Кенесары Қаптағаев қайтыс болды

4849
Adyrna.kz Telegram
фото: alashainasy.kz
фото: alashainasy.kz

Кенесары Қаптағаев дүниеден озды. Бұл туралы Серік Әбдірахманов фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Ол ұлтжанды, мемлекетшіл, елінің нағыз патриоты еді. 90-шы жылдардың басында Кенесарымен екеуміз Алматы қалалық атқару комитетінде Заманбек Нұрқаділовтің қоластында қызмет еткен едік. Сол кезде Горбачев бастаған «перестройка» бытықы-шытықыға айналып, КСРО ыдырап, биліксіздік жайлап кеткен болатын. Барлық жерде демократиялық күштер бас көтерген. Биліктегілер біресе Мәскеуден жалтақтап, біресе оянған халықтан қорқақтап, не істерін білмей отырды. Міне, осындай сәтте қайсар мінезді Заманбек-батыр ұлт қамын ойлап, әлеуметтік, идеология саласына басшылық етіп жүрген Кенесары Қаптағаевтің бастамаларына қолдау жасады, соның арқасында Алматының біраз орталық көшелеріне қазақша атаулар берілді. Алматыдағы «жетім бұрыш» атанған қиылыста топырлағандар мен пәтерден пәтерге көшіп жүрген баспанасыздарға Кенесары ұйытқы болып, бірнеше қоғамдық ұйымдардың дүниеге келуіне көмегін көрсетті. Бұлардың БАҚ арқылы ақылмен жүргізген түсініктеме әрекеттері, алаңдарда өткізген бейбітшіл ереуілдері көпшіліктің көңілін өздеріне бұрды. Бұны себеп етіп Заманбек Қалабайұлы қолданыстағы жер қатынастарына байланысты ережелерге өзгерістер енгізіп, Алматы қаласында ұзақ уақыт тұрып, баспанасыз жүргендерге үй салу үшін жер телімдері берілсін деген шешімін шығарып, бұны жүзеге асыратын мемлекеттік комиссияның басшысы етіп мені тағайындады. Кенесары Қаптағаев, қоғамдық ұйымдардың өкілі Жеңіс Сабрайымов пен тағы басқа белсенділер қалалық атқару комитетінің бөлімдерімен бірігіп азаматтардың арыздарын қабылдап, егжей-тегжейлі құжаттарын қарап, ұсыныстарын маған беріп отырды. Мыңдаған жер телімдері панасыз қаңғырып жүргендердің иелігіне өтті. «Шаңырақ», «Бақай», «Думан» тағы басқа мөлтек аудандар пайда болды, Науа көшесінің бойында жаңа үйлер салынды. Кенесары мен Жеңіс бастаған команда өз қызметтерін биік кәсіби деңгейде, аттарына бір жаман сөз келтірмей орындады. Бір де бір наразылық олар үстіне түспеді. Бір жерден шатақ шықпады. Белсенділердің бірі маған келіп өздеріне жер сұрамады. Кенесарының адалдығы оларға үлгі болды. Мен аталған жұмыстардың басында 1 жыл ғана істеп, басқа жұмысқа ауысып кеттім. Кенесары баспанасыздардың мүддесі үшін жылдар бойы күресте болды. Біздің комиссия шығарған шешімдерге комитетінің хатшысы мөр бастырмай, созбалаққа салған кезде ол Зәкеңе тікелей барып кертартпаларды орындарына қойғанын білемін.  «Тек орысша сөйлейтін радио, телеарналармен 15 жыл соттасып жүріп, қазақшалап шықтым…», - деп бір сұхбатында айтқаны бар Кенекеңнің. Ұлт мүддесі тұрған жерде ол кері қайтпайтын мінезді жігіт еді. Мен оған айтатынмын әкеңе қатты ұқсаған скенсің деп. Мұхамәділ ағамыз соғыста айып батальонындағы барлаушылар тобына командирі болып, «Ерлігі үшін» (За Отвагу) медалімен үш рет марапатталған. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ол кісі ұсынылып, жұлдыздың орнына айып батальонының жауынгеріне тек медаль ғана берген. Батыр ағамыз 1953 туған ұлын Кенесары деп атауы да жүрегінің түгі барды білдірмей ма… Кенесары ұлт намысын қорғап, өмірін ел мүддесіне арнады, әкесінің үмітін ақтады. Марқұмның жанұясына, жақындарына шын жүрегіммен көңіл айтамын. Кенесары мәңгі менің жүрегімде!», - деп жазды Серік Әбдірахманов.

Айталық, Кенесары Қаптағаев  «Желтоқсан көтерілісі» ҚБ тең төрағасы,  «Ұлт дабылы» қоғамдық қозғалысының жетекшісі болды.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер