19 қыркүйек күні Адырна ұлттық порталында «СҚО-дағы спорт мектебі 19 955 357 теңгеге 1 дана «қарақұйрық» сатып алмақ» деген мақала жарияланған еді. Сол сыни мақалаға СҚО әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы С.Мелехов жауап берді, - деп хабарлайды Адырна тілшісі.
Аталған мақалада басқарма «Спорт мектебіне қарақұйрық сатып алу» деген атаумен тендер жариялағанын, техникалық сипаттамада мемлекеттік тілде бір ауыз сөз де жазылмағанын, тақырыптағы «қарақұйрық» дегеннің аудармасы микроавтобус екенін, «Тайынша ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» 19 955 357 теңгеге мемлекеттік тілді аяққа таптап, жаңа микроавтобус сатып алғалы отырғанын сынаған едік.
Сынап қана қоймай тиісті мекемеге төмендегі сұрақтарды да жолдадық.
1. Солтүстік Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасында мемлекеттік тілді білетін бірде-бір маман жоқ па?
2. Солтүстіктің шенеуніктері микроавтобусты қарақұйрық деп аударып, қазақ тілін масқараламақ па?
3. Техникалық сипаттамның қазақша нұсқасы неге жоқ? Басқарма мемлекеттік тілді шеттетіп, тіл туралы Заңды өрескел бұзып отырған жоқ па?
Бұл үш сұраққа СҚО әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы С.Мелехов:
«2024 жылдың 11 қаңтарында «Тайынша ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан мемлекеттік сатып алу порталында №11265812-1 «Спорт мектебіне қарақұйрық сатып алу» жөніндегі хабарландыру жарияланған. Хабарландыруды жариялау кезінде «Тайынша ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі конкурстық құжаттамаға техникалық сипаттамасының мемлекеттік тілдегі нұсқасын тіркемей, хабарландыру атауын дұрыс көрсетпеген. Осының салдарынан әлеуетті өнім берушілерді жаңылыстырды.
«Тайынша ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қолданып, көрсетілен сатып алудың күші жойылды.
Алда барлық ескертулер түзетіліп, хабарландыру мемлекеттік сатып алу порталында қайта жарияланатын болады. Көрсетілген ескертулер «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің барлық бағынысты ұйымдарына қарастыру үшін жіберілді, олармен алдағы уақытта жоғарыда аталған фактілердің орын алуына жол бермеу жұмыстары жүргізілді» деп жауап қатыпты.
Микроавтобусты «қарақұйрықпен» шатыстырып, мемлекеттік тілді масқаралап отырған мекеме қызметкерлеріне қандай жаза қолданылғаны жауапта жазылмапты. Сөйтсе де, қателіктің түзетілгені кішкене болса да көңілге медеу...
Қанат Бірлікұлы
Адырна ұлттық порталы