың бой-тұлғасы, жаны жаннатта болғыр Жан де Бомон қарайлас сияқты...» (Бұл де Бомон – Франция королі Людовик ІХ-ның дәргейінде жетінші крест жорығына қатысқан әйгілі адмирал екен: тәрізі, бітімі зор, еңсегей бойлы кісі.) «Батудың бет-аузы қызыл таңдақты көрінді», – дейді. Әлдебір ішкі сырқат белгісі. «Мен датымды баяндап болған соң, түрегелуге бұйырды. Біздің аты-жөнімізді сұрады және бар лепесімізді жазып алуға тапсырды. Бірнеше айқындаушы сұрақтан кейін қайтадан отыруға рұқсат етті және қымыз келтіруге шешті. Өз үйінде қымыз ұсыну бұл жұртта үлкен құрмет саналады екен... Бұдан соң... мен төменшіктеп отыр едім, тіке қарауға бұйырды, – әлде менің түрімді анығырақ көргісі келуі, әлде жерге қарау жаман ырым, теріс әдет санағаннан...» – дейді.

Мәртебелі елшілерді Мөңке қағанға бағыттағанда, қажетті барлық жағдайын жасайды, ал Рубруктың өзіне мол, жылы тон бергізіпті, Бату сыйлаған осы тонның арқасында қақаған қыста жан сақтадым, дегені бар. Келесі бір орайда ұлы қаған Мөңкенің өзі Батудың қалауымен сайланды деп атап айтады.

Қарақорымнан қайтқаннан кейін Рубрук Батудың Орда жұртында бір ай шамасында бөгеліп, іргелесе көшіп жүреді. Бүткіл жазбасында Батудың ханға, әміршіге тән артықша тәкаппар, астам кейпі, әлденендей ұнамсыз мінезі туралы сөз жоқ. Әрине, көпе-көрнеу мақтамайды, бірақ атаулы сөздерінен ризашылығы мен қадір-құрметі айқын танылып тұрар еді.

Рубрук Батудың жиырма алты әйелі бар, деген. Табиғи жағдай. Әрине, көпшілігі құма. Рәшид-әд-Дин бойынша, қатын мәртебесіндегі бәйбішелерден төрт ұл туады: Сартақ, Тоқан, Әбукен, Ұлақшы.

Батудың діни нанымы туралы екідай пікір бар. Жүзжани «Бату айрықша ғаділ және мұсылманға дос болды, – деген. – Мұсылман қауымы оның қамқорлығында, еркін, қауіпсіз, барақат ғұмыр кешті, – дейді. – Сенімді кісілердің айтуына қарағанда, құпия түрде мұсылман дінін қабылдаған...» Бірақ бұл сөзге құлай нанбағаны байқалады. «Егер хақ дінді болса, Алланың рахматына бөленсін, гәуір болып өтсе де, сол Алланың кешуіне жеткізсін», – деп түйіндеген. Ал Уассаф Бату «христиан дінін ұстанды», – деп атап көрсетеді. Бірақ бұра тартқан жоқ, ешбір дінге артықшылық бермеді, дейді.

Өз тарабымыздан дәйектесек, Жүзжанидің де, Уассафтың да толғамында сырттай қисын бар. Жасақ заңы бойынша, қандай да діннің қатарынан артық сыпаты жоқ, өзара теңдес, бәрі де құдіретті танудың өзіндік жөн-жобасы. Яғни Бату мұсылманға ықыласты, христианға да теріскей емес. Алдына келген қандай да кісі өзінің дініне деген сый-құрметті анық аңдаған. Осы орайда түйінді сөз Жувәйниге тиесілі деп білу қажет. «Бату белгілі бір дінді ұстанбаған патша болды, ол әрқилы ағым, тариқат атаулының барлығын жаратқанға құлдықтың әр тарап жолы деп қана санады», – дейді. Ұлы қаған Шыңғыстың айнымас қағидасы. Сонымен қатар Бату да ата-баба рәсімі – Тәңірі дінін берік тұтқан. Жүзжани Бату ханның ескілікті моғұл, яғни қадыми түрік салты бойынша жерленгенін атап айтады.

Негізгі бір мұрағаттар куәлігі бойынша, Бату миләди 1255–1256 жылдар жапсарында дүниеден озған. Қашанда дәйекті армян тарихшылары нақты көрсетіпті. «Солтүстік әмірі, ұлы қолбасы Бату армян жыл санауы бойынша, 705 жылдың бастауында қайтыс болды», – деп жазады Киракос Гандзакеци. Бұл деректі Вардан Аравелци нақпа-нақ қайталайды: «Солтүстіктің ұлы падишахы Бату 705 жылы өлді». Бұл «705 жылдың бастауы» – 16 январь, миләди санат бойынша, 1256 жылдың алғашқы айларының бірі, тәрізі, январь мен февраль тоғысы. Көпшілік және қисынды деректерде қырық сегіз жасында ұша барған. Әкесі Жошыдан соң тура жиырма тоғыз жыл өкім құрған екен. Оның соңғы төрт жылында тежеусіз билікке жетті.

Шыңғыс ханның сүйікті ұлы Жошы қазіргі Қазақ жұртының шегінде Қыпшақ ұлысының әуелгі межесі мен өзіндік құрылымын айғақтап үлгерсе, ұлы қағанның озғын немересі Бату болашақ Алтын Орданың іргесін бекітіп қана қоймай, Ертіс дариясынан Қарпат тауларына дейін созылған, жарым Еуразияны қамтып жатқан алып империяның бар тұғырын бекітіп, оның күш-қуатын шарықтау шегіне жеткеріп кеткен екен.

 

(жалғасы бар)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер