Алматы облысында Бердібек Соқпақбаевтың ескерткіші бой көтермек. Бұл туралы өңір әкімі Қуат Сұлтанғазив жазушының 100 жылдық мерейтойының салтанатты шарасында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев төл әдебиетіміздің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда әдебиетіміздің біртуар тұлғасы Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойын туған өлкесінде кең көлемді атап өту президенттің руханият саласындағы саясатын қолдау деп білеміз.
Райымбек ауданының орталығы – Нарынқол ауылындағы Бердібек Соқпақбаевтың аты берілетін саябақта жазушының еңселі ескерткіші бой көтеретін болады»,—деді ол.
Әкім алдағы уақытта бұдан бөлек бірнеше жұмыстың атқарылатынын атап өтті.
«Нарынқолдағы Бердібек Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназияға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, мектептегі жазушының музейін заманауи үлгіде жабдықтау, мектеп алдында орналасқан жазушының бюстін қайта жасау сынды бірқатар жұмыстар жоспарланған. Қаламгердің туған ауылы – Қостөбе абаттандырылып, инфрақұрылымы жөнделеді. Бердібектей біртуар жазушыға құрмет көрсету ісі туған ауданымен ғана шектеліп қалмауы керек деп ойлаймын. Мәселен, қалың бұқара қолдап жатса, облыстық кітапханаға Бердібек Соқпақбаев есімін беруді ұсынамын. Бұл бастаманы жауапты мекемелер жыл соңына дейін жүзеге асырады деп үміттенемін»,—деп толықтырды Сұлтанғазив.