Түркістанға ерекше мәртебе беріледі

700
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Түркістан ерекше мәртебеге ие болады. Парламент мәжілісінде "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасы ұсынылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"Заң жобасын әзірлеуге Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымымен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы, қаланың тарихи келбеті мен тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды", - деп жазылған хабарламада.

Заң жобасының негізгі новеллалары:

Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру,

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу,

кәсіпкерлер мен қолөнершілерді қолдау сынды өзге де шаралар.

"Қалаға ерекше мәртебе беру Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы, туристер мен қажыларды тарту орталығы ретіндегі әлеуетін жан-жақты ашуға мүмкіндік береді, нәтижесінде бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әрі халықтың өмір сүру деңгейін сапалы жақсартуға мультипликативтік әсер етеді", - деп атап өтті ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Түркістан қаласының мәслихаты қала құрылысы регламентін, қаланың дизайн-кодын, сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, Түркістан аумағында рәміздерді қолдану тәртібін және т.б. бекітеді.

Қала әкімдігіне 3 бағыт бойынша 27 құзырет беріледі. Алғашқысы қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Екінші бағыт – кесененің айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдану.

Үшінші бағыт – туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік тартымдылық орындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағытталған.

Бұдан бөлек, ілеспе заң жобасы әзірленді, оның шеңберінде Жер кодексіне, "ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы", "ҚР туристік қызмет туралы" заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Пікірлер