NIS ұстазы педагогикалық идеялар фестивалінің жүлдегері

8841
Adyrna.kz Telegram

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі Мерей Кәкен Республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауының жүлдегері атанды.

Байқау Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетте «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам үздік мұғалімдер өздерінің зерттеулерін ұсынды.

Математика пәнінің мұғалімі Мерей Кәкен ұстаздар қауымына математикадан білім беретін веб-сайтты ұсынды. 224.kz - өзін-өзі оқыту алаңының атауы.

2020 жылдың көктемінде кеңінен белең алған пандемия бүкіл әлемнің білім беру жүйесі үшін ауыр сынаққа айналды. Мектеп оқушылары қашықтан оқуға мәжбүр болды. Дәл сол кезде ұстаздың ойына тек веб-сайт қана емес, YouTube- арна құру идеясы келді.

Ұстаз жасаған IT өнімдері талдықорғандық оқушыларға ғана емес, еліміздің барлық оқушыларының «математика» пәнін меңгерудегі ассистенті әрі танымал білім беру алаңдарының біріне айналды. Мерей ағайға 8 мыңнан астам адам жазылып, бейнероликтер 733 мыңнан астам рет қаралған.

Жоба педагогикалық идеялар байқауында екінші орынға ие болды.

— Бұл сайт оқушылардың математикалық білімін көтеру үшін құрастырылды. Оқушылар кез келген уақытта өзіне керекті тақырыптар бойынша жеке жұмыс жасай алады. Оқушылардың тақырыптарды іздеуіне қолайлы болу үшін видео сабақтар сынып және бөлім бойынша жинақталды. Әрбір тақырыпқа сәйкес теориялық видео, оқушылар орындайтын жаттығулар және өзін-өзі тексеруге арналған тест сұрақтары бар, — дейді Мерей Кәкен.

Байқау ұйымдастырушылардың айтуынша, педагогикалық идеялар фестивалі қазылар алқасымен, басқа мұғалімдермен кәсіби деңгейде қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Өйткені, заманауи мұғалімдер өзгермелі жағдайларға үнемі бейімделуі керек. Мұның бәрі мұғалімнен үнемі тұлғалық және кәсіби өзін-өзі дамытуды талап етеді. Ал мұғалім тұлғасының ажырамас құрамдас бөлігі – шығармашылық. Шығармашыл мұғалім – балаға өзін-өзі жүзеге асырудың өзіндік жолын табуға көмектесетін, тәуелсіз және өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуына көмектесетін зерттеуші.

Пікірлер