«Абайтануға ғылыми бірізділік пен ортақ методологиялық бағыт қажет»

269
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rzZ5cYDi5OGySgFJqRLoVSLWAyPj1trlnLFjYqP6.jpg

Алматыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын қорытындылаған «Абай – менің өмірлік тақырыбым болды…» атты жылжымалы көрме өтті. Абай мен Мұхтар Әуезовтің рухани әрі шығармашылық сабақтастығына арналған бұл экспозицияға 130-дан астам бірегей жәдігер қойылған. 

Көрменің идеялық мәні, ғылыми құндылығы және бүгінгі абайтанудағы өзекті мәселелер жөнінде “Адырна” ұлттық порталы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары әрі көрмені ұйымдастырушы Салтанат Мұқатаевамен сұхбаттасты.

Салтанат ханым, көрмеге ұсынылған 130-дан астам жәдігердің ішінде ғылыми тұрғыдан ең құнды, бірегей дүниелер қайсы және олардың Абай үшін маңызы неде?

–  Көрмеге арнайы 130-дан астам жәдігерлер қойылып, көрермендер назарына ұсынылды. Олардың арасында құнды, бірегей жәдігерлер:  Б.Мүрсейітұлының 1907 жылғы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының «Қазақтың міназлары» қолжазба көшірмесі, М.Әуезовтің ұлы ақын Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты «Абай романы қалай жазылды», «Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай сөйлеген сөзінің»  қолжазба көшірмелері, түпнұсқададағы 1942 жылғы «Абай» романы, 1945 жылғы «Абай», 1948, 1949 жылғы «Абай» романының екінші басылымы, шет тілдеріндегі аудармалары, 1949 жылы «Абай» романына берілген бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық куәлігі мен төсбелгісі, 1959 жылы бірінші дәрежелі Лениндік сыйлықтың куәлігі мен төсбелгісі қойылды. 

Сондай-ақ, көрмеге қойылған жәдігерлердің арасында 1957 жылы ұлы жазушының туғанына 60 жылдық мерейтойына сыйға келген шапандары, киімдері, тұтынған заттары да бар. 

Сонымен қатар, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының баспа өнімдері: М.О.Әуезов шығармаларының толық 50 томдық жинағы, Абайдың 180 жылдығына орай жарық көрген «Абай» шығармаларының академиялық 3 томдығы және «Абай жолы» роман-эпопеясына арнайы салынған график-суретші Евгений Сидоркиннің 30-ға жуық автолитографиясы мен линогравюра туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

– «Абай – менің өмірлік тақырыбым болды…» көрмесінің негізгі идеялық концепциясы қандай және ол бүгінгі көрерменге нені ұғындыруды көздейді?

–  Көрменің негізгі идеялық концепциясы  –  қазақтың ұлы ақыны, хәкім  Абай Құнанбайұлы мен заңғар жазушы, драматург Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, дәріптеу. "Абай жолы"' арқылы ұлттық құндылықтарды, асыл мұраны жас ұрпақтың бойына сіңіру. Көрме көрермендерімізге  тарихымыз бен әдебиетімізден, мәдениетімізден сыр шертіп, баға жетпес мұраны ұмытпау керек екендігін көздейді.

Бұл көрме арқылы Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезов арасындағы рухани әрі шығармашылық сабақтастық қалай ашып көрсетілді?

– Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезов – екі бөлек дәуірдің тұлғалары болғанымен, олардың өмір сүрген тарихи-мәдени кеңістігі бір-бірінен алшақ емес. Уақыт сипаты мен қоғамдық мазмұны өзгеше болғанымен, бұл екі кезең бір-бірімен табиғи түрде сабақтасып, өзектесіп жатыр. Ұлы тұлғалар арасындағы рухани және шығармашылық байланыс терең үндестікте тоғысады.

Мұхтар Әуезов бар саналы ғұмырын Абайдың өмірі мен шығармашылығын тануға, зерделеуге арнады. Оның абайтану ғылымына қосқан үлесін екі ірі бағытта қарастыруға болады. Біріншісі – Абайдың өмірі мен мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, жүйелеген еңбектері, мақалалары мен зерттеулері. Бұл еңбектер Абай тұлғасын терең тануға негіз қалады.

1918 жылы Мұхтар Әуезов Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығарып, оның 12 санын жарыққа шығарды. Аталған журналдың барлық саны бүгінде «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қорында сақтаулы. Көрмеде осы журналдардың көшірмелері көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, Мұхтар Әуезов Абай шығармаларына текстологиялық жұмыстар жүргізіп, ұлы ақынның толық жинағын 1933 жылы дайындап, баспаға ұсынды. Ол Абайдың өмірбаянын төрт рет жазып, әр нұсқасында ақын тұлғасын жаңа қырынан тереңдете түсті. Алғашқы өмірбаян нұсқасы да 1933 жылғы жинаққа енген.

Екінші ірі бағыт – Мұхтар Әуезовтің көркем шығармаларындағы Абай бейнесі. Жазушы Абайдың заманы мен тағдырын, ақындық, ағартушылық және қоғамдық қызметін пьесаларында, опералық либреттосында, киносценарийлерінде кеңінен суреттеді. Бұл қатарда, әрине, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы ерекше орын алады. Жазушының ең ірі шығармашылық жетістігі саналатын бұл туындыны көрмеде қойылған «Абай романы қалай жазылды» атты қолжазбасы арқылы тереңірек тануға болады.

Мұхтар Әуезов Қазақ мемлекеттік университеті үшін арнайы «Абайтану» бағдарламасын әзірлеп, осы бағытта студенттерге дәріс оқыды. Академик Қаныш Сәтбаев «Абай» романына жоғары баға беріп, оны «XIX ғасырдағы қазақ өмірінің шынайы бейнесін танытатын энциклопедия» деп атағаны да тегін емес.

Жазушының «Абай – менің өмірлік тақырыбым болды…» деген сөзі – жай ғана айтылған пікір емес. Бұл сөздің артында ұзақ жылдарға созылған ғылыми ізденіс, терең зерттеу мен өлшеусіз еңбек жатыр. Соның нәтижесінде қазақ руханиятына баға жетпес мұра қалдырылды. Дәл осы себептен де көрме Мұхтар Әуезовтің осы бір тағылымды сөзімен аталды.

– Бүгінгі таңда абайтану ғылымында шешімін толық таппаған қандай өзекті мәселелер бар?

– Абайтану ғылымы – қазақ әдебиетінің іргелі әрі өзекті салаларының бірі. Бұл бағытта шешімін күткен мәселелер аз емес. Қуантатыны – бүгінде елімізде абайтану орталықтары, арнайы бөлімдер мен осы салада жүйелі еңбек етіп жүрген абайтанушы ғалымдар жеткілікті. Алайда осы әлеуетті толық пайдалану үшін өзара бірлесе, үйлесімді түрде жұмыс істеу аса маңызды. Абайтануға бізге ең алдымен ғылыми бірізділік пен ортақ методологиялық бағыт қажет.

Осы тұрғыда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жұмыс істейтін «Абайтану» орталығының атқарып отырған қызметі айрықша. Мұнда білікті, тәжірибелі абайтанушылар еңбек етеді. Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай институт ғалымдарының ұзақ жылдық ғылыми ізденістерінің нәтижесінде ақын шығармаларының академиялық үш томдығы жарық көрді. Бұл басылымда Абайдың қолжазбалары мен бұрынғы жарияланымдарына негізделген терең текстологиялық зерттеулер жүргізіліп, мәтін мазмұндық, құрылымдық тұрғыдан қайта қаралып, ғылыми талаптарға сай толықтырылып, пунктуациясы жаңаша жүйеленген.

Сонымен қатар институттың «Алтын қор» электрондық кітапханасы тұрақты түрде жұмыс істейді. Онда Абайға қатысты барлық басылымдармен қатар олардың факсимиле нұсқаларын да көруге мүмкіндік бар. Бұл – қазіргі абайтану ғылымындағы үлкен жетістік әрі тың мүмкіндік. Сондықтан алдағы уақытта Абай мұрасын зерттеуде осы ғылыми еңбектер мен дереккөздерді негізгі бағдар ретінде басшылыққа алу қажет деп есептейміз.

Абай мұрасын жас ұрпаққа заманауи, түсінікті форматта жеткізу үшін қандай жаңа тәсілдер қажет деп санайсыз?

– Қазір жастар заманауи, көзі ашық, көкірегі ояу, инновациялық кезеңге сай. Сол себепті жастарға ұлы ақынның мұрасын жаңа форматта оқытуға болады. Қазір ұлы ақынның мұрасы, қара сөздері, ән-күй мұрасы электрондық нұсқада бар. Сондай-ақ, ақпарат құралдары, түрлі желілер арқылы ұлы ақын шығармашылығын насихаттауға болады. Одан бөлек,  елімізде ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған заманауи  музейлер, көрме экспозициялар да бар. Музейлер заман талабына сай  QR код, тач-экрандар, аудио құрылғылармен қамтамасыз етілген. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бір дәлелі – бүгінгі жылжымалы көрмеміз. 

Біз жастарға осы құнды мәдени мұраны зерделеуде дұрыс бағыт-бағдар беруіміз  керек деп ойлаймын.

Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында өткізілген іс-шаралар қазақ руханиятына қандай нақты нәтиже берді?

–  «Өткенге тағзым – болашаққа бағдар» қағидасын басшылыққа ала отырып, балалардың тарих пен ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру мақсатында музей экспонаттары жаңартылып, ақпарат жеткізудің заманауи технологиялары енгізілуде, сондай-ақ зиялы қауым өкілдеріне арналған мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл бастамалар тек жастардың ғана емес, сонымен қатар шетелдік қонақтардың да елімізге деген қызығушылығын оятуға бағытталған.

Осы тұрғыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өту – аса маңызды. Абай – қазақ халқының рухани темірқазығы. Ұлы ақын шығармалары адамгершілік, білімге ұмтылу, еңбек пен әділет секілді құндылықтарды дәріптейді. Мерейтой аясында өткізілетін іс-шаралар жас ұрпақтың Абай мұрасын терең танып-білуіне, ұлттық сана мен рухани жаңғырудың нығаюына ықпал етеді.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет

Пікірлер