Белгісіз жағдайда қаза тапқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің ең ұзақ атқарған қызметі Алматы қаласының әкімі болды. 10 жыл қала әкімі болған оның осы қызметін қатарластары мен ықыласпен еске алады.
14 қаңтарда Алматыда қоғам және мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың 80 жылдығына орай ас берілді. Аста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли президенттің көңіл айту хатын оқып берді. Хатта президент қайраткердің туған жері Алматы облысының Кеген ауданында ескерткіш, Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату керек екенін айтты. Саясатта биліктен оппозицияға дейінгі жолды жүріп өткен Заманбек Нұрқаділов Алматы қаласын – 10 жыл, Алматы облысын 4 жыл басқарды. Басқа атқа мінерлер сияқты емес, оның шенеунік кезінде де батыл қимылдағанын айтады замандастары.
«АЛМАТЫНЫ ҚАЗАҚЫЛАНДЫРДЫ»
Заманбек Нұрқаділовтың үзеңгелесі болған Жұмаш Кенебай қайраткердің Алматыны қазақыландыруға қосқан үлесі зор болғанын айтады.
– Мен өзім 1991 жылдан бастап Зәкеңнің қол астында жұмыс істедім. Зәкеңнің бір кереметтігі қазақ халқына айрықша қызмет етті. Мысалы, 20 мың қазақ жасына тегін 10 соттық жер беріп, үй салып алуына мүмкіндік берді. Бұл істің басы-қасында өзім жүрдім. «Шаңырақ», «Таугүл», «Алтын бесік» және «Думанның» бәрінен жер беріп, Алматыны қазақыландыруға ат салысты. Зәкеңнің бір кереметтігі «Қазағыма болса екен» деп жұмыс істеді. Сол кездің өзінде іс-қағаздар қазақ тілінде жүре бастады. Әу баста Алматы қаласы әкімшілігіне жұмысқа келген кезде «Мұнда бір дебіреуі қазақша жұмыс істемейді ғой» деп шошып кеткенмін. Аз ғана уақыттың ішінде Алматы қалалық әкімшілігін қазақшаландырды. Зәкеңнің патриоттығы, туған халқына деген махаббаты шексіз болды. Мен ондай бірде бір әкімді, бірде бір министрді көрген жоқпын, – деді ол.
Саясаткер Серік Әбдірахманов та Заманбек Нұрқаділовтың халыққа жер бергенін жоғары бағалайды. Ол осы арқылы Нұрқаділовтің Алматының қазақыланғанын қуаттады.
– «Мамырдағы» үйлерді басып алғанда Заманбек соларды ретке келтіруді маған тапсырған еді. Мән-жайды білгеннен кейін «Зәке, мыналар дайын үйге таласып жүр, түсінуге болады. Жандарына әбден батқан. Азаматтарға жер берейік. Жер берсек, азаматтар үй саламыз деп көңілдері тынышталады» деп ұсыныс айттым. Зәкең бір сөзге келмей қалалық атқару комитетінің басшыларын жинап, жер беру жөніндегі мемлекеттік комиссияның басшысы етіп мені тағайындады. Ал менің жанымдағы желтоқсаншылар мен белсендіжігіттер маған көмекші болып, мыңдаған азамат жер алды. Бір жылдан кейін мен қызметтен кеттім. Кенесары Қаптағаев тікелей Заманбек Нұрқаділовке шығып, кейбір шешілмей жатқан істі реттеп отырды. Заманбектің шешімі мен қолдауының арқасында жаңа мөлтек аудандар пайда болды. Осы арқылы ол Алматыны қазақыландыруға күш салды, – дейді ол.
«НАЗАРБАЕВ ФУРМАНОВ КӨШЕСІН ӨЗГЕРТУГЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ»
Жұмаш Кенебай саясаткердің Алматы көшелерін қазақыландыруға ерекше көңіл бөлгенін ескертті.
– Маған Зәкең «Алматы көшелерін қалай атау керек?» деген мәселені анықтау жөнінде тапсырма берді. Мен қай көше қалай аталу керек екенін жазып бердім. Сол кезде Назарбаев Фурманов көшесін өзгертуге қарсы болды. Мен аталған көшені «Кенесары хан немесе Әлихан Бөкейханға берейік» деп ұсыныс айтқан едім. Бірақ басқа көшелердің бәрін қазақшаладық. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлына арнайы көше берілді. Ұлт көсемінің атындағы көшені беру дау болды. Бізге «Ахмет Байтұрсынов» деп жазып әкеліпті. Сол кезде «Тақтайшаға Байтұрсынов деп жазуғаболмайды, Байтұрсынұлы» деп жазып әкеліңдер»дедім. Сонда «Біз барлық тақтайшаны шығарып қойдық. Оның ақшасын кім төлейді?» дегенде «Сендер төлейсіңдер. Алдын ала неге көрсетпейсіңдер?» деп жауап бердім. Әкімнің орынбасары «Байтұрсынұлының аты-жөніне байланысты Жазушылар одағынан қағаз әкеліңізші» деген соң одақтың сол кездегі төрағасы Қалдарбек Найманбаевқа бардым. Ол ұлт ұстазының аты-жөні «Ахмет Байтұрсынұлы» деп жазып берді. Солай бұл мәселе шешілді, – дейді ол.
Жұмаш Кенебай қанша жылдан бері зар илеп айтып, жазып жүріп қайраткердің 80 жылдығында саяси өзгерістер басталып жатқанын айтады. Әйтсе де ол Заманбек Нұрқаділов қайтыс болғанда бір уыс топырақ салуға жарамаған шенеуніктердің асқа келгеніне таңғалғанын жасырмады.
– Маған мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидың асқа келіп, сөйлегені жақсы әсер етті. Мысалы, өзінің туған жері Кегенауданында ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтылып жатыр. Ал енді менің көңіліме келген бір нәрсе болды, аталған аста жүздеген адам болды. Бұрын Заманбек Нұрқаділовтың атын атауға қорқатындар күні кеше батыр болып шыға келді. Олардың атын атап, түсін түстегім келмейді. Айтсам, дау болады. Кеше Зәкеңді даттағандар аста мақтай бастады. Заманбек қайтыс болғанда жерлеуге келмегендер аста «Заманбек деген керемет еді» деді. Адам деген не деген екі жүзді,ә?! – деді ол.
Серік Әбдірахманов Заманбек Нұрқаділовтың ескерткішімен қатар қылмыстық іс ашылғаны да дұрыс деп есептейді. Себебі ол қайраткердің қазасы ескерусіз қалмауы керек деген пікірде.
– Қазір қарапайым азаматтар әкім мен министрлерге кіре алмайды. Қаңтардан кейін көп әкімдер халыққа адал қызмет еткісі келеді. Бірақ тағайындалған әкімдердің тағдыры сол, олар көп нәрсені шеше алмайды. Жауапкершілікті мойнына ала алмайды. Халық қазір Заманбек секілді азаматтарды сағынып отыр. Отыз жыл бойы халқын ойлайтын азаматтардың Назарбаевтың ұры жүйесі жоқ қылды, – деді ол.
Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы