Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бас хатшысы ҰҚШҰ-ның 2024 жылға арналған басымдықтарын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның 2024 жылы ұйымға төрағалық ету кезеңіндегі басымдықтарына тоқталды. Айтуынша, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2023 жылғы қарашадағы сессиясының шешімдерін іске асыру Қазақстанның әскери құрамдас бөлігін жетілдіру бойынша жаңа көпқырлы міндеттерді көздейді»,—делінген баспасөз хабарламасында.
ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы, генерал-полковник Андрей Сердюков жыл қорытындысы бойынша өткен жиында 2023 жылғы маңызды бағыттардың бірі дағдарысқа қарсы әрекет ету жүйесін жетілдіру екенін мәлімдеді. Генерал-полковниктің сөзіне сүйенсек, ол 2024 жылы да өз жалғасын таппақ. Бұдан бөлек Сердюков биылға арналған басым міндеттердің қатарында ҰҚШҰ-ның әскери құрамдас бөлігін дамытуды реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, ұйым хатшылығымен және қорғаныс ведомстволарымен бірлесіп жұмысты жалғастыру, жоғары сапалы дайындықты ұйымдастыру бар екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы басталғанын жазған едік.