Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өте ауқымды жұмыстар атқарды. Жақында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматыға келген сапарында бір топ зиялы қауым өкілдеріне, жазушы-журналистерге осы комиссия шеңберінде жинақталған құжаттармен таныстырды.
Комиссия төрағасы Ерлан Қариннің айтуынша, Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ қарасты жабық қорлардағы 2 миллионнан астам құпия құжаттан “құпия” белгісі алынып тасталып, ашық зерттеулер жүргізуге, жариялануға жол ашылған.
Президент архивінде 100 жылға жуық уақытта 700 мыңға жуық іс жинақталса, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өзі жұмыс істеген 3 жыл ішінде 600 мыңға жуық іс-қағаздарды Президент архивіне табыстап отыр. Комиссия үш жылда жинақтаған құжаттар көлемі Президент архивінің 100 жылда жиналған құжат қорымен пара-пар болып отыр.
Айта кету керек, 600 мың іс дегеніміз ол - 600 мың парақ емес. Әрбір іс бірнеше томнан тұруы ықтимал.
Осыдан-ақ мемлекеттік комиссияның жұмыс ауқымын сезінуге болады.
– Мұрағатқа келіп түскен әрбір материалға залалсыздандыру жұмысы жүргізіледі. Мұны жүзеге асыру үшін арнайы аппараттар пайдаланылады. Материалдардың құрамында заттай дәлелдер бар. Тіпті, кейбірінің құрамында улы заттар болуы мүмкін. Сондықтан залалсыздандыру ісінің маңызы айрықша. Одан кейін реставрациялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда мамандар әр қағазды қайта қалпына келтірумен айналысады. Содан соң цифрландырылады. Қазір Мемлекеттік комиссия өзінің жұмысын аяқтағанымен, алда кем дегенде 5-10 жыл ішінде материалдың барлығына залалсыздандыру жұмысы жүріліп, қайта қалпына келтірілуі тиіс.
Қазір жалпы саны 2 миллион құжат құпиясыздандырылса, 600 мыңнан астам іс құжаттары мұрағатқа берілген. Мемлекеттік комиссияның негізгі жұмысы – іздестіру, жүйелеу, сараптама жасау, талдау. Әзірге осы жұмыстар аяқталды. Енді алдымызда ретке келтіру, залалсыздандыру, цифрландыру міндеті тұр. Осыдан кейін ғана тарихшылар мен арнайы мамандар құжаттарға өзара талдау жасай алады, – дейді мемлекеттік кеңесші Е.Қарин.
Зерттеу жұмысы нәтижесінде қол жеткізген тамаша дерек - Әлихан Бөкейхановтың Семейдегі орталыққа жіберген хаты. Одан кейінгі айрықша жаңалықтардың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған шығармасының табылуы.
«Әзір өлмеймін» («Тез өлмен») – Жүсіпбек Аймауытовтың абақтыда жатып жазған өлеңі. Тар қапаста елге деген сағыныш сезімін өлеңмен жеткізген. Ұйқасы мен екпіні жетіспейтін өлең жолдарының Жүсіпбек Аймауытовқа тиесілі екендігіне күмән болған. Бірақ бірнеше институттан құрылған комиссия нақты дәлелдер ұсынып өлеңді Алаш қайтраткеріне жатқызыпты.
Абақтыда жатқан өзге азаматтар шығарманы бір-біріне ауызша таратқан деседі. Ондай жағдайда шығарма белгілі бір өзгеріске ұшырауы да заңды ғой.
Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина баспасөз өкілдеріне зертханадағы реставрациялық өңдеу кезіндегі процесс барысын баяндады.
– Бүгінде 600 мың материалдың ішінде 40 мыңнан астам істі зерттеп, оларға сипаттама жасадық. Бұл бір жыл уақыт ішінде жасалған жұмыс. Архивтік істің өзіндік тәртібі бар. Материалды жабық қордан алғаннан кейін архивтік істің талаптарына сәйкес оларды жүйелеп, реттеп, бір жүйеге келтіреміз, – дейді Президент архивінің директоры.
Әлия Мұстафинаның айтуынша, құнды құжаттар ондаған жылдар бойы өте нашар деңгейде сақталған. Ақырында, 686 істі тіпті қайта қалпына келтіру мүмкін болмай қалған.
“Қабылданған құжаттардың 51 пайызы толық қалпына келтіруді қажет етсе, 47 пайызы ішінара қалпына келтірілуі тиіс. Залалсыздандырылған, қайта қалпына келтіруден өткен құжат қолжетімді болмақ” дейді Әлия Мұстафина.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, зерделенген құжаттар жыл сайын ғылыми жинақ ретінде кітап болып басылып шығып отырмақ. Одан бөлек, арнайы веб-сайт ашылып, сол сайтқа барлық құжаттар электронды түрде жүктеліп, зерттеуші ғалымдарға да, қалың оқырман қауымға да қол жетімді болмақ.
Бұл веб-сайт расында іске қосылса, ел-жұрт қуғын-сүргін тұсында іс-түзсіз кеткен ата-бабалары жайында тың деректерді онлайн түрде оп-оңай табуына жол ашылмақ. Сол күнді асыға күтеміз…
Арман Әубәкір