ЗАИДА ЕЛҒОНДИНОВА: МЕН ЖҰМАТАЙДЫ «ЛӘЙЛӘСIМЕН» БIРГЕ ЖАҚСЫ КӨРДIМ

3627
Adyrna.kz Telegram

Алғашқы таныстық…

Жұматайды ең алғаш көргенiм әлi күнге есiмде. Мектептiң жоғары класында оқитынмын. Жас ақындардың кездесуi болады деп, он-шақты жасты жинап, Әбен Дәуренбеков пен Сәкен Иманасов ағамыз екеуi Алматыға алып келдi. Әрқайсымызды бөлек-бөлек кабинеттерге жинақтап, ақындық тәжiрибе туралы дәрiс оқиды. Бiр күнi дәрiс жүрiп жатқан кезде есiктен сығалап, бiр жiгiт қарап тұрды. Бетi аппақ, қасы-көзi қап-қара, жiгiттiң сұлтаны ма дерсiң. Ондай сұлулық әйел адамдарға сирек бiтедi. Әбен: «Анау сенiң Жұматай ағаң. Бiздiң Талдықорғандiкi. Жүр, таныстырайын»,– дедi. «Әбеке, жiгiттiң сұлуынан қорқам. Өте сұлу адам екен. Жүрегiм дауаламай тұрғаны»,–дедiм. Ол кезде Жұматай КазГУ-дiң студентi екен. Тағдыр деген қиын ғой, арада ұзақ жылдар өткен соң, Жұматай екеумiз кездейсоқ таныстық. Журналистиканы бiтiрiп, Киров аудандық газетiнде жұмыс iстеп жүрген кезiм. Нұрқасым деген бiр жас жiгiт жаңадан қызметке келген. Сол жiгiт жұмысқа тұрған алғашқы күндердiң бiрiнде туған күнiн жасады. «Заида жүр, менiң бүгiн туған күнiм. Жолдастарымның барлығын шақырдым»,–дедi. Өзi келiп шақырып тұрған соң, бармай қалмайсың. Барсам, бөтен адамдар көп емес екен, жалғыз Жұматай отыр. «Мынау Жұматай Жақыпбаев деген ақын ағаң, мен сенi таныстыруға алып келдiм. Өлеңдерiңдi оқып бершi, – дедi. Өзiмнiң екi өлеңiмдi оқып едiм, үнсiз тыңдап отырды да: «Басқа қандай өлең бiлесiң?» дедi. Мен де ақынмын ғой. Ақында мiнез болмаушы ма едi. Өлеңiмдi жақсы деп мақтай қоймаған соң, ренжiп, әдейi өзiнiң өлеңiн оқып бердiм. Жымиып күлдi де: «Мына соңғы өлеңiңiз жақсы екен» дедi. Арада бiраз уақыт өткен. Талдықорғанға бiр шаруалармен келгем. Облыстық «Октябрь туы» газетiн сатып алып қарасам, соңында көңiл айту жүр. Жұматай сол газетте жұмыс iстейтiн. Әкесi қайтыс болғандығы туралы жазылыпты. Редакциясына барып, көңiл айтсам ба екен деп ойландым. Артынан, жiгiт адамға әйелдiң көңiл айтып барғаны ыңғайсыз ғой, кездесiп қалса, айтармын деп өзiмдi-өзiм жұбаттым. Қалада «Кiтап жәрмеңкесi» боп жатыр екен. Соңғы шыққан кiтаптарды қарап, жәрмеңкенi аралап жүргем. Бiр кезде бiреу иығыма қолын салып: – Қария, қалыңыз қалай? – дегенi. Ол уақытта «қария» деген сөз бiздiң арамызда қалжың боп кеткен. Жалт бұрылып қарасам, жымиып қойып Жұматай тұр. – Сәлеметсiз бе? Әкеңiздiң арты қайырлы болсын! – деп қазақшалап көңiл айтып жатырмын ғой. Сөйтiп едiм: – Ақынға ақын осылай көңiл айтушы ма едi, Заида! Сен ақын емессiң бе? Талдықорғанда ол кезде жалғыз «Жетiсу» рестораны бар болатын. Тура сол ресторанның тұсында тұр екенбiз. Сосын өзiм де ыңғайсызданып: «Жүрiңiз, осында кiрiп, әңгiмелесейiк» дедiм. Ресторанда отырып, әкесi жайлы ұзақ әңгiме айтты. «Әкемдi жақсы көрушi ем. Әкем менiң досым, рухани сүйенiшiм едi. Сол сүйенiшiмнен айрылып қалдым ғой, Заида. Сен маған дос, жар болшы»,–дедi. «Дос бол дегенiңiздi түсiнем, жар бол дегенiңiз қызық екен» дедiм күлiп. «Оны кейiн түсiнесiң»,–дедi. Үйге келген соң, болған-жайдың барлығын әке-шешеме айттым. Сөйтсем, әкем шешеме: « Жұматай әлгi Сағади деген кiсiнiң баласы емес пе? Оның өзi серi кiсi едi. Бiрнеше әйелiнен бiрнеше баласы бар деп едi. Бұл өзi некелi әйелiнен туған некелi баласы ма екен. Қызыңа айт, соны әлгi Жұматайдан сұрасын» дептi. Кейiнiрек Жұмекеңмен кездескен кезде, әкемнiң айтқанын сұрап едiм, ол қарқылдап күлiп жiбердi де: «Қорықпа. Әкемнiң өзiнiң ақ некесiнен туған баламын» дедi. Сыбырлағанды құдай да естидi ғой. Несiн жасырайын?! Жұматай екеумiз үйленгенге дейiн, ол да, мен де тұрмыста болғанбыз. Келiншегi тым әдемi болса керек. Жұмекеңнiң онда Ләйлаға ғашық болып жүрген кезi. «Сен Ләйләнi ғана жырлайсың. Неге менi жырламайсың» деп жиi қызғана берген соң, ақырында ажырасып кеткен екен. Сәкен дейтiн ұлы анасымен бiрге кетiптi. Мен де бiр жiгiтпен тұрмыс құрып, «өлең жазбайсың» деп шығармашылығыма бөгет бола берген соң, 11 ай тұрып, кетiп қалғам. Сөйтiп, ер азаматтан түңiлiп жүрген кезiмде Жұматай жолықты. Былай қарасаңыз, екеумiздiң де тағдырымыз ұқсас. Оның да келiншегiнен ажырағанына жетi жыл болған да, менiң де жалғыз жүргенiме сонша уақыт. Екеумiзде де қорқыныш бар. Екеумiз де жүрексiнемiз. «Өмiр сүрiп кете аламыз ба, жоқ па?» деген уайым басым. Бiр күнi түскi астың уақытында екеумiз бiрге шай iшiп отырғанбыз. Сау етiп Жұматаймен бiрге қызмет iстейтiн бiр топ жолдастары кiрiп келсiн. «Екi бiрдей ақын не iстеп отырсыңдар?» деп олар да таң. Ертесiне менi газеттiң редакциясы қызметке алды да, екеумiзге той жасап бердi. Жұматайдан бұрын Ләйләмен таныстым Өлең жазуға құмартқан соң, ақындардың да өлеңдерiн жиi оқимыз. «Мәдениет және тұрмыс», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында, «Қазақ әдебиетi» газетiнде ақындардың жаңа өлеңдерi жиi басылады. Соны iздеп жүрiп оқимыз. Сол жылдары Жұматайдың да «Ләйләға» арнап жазылған өлеңдерi жиi шығатын. Тоғызыншы кластың оқушысы болсам да, ең бiрiншi мен оның өлеңдерiне ғашық болдым. Петрарканың «Лаурасы» сияқты, қазақтың Ләйлә деген қызына ғашық болған қандай жiгiт екен деп ойлайсың.. Әй, қыздың да арманы жоқ шығар деп ойлаушы ем.

Ең бiрiншi Жұматайды емес, Ләйләнi көрдiм.

Балапан Арынова деген нағашы апайым бар едi. Сол кiсi бiр күнi «Менiң Ләйләм келдi. Мәскеуде оқитын едi. Сен бiздiң поэтессамызсың ғой. Үйге жүр» дедi. Алғаш рет «поэтесса» деген сөздi сол кiсiден естiдiм. Дап-дардай қып ақынсың деп тұрған соң, бармай қаласың ба? Нағашы апаммен iлесiп, үйiне келдiм. Ләйлә аппақ, үлбiреген сұлу қыз екен. Ал мен екi бетiм қып-қызыл, ауылдың қызымын. Екi бетiмнен қысып-қысып қойып, «Ой, екi бетiнен шертiп жiберсең, қаны тамайын деп тұр» деп айтқаны да есiмде. Ол кезде ол Ләйләнiң, кейiн маған жар, дос болатын Жұматайдың Ләйләсi екенi сол сәтте бiлгем жоқ. Жұматай екеумiз жүздесiп жүргенiмiзде Қаратал өзенiнiң бойында жиi кездесетiнбiз. Ол өлең оқиды. Өлеңдерiнiң бәрiн жатқа бiлетiн. Бiр күнi сөйтiп өлең оқып отырғанында: «Ләйлә деген кiм?» деп сұрадым. «Он алты жасымда досымды мал дәрiгерлiк оқуға түсiремiн деп, бiрге емтихан тапсырдым. Студенттiк күндердiң бiрiнде кешкiлiк би кешiне бардық. Биге бiр топ қыздар келдi. Сол қыздардың дәл ортасында ай мен күндей бiр қыз кiрiп келе жатты. Мойнында қып-қызыл орамалы бар. Кiрiп келе жатып, бiрден көзi маған түстi. Сосын маған жақындап келдi де, мойнындағы қызыл орамалды менiң мойныма салып, екi ұшынан өзiне қарай тартып, биге шақырды. Би бiлмеймiн. Спортпен айналысам. Боксер болам деп жүрген кезiм. «Бiлмеймiн» деп айтуға тағы ұят. Үндемей тұра бердiм. Сөйтiп едiм, ол ашуланып, жанындағы қыздарға қарады да: «Если он не будет моим, тогда я не буду жить» дедi, қызыл орамалды маған қалдырып, есiктi сарт еткiзiп, шығып кете барды. Үлбiреген аппақ ару қыздың менi ұнатып қалып, осылай сөз айтқанына өзiмдi керемет бақытты сезiндiм. «Ләйләнiң атын шығаратын ақын болам» деп өзiме серт берiп, өлең жазып кеттiм. Бұрынырақта да өлең шимайлайтыным бар едi. Ал өлеңге шындап ден қоюыма Ләйлә себепкер болды. Ләйлә – менiң бақытым да, сорым да, қуанышым да, қасiретiм де болып келе жатыр. Заида, екеумiз тағдыр қосып, үйленетiн болсақ, сен менi Ләйләммен бiрге жақсы көресiң. Ләйлә арабқа тұрмысқа шыққан. Қазiр алты жасар қызы бар. Шiркiн, сол қызды асырап алсам ғой» деп оның армандағаны да әлi күнге есiмде. Алғашында шын мәнiнде Ләйлә Досмұхамедоваға арналып жазылғанымен, кейiн Ләйлә Жұматайдың ақындық мұңының, бүкiл болмысының, өкпе-назының, бүкiл қайғысы мен қуанышының типтiк образына айналды.

Ренiшiмiздi де, өкпемiздi де қағазға жазатынбыз

Жұмекең спортпен айналысатын. Талдықорғанда тұрғанымызда қыстыгүнi қармен жалаңаяқ жүретiн. Көктем келе суық сумен шомылатын. Денсаулығы өте күштi болатын. Тамақты та талғап жеушi едi. Астың көбiн өзi дайындағанды ұнатушы едi. Еттен түрлi тағам жасап, оған «Заида-Жұматай» деп ат қойып жүретiн. Көшеде жүргенде өзiн тым тәкаппар ұстайтын. Ағарып кеткен шашын бояп алып жүретiн. Екеумiз үйден бiрге шықсақ, маған «Сен көшенiң арғы бетiмен жүршi« дейтiн. Алдынан бiреу кездесер ме екен деп ойлап, мен көшенiң арғы жағына өтем. «Үйге келгенде мен сенiкiмiн. Далаға шыққанда мен ақынмын ғой, азаматпын. Сондықтан сен ешқашанда қарсы шықпа»,–деп айтатын. «Менiң өкпем, ренiшiм болады, оны қалай айту керек» десем, «Сен қалам ұстап жүрген ақын емессiң бе? Пiкiрлерiңнiң бәрiн қағазға түсiрiп бер»,–дейтiн. Бiр-бiрiмiзге ренжiсек, қағазға жазып, қағазға ренжитiнбiз. Соның бәрiн жинай берсек, қазiр бiр кiтап шығар едi. Ол кезде жинауды бiлмегенбiз, жыртып тастай берiппiн. Кейiнiрек спортын да, боксын да тастады. 1979 жылы Алматыға көштiк. Кiшкентай балам бар, әрi қызметiмдi тастай алмай, Талдықорғанда қалып қойдым. Қыстың күнi суық сумен жуынатын, шыныққан керемет Жұматай Алматыда менсiз үш жыл тұрғанда күтiмi болмай, бiраз денсаулығын жоғалтып алыпты. Әрi серi жiгiт, әрi ақын, Алматыда жалғыз жүрген соң, қыз-келiншексiз бола ма? Алматыға келген соң, бiр күнi маған: «Жақсылап боянып, шашыңды жөндеп, ең тәуiр киiмдерiңдi ки. Бүгiн сенi баспаға ертiп апарам» дедi. «Жалын» баспасында жұмыс iстейтiн. «Қазiр сенi осындағы қыз-келiншектер көредi. Сенiң жаман шалың үш жыл шыдап жүрдi дейсiң бе? Сенi көрсiн, қарасын, бәрiне шыдауың керек» дедi. Баспаның алдына жақындағанда, менi жалғыз тастап, өзi iшке кiрiп кеттi. Ұзын дәлiздi бойлап, жалғыз өзiм келе жатырмын. Әр есiктен сығалап, бiреулер қарап жатыр. Базардағы ат саудасы сияқты, ат таңдаған сияқты көзқарас. Бөлмесiне келсем, уайымдап отыр екен. «Қалай? Дұшпандардың сынағына шыдадың ба?» дедi. Не айтса да, қалжыңмен жеткiзетiн. Әзiлдеп отырып тiгiсiн жатқыза салушы едi. Алғаш үйленген кезiмiз. Бiр күнi маған «Лағман созып қойшы» дедi. Үйде бұрын тамақ iстеп көрмегем. Әрi әке-шешем еркелетiп, еркек бала сияқты өсiрген ғой. «Лағман созуды бiлмеймiн« десем, «Екi жұмыртқа мен ұн алда илей бер. Мен киноға кеттiм. Келгенше лағман созып қой» дедi де шығып кеттi. Талаптанып, үлкен шелекпен бiр шелек қып лағман әзiрлеп қойғам ғой. Жұматай кiрiп келдi де, әлгi шелектегi лағманды көрiп, «Жақсы болды, дәлiзге шығарып қой. Қыстай осы лағманды жеп шығатын болдық» дедi. Пәтер жалдап тұрамыз. Отты Жұматай жағады. Домбырасын шертiп, төрде жатқан. «Заида, ана отты түртiп жiбершi« дегенi. Отты астынан түртудi қайдан бiлейiн, көсеудi алдым да, үстiнен қозғап-қозғап жiбердiм. Үйдiң iшi қап-қара түтiн болып кеттi. Оның бетi де қап-қара. Менiкi де оңып тұрған жоқ. Орнынан ұшып түрегелдi. Ұрысатын шығар деп ойладым. «Ойпырмай, о заман да, бұ заман, қолдан негр жасағанды бiрiншi рет көруiм» дедi.

Күйлерiнiң көбi насихатталмай қалды

Жұматайдың өлең жазғанының өзi ерекше болатын. Екi-үш күн бұрын дайындалып, қаламын ұштап, даярлап қоятын. Мен кез келген қағазға сары болса да жаза берем. Ал ол болса тек қана ақ қағазға жазатын. Ерте ұйықтайтын. Таң ерте атып келе жатқанда, құстардың даусынан оянып, сұңқылдатып домбырасын шертiп отыратын. Домбырасын шертiп, өзiн-өзi баптай бастағанынан-ақ, өлең туа бастағанын сезем. Күй де шығаратын. «Ләйлә келген», «Заида көрген», «Қажытай», «Жұматай» сияқты төрт күйi ғана есiмде қалыпты. Жұмекең шертпе күйдiң шеберi едi. Бiрақ, күйлерiнiң барлығы насихаттаусыз қалды. Көзi тiрiсiнде Секен iнiсiне бiр-екеуiн тартып берiп жүретiн. 50 жылдығында Секен Тұрысбеков сол күйлерiн орындап бердi. «Ләйлә келгенiн» Қажытай орындап жүр. Онда да толығымен емес. Сол күйдердiң бәрiн таспаға түсiрiп, күйшiлерге берсем бе деген арманым бар. Жырды жақсы айтатын. Таң ата ерте оянып, Тоқтағұлдың жырларын, ақын-жыраулардың өлеңдерiн жырлайтын. Ақын болса да, математиканы жақсы бiлетiн. Орысша, французша таза сөйлейтiн. Жұмекеңнiң Кенежирен деген аты болған. Ауырып, отбасылық жағдайы да себепшi болып, оқуын бiтiре алмай елге келгенiнде әкесi құлын кезiнде сатып әперген екен. Әкесi ауыл кеңестiң төрағасы болатын. «Осы балам менiң атымды шығарады» деп Жұматайға үлкен үмiт артқан екен. Оқудан шығып қалып, елге келгенiнде кiтапханаға жұмысқа тұрғызады. Кiтапханашы болып жүрiп, бүкiл кiтапты оқып тауысыпты. Одан қалған бос уақытын ат баптаумен айналысыпты. Жайлауға шығып, жиренiн баптап, талай бәйгеге қосып, сол бәйгелерден талай сыйлықтар да алыпты. Кейiнiрек жиренiн ағасы сатып жiберiптi.

Сонда ғой: Бес моторлы самолетке баспа-бас,

Бермейтұғын атым едi, қайтейiн?!

Егер ағаларын айырбастай бастаса,

Шора сiздi айырбастар едiм алдымен,–деп әзiл түрiнде өлең жазып жүргенi.

Империя жасаймыз деп қағанат құрғаны бар

Жанына өңкей студент жастарды жинақтап, «Моңғол империясын құрамыз?» деп қағанат құрғаны бар. Қағанат құруының өзi бiр жағынан серiлiгiне жатса, ендi бiр жағынан мұның астарында үлкен ой жатқан сияқты. Жұматайдың жаны жас болды. Өзiмен қатар құрбылары дүниеге мойынсұнып, үй-машина алып жатқанда, ол дүниеге онша көңiл аудара қоймады. Оған ендi жолдастары дос-құрбы бола алмай қалды. Жастардың арасынан өзiне серiк, дос iздедi. Әбубәкiр, Мейiрхан, Бауыржан, Қайрат, Светқали, Темiрлер жанында жүрдi. Сонда ғой, олардың қағанат құрып жүргенi. Ол өзiнiң жастығын жоғалтқысы келмедi. Өмiрбақи жас боп кеттi ғой. Сол кездерi жанында жүрген жас ақындар бүгiнде республикаға танымал белгiлi азаматтар. Оның еркелiгiн ақын ағалары көтердi. Тұмағаң Алматыға келуiне де тiкелей себепкер болып, қасынан бiр елi тастаған жоқ. Өзi «Жалын» журналынан кеткенше, қасынан қалдырмай ертiп жүрдi. Жұматайдың кiтаптарының жарық көруiне Бексұлтан ағаның көп көмегi тидi. Есенбай аға мен ақын iнiсi Байбота Серiкбаев «Кенежирен» жинағын әзiрлеп, баспаға ұсынған. Қазiр кiтаптың алғашқы сүйiншi данасы да жарық көрдi. P.S. Жазушылар одағы мен Алматы қалалық әкiмшiлiгi бiрлесуiмен ақынның алпыс жылдық мерейтойы өттi. Әлi күнге ақынға арнап ескерткiш тақта қойылмаған екен. «Биыл мерейтойы қарсаңында Алматы қаласынан ескерткiш тақта орнатып, Жұматайдың есiмiне көше атын берсе деген үмiтiмiз бар» дейдi Заида апай. Ақынның ай мен күндей қызы – Айкүнi бүгiнде әкесiнiң жолын қуып, өлең жазып жүр екен.

Дереккөз: https://turkystan.kz/article/

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер