Қазақстанда қолма-қол төлем ғана қабылдайтын кәсіпкерлерге айыппұл салынады

2126
Adyrna.kz Telegram
Сурет: halykbank.kz
Сурет: halykbank.kz

Қазақстанда қолма-қол төлем ғана қабылдайтын кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Кәсіпкерлердің төлем карталарын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады»,—деп түсіндірді басқарма.

Айтуларынша, мобилді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған.

«Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобилді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Мемлекет барлық мобилді аударманы тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобилді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі»,—деп толықтырды комитет.

Бұдан бөлек басқарма кәсіпкер қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартса, қайда жүгінуге болатынын айтты.

«Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет»,—делінген хабарламада.

Пікірлер