Қазақстандық кәсіпкер, меценат, «TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы Дулат Тастекей “қазақ тілін білмейтін адамды өз компаниясына жұмысқа қабылдамайтынын” айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл туралы кәсіпкер өз Instagram парақшасында бөлісті.
“Біздің компанияда қазақ тілін білмейтін адам жұмысқа алынбайды. Бізде мынадай түсінік бар: біз сөйлеп отқан адамнан қазақ тілін 100% талап етеміз. Америкаға, басқа мемлекеттерге барып, ағылшын тілін қисық сөйлесең, саған ешкім күлмейді, сен жақсы сөйлеп тұрсың деп, мақтап, арқаңнан қағып қояды. Біз өзіміздің тілімізді ары қарай дамыту үшін осы қасиетті де ұстануымыз керек. Шынын айтайын, біздің Қостанайдағы, Петропавлдағы кейбір қызметкерлеріміз қазақшаға судай ағып тұрмаса да, өз ойын жеткізіп, қарапайым қызмет түрін көрсете алатындай деңгейде. Дегенмен әдеби тілде шығарма жазып, өлең шығаратын деңгейдегі қазақ тілі жоқ”, - деп айтты кәсіпкер.
Сондай-ақ Дулат Тастекей ана тілімізді үйренуі үшін қызметкерлеріне арнайы қазақ тілі курсын ұйымдастырғанын да атап өтті.
“Қазақ тілін білу керек деген бұйрық, шарт 2020 жылдан бастап кірді. Оған дейін бізге жұмысқа тұрған басқа ұлт өкілдері бар, өзіміздің қаракөздер бар – біз оларға тегін қазақ тілі курсын ұйымдастырып, оларды жылдан-жылға үйретіп жатырмыз”, - деп кәсіпкер ағынан жарылды.
“Адырна” ұлттық порталы