Павлодар қаласының тұрғыны ұрланған көлігімен полицияның көзінше аялдаманы бұзып, дүкенді ойрандап кетті, деп хабарлайды «Adyrna» ұлттық порталы.
Павлодар облысының полиция департаментінің хабарлауынша, Павлодар қаласының тұрғыны 1 қаңтар күні таңғы сағат 07.30-да мас күйінде Академик Бектұров көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан «Газель» автокөлігін айдап кеткен. Содан Нұркина көшесімен келе жатып, жол белгісін, аялдаманы және дүкен ғимаратын соққан.
«Жүргізушіні жақын маңдағы полиция қызметкерлері ұстады, тексеру барысында оның жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Көлік ішінде 17 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірім болған. Жүргізуші сараптамадан өтіп, Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқық бұзушы жүргізуші куәлігінсіз мас күйінде көлік жүргізгені үшін 20 тәулікке қамауға алынды.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік арнайы автотұраққа қойылды.