Ақтөбелік шендінің емеуріні: Екі сұраққа бір сөйлеммен жауап...

1667
Adyrna.kz Telegram

Адырна ұлттық порталында «Бәрі де жаяулар үшін. 11 өткелді жарықтандыруға 17 млн теңге бөлінді. Бұл көп пе, аз ба?» деген материал жарияланған еді. Сол мақалаға "Ақтөбе қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" жауап берді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.

Аталған материалда тілшіміз 17 млн теңге бөлінген тендер құжаттарындағы бірқатар кемшіліктерді сынаған болатын. Мәселен, тендердің техникалық сипаттамасында керекті құрал-жабдық сатып алу туралы ештеңе көрсетілмегені айтылды. Сондай-ақ, техникалық сипаттамада "Құрылысқа байланысты емес, сатып алынатын жұмыстардың техникалық ерекшелігі" деген сөйлемнен жеңімпаз компания сатып алынып қойған дайын материалдарды орнатып шығу жұмысына ғана міндеттеліп отырғанын жазғанбыз. Яғни, тапсырыс орындаушы 17 млн 244 мың 591 теңгеге бар болғаны 11 жаяу жүргіншілер өткеліне электр бағаналарын орнатып, жарық жалғап береді деген сөз. Көрсетілген соманы 11-ге бөлсек, бір ғана жаяу жүргіншілер жолына электр бағандарын орнату жұмысына 1 млн 567 мың 690 теңге қаржы жұмсалады екен.

Портал тілшісі осындай мәселелерді айта келіп: тиісті мекемеге екі сауал жолдаған:

1. Жаяу жүргіншілер жолын жасау, жарықтандыру қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін өте қажет. Бірақ, Ақтөбе қаласындағы жаяу жүргіншілердің 11 өткелінің үстіне жарықтандыруға арналған бағандарды орнату үшін бюджеттен 17 млн 244 мың 591 теңге ақша бөлу көп емес пе?

2. Техникалық сипаттамада жұмысшылардың алатын жалақысы ғана көрсетілген. Сол жалақы 251 мың 197 теңге деп белгіленіпті. Яғни, 17 млн 244 мың 591 теңгені игеріп, 11 өткелді жарықтандыру үшін кемі алпысқа жуық маман жұмысқа тартылуы керек деген сөз. Сонда ақтөбеліктер 11 дана жаяу жүргінші жолын жарықтандыру үшін алпыс маман тарта ма?

Бұл сұрақтарға «Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-сі басшысы Болат Серіков  былай деп қысқа жауап қатыпты.

«Хатыңызда көрсетілген 11 жаяу жүргінші өткеліне 22 дана жарықтандыруды сметалық құжаттама арқылы жұмыстар жүргізіліп, қондырылғандығын хабарлайды. Жауаппен келіспеген жағдайда, 2020 жылғы 29 маусымдағы №350-VI ҚР "Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі" Кодексінің 91-бабына сәйкес, сіз жоғары тұрған органға шағымдануға құқығыңыз бар».

Баспасөз өкілінің екі сұрағына «Хатыңызда көрсетілген 11 жаяу жүргінші өткеліне 22 дана жарықтандыруды сметалық құжаттама арқылы жұмыстар жүргізіліп, қондырылғандығын хабарлайды» деген бір сөйлемдік жауап беру Ақтөбе қаласы шенеуніктерінің салғырттығы ма? Жоқ, әлде «Бюджет ақшасын қалай жұмсасақ та өзіміз білеміз. Жауап та бермейміз» деген емеуріні ме? Бұл арасын түсіне алмадық. Түсінгеніміз Ақтөбелік мемлекеттік мекеме он сұраққа да бір сөйлеммен жауап беруге қабілетті екен. Ақорда жиі айтатын «Еститін үкімет» деген осы болса керек. Естиді, бірақ жауап бергісі келмейді...

Қанат Бірлікұлы
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер