Депутаттың түсі. Аккредитация бермеудің астарында не жатыр?

3442
Adyrna.kz Telegram

«Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірген жағдайда» шетелдік БАҚ-ты тіркемеу заң талабына айналуы мүмкін. Депутаттар мұны қалыпты жағдай ретінде көрсеткісі келеді. Ал медиа-маман тәуелсіз журналистер үшін жыл өткен сайын жаңа кедергілер жиілей бастағанын айтады.

Әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаттары Никита Шаталов пен Анас Баққожаевтың даулы ұсынысы қызу талқыланып жатыр. Қос депутат "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деген себеппен кейбір шетелдік БАҚ-қа аккредитация бермеуді ұсынып отыр. Бұл ұсыныс еркін БАҚ-тың жұмыс істеуіне кедергі ме, әлде келелі ұсыныс па?

ДЕПУТАТ 10 ЖЫЛДАН СОҢ ЕСКЕ АЛҒАН ОҚИҒА

Никита Шаталов кейбір шетелдік БАҚ ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін айтады. Әйтсе де ол нақты қай БАҚ-тың қауіп төндіріп тұрғанын ашық айта алмады.

- Мәселе біз айтып отырған ұлттық басымдықтар туралы болып отыр. Аумақтық тұтастыққа қауіп төндіруге қатысты әңгіменің шыққанын білесіздер. Мұның бәрі айтылды. Журналистердің белгілі бір топтары бар... Мен «Медузаны» (Қазақстанда бұғатталған ресейлік медиабасылым) мысалға келтіремін. Олар келіп, қаладағы бір-екі ессіз адамды жазып алып, Қазақстанның шығысындағы халықтың жалпы пікірі ретінде арандатты. Содан кейін мен олармен сөйлесіп («Медуза» басылымымен), неге бұлай жасағандарын сұрадым. Мұндай арандатулар жалғасуы мүмкін. Сондықтан біз соның алдын алсақ дейміз. Кейбіреулер біздің ішкі ісімізге араласқысы келетіні жасырын емес. Ал бұл түзетулерді қолдаған жұмыс тобы бар. Сіз БАҚ-ты жабу туралы айтып отырсыз... Біз ол туралы айтып отырған жоқпыз. Біз біреудің ойына заңнаманы бұзу пиғылы келмесін деп, алдын алу шаралары туралы айтып отырмыз. Арандату фактілері бар, - дейді депутат.

Естеріңізде болса, 2014 жылы ресейлік Meduza.io сайтында 2014 жылы «Өскемен халық республикасы. Қазақстандағы орыстар «сыпайы адамдарды» күте ме?» деген мақала жарық көрген болатын. Бір қызығы бұл оқиға депутаттың есіне арада 10 жыл өткен соң түсіп отыр. Шаталов «Медузаның» ескі жырынан басқа еш мысал келтіре алған жоқ. 

«ШЕКТЕУЛЕР ЗАҢМЕН ҒАНА ЖАСАЛУЫ КЕРЕК»

Депутат Анас Баққожаев та әріптесі Никита Шаталов секілді қай БАҚ-тың Қазақ елінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрғанын ашық айта алмады.

- Мен жұмыс тобының мүшесімін. Мен біраз ұсыныстарды бердім. Қоғамдық көліктерде мемлекеттік арналардың, радиолардың шығу керектігін айттым. Заңның әртүрлі тұстарын өз басым терең зерттеп отырмын. Конституцияның 61-бабына сәйкес, бізде жеке немесе заңды тұлғаларға кез-келген. Ал шетелдік БАҚ өкілдерінің аккредитациясын алар болсақ, ол қазір Сыртқы істер министрлігінің 2016 жылы бекіткен ережесінде ғана бар. Бұл талап заң түрінде әлі бекіген жоқ. Неге бізге Конституцияның нормасын орындамасқа? Сондайда әлгі ережені неге заң деңгейіне көтермеске деген сауал туындайды. Мұндай ұсынысты мен беріп отырмын. Бұл ұсыныстарым ережеден заңға ғана көшіп жатыр. Ол ешқандай қатайған, күрделенген жағы жоқ. Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төну фактілері болған жағдайда СІМ заңға (заң жобасына) сәйкес, ол аккредитация беруден бас тартуына болады, - дейді ол.

Депутаттардың дегеніне салсақ, ұсынған өзгертулер күшіне енсе, сыртқы істер министрлігі “ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда” шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистеріне аккредитация бермеуді ережемен емес, заң талабымен реттемекші.

«БАҚ ӨКІЛДЕРІН ҚОРҚЫТЫП, ҮРКІТУ ТЫЙЫЛҒАН ЖОҚ»

Халықаралық “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау қорының заңгері Ғалия Әженова ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмейтін басқа заң барын айтады. Сондықтан да ол депутаттардың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деген сөзі күлкілі екенін ескертті.

- Қазір біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздік алғалы заңнаманы түзейміз, оны қалпына келтіреміз және Конституцияға қарсы келмейтін жолдарын табамыз деп жүргенімізге 20 жылдан асты. Бірақ осы жылдары журналистердің жұмысын жеңілдеттік деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Керісінше, жыл сайын журналистерге қайта-қайта кедергі жасалып жатыр. Мысалы, халық үшін өте маңызды жағдай болып жатқанда журналистерге билік тарапынан ескерту жасау нормаға айналды. Конституция бойынша демократиялы ел болғанымызбен билік пен құқық қорғау органдарының тарапынан БАҚ өкілдерін қорқытып, үркіту тыйылған жоқ. Айталық, тәуелсіз ақпарат тарататын журналистерге аккредитация бермеу алаңдатарлық жағдай, - дейді ол.

Үкіметтің “Масс-медиа туралы” заңына толықтырулар Азаттық журналистеріне аккредитация бермеу жалғасып жатқан тұста жарияланған. Сарапшылар заңға ұсынылған жаңа толықтырулар сөз бостандығы жайын одан әрі қиындатып, Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралдарының жабылуына әкеледі деп қауіптенеді. 

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер