Астрахандағы Астраханка Аяз ата мен Ақшақарға 1 млн 666 мың теңге бөлді

5998
Adyrna.kz Telegram
Фото: 365info.kz
Фото: 365info.kz

Ақмола облысының Астрахан ауданының Астрахан ауылдық округі әкімдігі Астраханка ауылының орталық алаңына қардан жасалған Аяз ата мен Ақшақардың  мүсіндерін қою үшін бюджеттен  1 666 964 теңге қаржы бөлді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Астрахан ауылы  Ақмола облысындағы Астрахан ауданының орталығы саналады. Халқының саны 6 мың адамнан сәл асады. Ауылда 2 жалпы білім беретін және музыка мектебі, 5 балабақша, кәсіптік-техникалық училище, мәдени-спорт кешені, мәдениет үйі, кинотеатр, 7 кітапхана, 3 емдеу-сауықтыру мекемесі, тарихи-өлкетану мұражайы, қонақ үйі, т.б. бар.

Тендер «Ақмола облысы Астрахан ауданы Астрахан ауылының орталық алаңында жаңа жылдық қалашығын жайластыру» деген атаумен 27 қараша күні жарияланған. Мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы 4-желтоқсанда анықталады.

Техникалық сипаттамада «Ақмола облысы Астрахан ауданы Астрахан ауылдық округінің Астраханка ауылының орталық алаңында Жаңа жылдық қалашықты жайластыру жөніндегі жұмыстар» деген тақырыппен бөлінген қаржыға қар фигураларын жасау қажеттілігі көрсетілген.

Қардан жасалған «Аяз Ата» (фигураның биіктігі кемінде 1,75 м), "Ақшақар” (фигураның биіктігі кемінде 1,65 м), астына қойылатын тұғырдың өлшемі Аяз атанікі 0,8 м х 0,8 м, Ақшақардікі 0,1 м кем болмауы керек.

Сонымен қатар, тапсырыс орындаушы Ақшақар мен Аяз атаның айналасында әртүрлі жануарлардың қар фигураларын (6 дана) дайындауға міндетті.

Аудан орталығы саналатын ауылдық әкімдік қардан жасалатын бар болғаны 8 мүсінге 1 666 964 теңге қаржы бөлуі қаншалықты ақылға сиымды? Бұл бюджет қаржысын оңды-солды шашу емес пе?

Астрахандық шенеуніктердің алда келе жатқан тәуелсіздік мерекесін аттап өтіп, жаңа жылға дайындала бастауының астарында не жатыр?

Бұл сұрақты тиісті мекемелерге жолдадық.

Қанат Бірлікұлы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер