Өзбек депутаты елде орыс тілін пайдалануды азайтуды ұсынды

2080
Adyrna.kz Telegram
Сурет: www.istockphoto.com
Сурет: www.istockphoto.com

Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы спикерінің орынбасары, «Миллий тикланиш» партиясының жетекшісі Әлішер Қадыров білім, телевидение және басқа да салаларда орыс тілінің пайдаланылуын қайта қарау қажеттігін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ресейдің ресми өкілдері шовинистердің оғаш қылықтарын айтумен ғана шектеліп отыр. Кейінгі кезде осы тақырыптан басқа әңгімелерді естімейтін болдық. Мұндай жағдайда қарым-қатынасты жақсартудың практикалық шаралары туралы ойлануымыз керек. Мәселен, орыс тілі білім беру саласы мен теледидарда кеңінен қолданылады. Алайда елімізде орыстілді азаматтарымыздың үлесі 3%-ға да жетпейді. Бұл теңгерімсіздікті түзету керек»,—деді ол.

Сондай-ақ Қадыров бастауыш білімді ана тілінде оқытуды заңмен бекіту керек екенін мәлімдеді.

«Қазақ, әзірбайжан, қырғыз, түрікмен, түрік, тәжік ағайындарымыздың телебағдарламаларымен алмасайық. Бұл мәселелерді алдағы фракция отырыстарында талқылайтын боламыз», — деп толықтырды саясаткер.

Еске салайық, бұған дейін ресейлік тарихшы Михаил Смолин «Место встречи» ток-шоуында 1917 жылғы революцияға дейін қазақтар да, өзбектер де ұлт ретінде болмағанын айтқан еді.

Пікірлер