Шығыс Қазақстан облысында балағат сөз айтқан ауыл тұрғыны қамауға алынды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
YK-news.kz сайтының ақпаратынша, Шемонаиха аудандық ауруханасына ауыл тұрғыны аяғынан жарақат алып келген. Әйел жедел жәрдем бөлмесіне жеткізіліп, басқа науқастармен бірге тексеруді күткен. Осы уақыт ішінде ол қоғамдық орындарда әдетке жатпайтын сөздерді пайдаланып, наразылығын білдірді. Аурухана қызметкерлері көмек сұрап полицияға жүгінуге мәжбүр болды.
Ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік іс қаралған Шемонаиха аудандық сотында заң бұзушының көпшілік алдында балағат сөздер айтқаны үшін жауапқа тартылуы жыл басынан бері бірінші рет емес екені белгілі болды. Сот әйелді үш тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Айта кетейік, наурыз айынан бастап, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске балағат сөздер айтқаны үшін жазаны қатайтатын түзетулер күшіне енген болатын.
Мұндай әрекет үшін 20 АЕК (69 мың теңге түріндегі жаза) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алады.