30 қараша күні Адырна ұлттық порталында «Астрахандағы Астраханка Аяз ата мен Ақшақарға 1 млн 666 мың теңге бөлді» деген материал жарияланған еді. Аталған мақалаға қатысты Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жауап берді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталының тілшісі.
Астрахан ауылы Ақмола облысындағы Астрахан ауданының орталығы саналады. Халқының саны 6 мың адамнан сәл асады. Ауылда 2 жалпы білім беретін және музыка мектебі, 5 балабақша, кәсіптік-техникалық училище, мәдени-спорт кешені, мәдениет үйі, кинотеатр, 7 кітапхана, 3 емдеу-сауықтыру мекемесі, тарихи-өлкетану мұражайы, қонақ үйі, т.б. бар. Яғни, порталымыз бар болғаны 6 мың тұрғыны бар ауылдың жаңа жылдық мүсіндерге 1 млн 666 мың теңге бөлгенін сынаған еді. Сонымен қатар, тілшіміз Ақмола облысының мемлекеттiк сатып алу және коммуналдық меншiк басқармасына:
«1. Аудан орталығы саналатын ауылдық әкімдік қардан жасалатын бар болғаны 8 мүсінге 1 666 964 теңге қаржы бөлуі қаншалықты ақылға сиымды? Бұл бюджет қаржысын оңды-солды шашу емес пе?
2. Астрахандық шенеуніктердің алда келе жатқан тәуелсіздік мерекесін аттап өтіп, жаңа жылға дайындала бастауының астарында не жатыр?» деген сауал жолдаған болатын.
Біздің Ақмола облысының мемлекеттiк сатып алу және коммуналдық меншiк басқармасына жолдаған сауалымызға "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті" РММ (бұдан әрі - Департамент) жауап беріпті:
«Ақмола облысы Астрахан ауданы Астрахан ауылының орталық алаңында Жаңа жылдық қалашықты жайластыру" Мемлекеттік сатып алу бойынша ҚР Мемлекеттік веб-порталын зерделеумен Департамент жоғарыда көрсетілген сатып алу тәсілін: «баға ұсыныстарын сұрату» жүзеге асырғанын анықтады.
«Астрахан ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – ұйымдастырушы, Тапсырыс беруші) және «Жақсы ауданының Жақсы ауылы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – ұйымдастырушы, Тапсырыс беруші) ұйымдастырушы және Тапсырыс беруші болып табылады.
№11083997-1, №11136062-1 Мемлекеттік сатып алулар бойынша Департамент, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғаны анықталған жоқ.
Сіздің сұрауыңызда көрсетілген басқа мәселелерге қатысты жоғарыда аталған сатып алуды ұйымдастырушыға/Тапсырыс берушіге жүгіну қажет екенін хабарлаймыз. Өйткені, сұрауыңызда баяндалған мәселелер Департаменттің құзыретіне кірмейді».
Сырғыма жауапта біз көтерген мәселе департаменттің құзіретіне кірмейтінін айтыпты. Біздің Ақмола облысының мемлекеттiк сатып алу және коммуналдық меншiк басқармасына жіберген хатымыз Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне қалай барғаны түсініксіз. Сонда да ақыры жауап берген екен, бюджет қаржысын бөліп отырған орган мен тапсырыс берушіге сұрау салып, хатты соларға бағыттауға болмас па еді?
Қанат Бірлікұлы
Адырна ұлттық порталы