Мафия ісіне қатысты тергеу. Италия полициясының экс-басшысы өлі табылды

124
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UgCAQrLdcfjfm8ZyxeFd10SHxig08GZ7wDFGfxgR.jpg

Италия полициясының бұрынғы басшысы Джанни Де Дженнаро Тоскана аймағындағы Гроссето провинциясының Монтияно елді мекеніндегі саяжай үйінен өлі табылды. Ол 78 жаста болған. Бұл туралы La Repubblica жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басылымның мәліметінше, оның денесі 21 қараша күні таңертең табылған. Ал Де Дженнаро 20 қараша күні кешке қарай байланысқа шығуды тоқтатқан.

Де Дженнароның өлімі Кальтаниссетта прокуратурасының тергеу материалдары жарияланғаннан кейін бір апта өткен соң болды. Тергеу аясында полицияның бұрынғы басшысы 1992 жылғы 19 шілдеде Виа д’Амелио көшесінде болған терактіні тергеуге кедергі келтіруге әрекеттенді деген күдікке ілінген еді. Сол кезде мафиямен күрескен судья Паоло Борселлино мен оны күзетіп жүрген бес қызметкер қаза тапқан еді.

Де Дженнаро 2000-2007 жылдары Ұлттық полиция басшысы қызметін атқарған. Италияның қауіпсіздік қызметіндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі болған ол ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте, әсіресе 1980-1990 жылдары Сицилиядағы «Коза Ностра» мафиялық ұйымына қарсы жүргізілген науқанда маңызды рөл атқарған.

Тергеушілер судьяның жеке жазба кітапшасының жоғалуына назар аударып, полицияның бұрынғы басшысының үйіне тінту жүргізген. Осыдан кейін Де Дженнаро барлық байланысын үзген.

Газеттің хабарлауынша, Де Дженнароның үйінде Гроссето прокуроры мен карабинерлердің ғылыми-криминалистикалық бөлімшесі — RIS қызметкерлері жұмыс істеген. Гроссето прокуратурасы өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу дерегі бойынша тергеу бастаған.

Де Дженнаро өмірден өтер алдында отбасы мүшелеріне хат қалдырған. Сондай-ақ соңғы күндері айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын барынша шектеген. Бұрынғы шенеуніктің таныстары оның өмірінің соңғы күндерінде «көңілсіз әрі тұйық болғанын, біз білетін бұрынғы қалпына мүлде ұқсамағанын» айтқан.

Пікірлер