Астаналық жігіт ерекше электрскейт жасап шықты

1769
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hKvosEW0RlRpA6hoSmM1GDQVe5Pl6CQJiGaxXV5G.webp

Әлеуметтік желіде елорда көшелерін өз қолымен жасаған электрбордпен аралаған жігіттің видеосы тарады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Tengri Life-қа сілтеме жасап.

28 жастағы Арыстан тіпті қыс кезінде де көшеде жүре алатын электрскейт нұсқасын жасаған. Айтуынша, ол бұл көлік құралын екінші жыл қатарынан қолданып келеді.

Өнертапқыш қазіргі таңда инженер-жобалаушы болып жұмыс істейді.

«Бұл — толықтай авторлық жоба емес, көбірек ыңғайлылық пен сенімділікті арттыруға бағытталған тюнинг. Скейт қолыма өте нашар күйде түсті . Оны түгелдей бөлшектеп, ұсақ бөлшегіне дейін ауыстырдым. Жинауға шамамен бір апта кетті. Кейбір бөлшектерді 3D-принтермен басып шығардым, қалғандарын әртүрлі жерден тапсырыспен алдым. Құрылғы пульт арқылы басқарылады, онда газ және тежеу тетіктері бар», — дейді ол.

Арыстан үшін гаджеттерді жасау мен жетілдіру — жан тыныштығы. Ол негізгі жұмысының техникалық әрі шығармашылық күшті көп қажет ететінін, сондықтан кейде рухани демалыс ретінде осындай іспен айналысуды ұнататынын мәлімдеді.

Бір қызығы, Арыстанның әлеуметтік желілерде жеке парақшалары жоқ. Айтуынша, оған уақыт жетіспейді.

«Жұбайым үнемі: «Блог жүргіз, сенде қызық жұмыс бар ғой, күрделі нәрселерді қарапайым тілмен жақсы түсіндіресің»,– дейді. Әзірге ойланып жүрмін», — деді Арыстан.

Келешекте ол жаңа құрылғыларды құрастыру мен жасауды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Пікірлер