СҚО-дағы спорт мектебі 19 955 357 теңгеге 1 дана «қарақұйрық» сатып алмақ

1310
Adyrna.kz Telegram

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты  «Тайынша ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» 19 955 357 теңгеге 1 дана «қарақұйрық» сатып алмақ, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы https://satypalu.gov.kz/ сайтына сілтеме жасап.

Жалпы құны шамамен 20 миллион теңгеге бағаланған ол қандай «қарақұйрық»? Мемлекеттік сатып алу порталындағы тендер «Спорт мектебіне қарақұйрық сатып алу» деген атаумен жарияланған. Өтінімдерді қабылдау 9 қаңтар күні басталып, тендер жеңімпазы 16 қаңтар күні анықталуы тиіс.

Порталда атауы қазақша берілген тендердің техникалық сипаттамасын қарадық. Ондағы басты мақсатымыз «қарақұйрық» дегеннің не екенін білу еді. Сөйтсек, техникалық сипаттамада мемлекеттік тілде бір ауыз сөз де жазылмапты.

Ресми орыс тілінде ғана жазылған ұзақ мәтіннен ұққанымыз қарақұйрық деген – микроавтобус екен. «Тайынша ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» 19 955 357 теңгеге жаңа микроавтобус сатып алмақ көрінеді.

Тапсырыс орындаушы сыйымдылығы 40 орыннан аспайтын, ұзындығы 6-7,5 метрден кем емес микроавтобусты шарт жасасқаннан кейін 20 күн ішіндежеткізіп беруге міндеттеледі-міс.

Бізді мынадай сұрақтар мазалайды. Солтүстік Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасында мемлекеттік тілді білетін бір маман жоқ па? Солтүстіктің шенеуніктері микроавтобусты қарақұйрық деп аударып, қазақ тілін масқаралағысы келе ме? Техникалық сипаттамның қазақша нұсқасы неге жоқ? Басқарма мемлекеттік тілді шеттетіп, тіл туралы Заңды өрескел бұзып отырған жоқ па?

Бұл сауалдарды тиісті мекемеге жолдадық. Жауабы келген соң, олардың айтар уәжін де оқырман назарына ұсынатын боламыз.

Қанат Бірлікұлы

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер