Ерлан Қарин Мұхтар Мағауиннің қазасына байланысты көңіл айтты

204
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жпзушы Мұхтар Мағауиннің қазасына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Бес ғасырлық жыраулар поэзиясын туған халқының рухани қазынасына қосқан, мың жылдық тарихымызды таңбалап, көркем шежіресін жасаған классик жазушы, халқымыздың біртуар ұлы Мұхтар Мағауин өмірден озды. Тұтас қазақ халқына, жазушының әулеті мен туған-туыстарына көңіл айтамын.
Мемлекет басшысы қаламгердің жары мен балаларының қайғысына ортақтасып хат жолдады, тілеулес пейілін білдірді.

Барша қазақ баласы сияқты біз де бала күнімізден Мағауин шығармаларын оқып өстік. Оның еңсеңді көтеріп, ұлт тарихына мақтанышыңды оятатын рухты шығармаларымен есейдік. Кейін дидарласып, дәмдес те болдық. Қайын атам, белгілі жазушы Дидахмет Әшімхан қаламгермен таныстырғаны есімде. Мұхтар Мағауиннің әйгілі Тоныкөк жазбасына сүйеніп тұрған суреті бар. Құдды бітік тастан тың тыңдап, мың жылдық бабалар өсиетін жүрегіне сіңіріп тұрғандай. Қаламгердің бір ғана бейнесі оның бүкіл болмысын, өмірлік миссиясын ашып көрсетеді. Мұхтар ағаның жарқын бейнесі дәл осы қалпында ұрпақ жадында қалатыны сөзсіз.

Өмірінің соңғы сәттеріне дейін қаламын серік етіп, жазудан танбай өткен классиктың мол мұрасы қашанда туған еліне қызмет ете бермек.

Асыл ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болғай!» – деді Ерлан Қарин.

Пікірлер