Түркістан облысында тербелмелі мұнара болғаны анықталды. Жергілікті ұсталар салған тербелмелі мұнара әлемнің 37 кереметінің біріне баланған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.
Ақпаратқа сәйкес, тербелмелі қос мұнара Түркістан облысының Сауран қалашығының маңында тұрғызылған. Жел болып, боран соқса 14 метрлік биіктіктегі мұнара тербеліп тұрған. Сондай-ақ, ішінде ілулі тұрған бөренені қозғалтса да төбесі 1 метрге дейін қозғалған. Жергілікті ұсталар бұл таңғажайып туындыны тұрғызуға өңірдегі қамыс пен саз балшықты пайдаланыпты. ХVІ ғасырға тиеселі нысан сәулеттік сипатымен сол кездегі тұрғындарды таңқалдырған. Тіпті, әлемнің 37 кереметінің біріне баланған.
«Мұнараның 4 метрлік іргетасы қыштан қаланған. Ол тепе теңдікті ұстап тұрған. Оның бетіне дөңгелек табақша іспеттес етіп құм төселген. Содан қамысты өртеп, соның күлін лайға қосып, цемент жасаған. Мұнараның астына монолит қыш қалаған. Қабырғаны да бір қатар етіп қышпен қалап шыққан. Биіктеу тұсына көлденең етіп үлкен ағашты қалап кеткен. Соған шынжыр байлап, жерге тиер-тимес етіп 3 метрлік ауыр бөренені іліп қойған. Кейіннен іргетестағы құмды алып тастағанда мұнараның астыңғы бөлігі найза тәрізді болып қалған. Ал, ішіндегі ілініп тұрған бөренені тартып тұрып жіберіп қалғанда мұнара шайқалған» - дейді археолог-тарихшы Марат Тұяқбаев.
Тарихшылар Сауран өңірінде тербелмелі мұнара екеу болғанын айтады. Оның бірінің ішінде жоғары көтерілетін баспалдақ салынған. Имамдар сол арқылы мұнара басына шығып, азан шақырыпты. Ал, екінші мұнарада баспалдақ болмаған.
«Мұнараның астынан қараған адамға 50-60 см қимылдап тұрғандай әсер берген, Ал, үстіндегі адамға тербеліс бір метрдей сезілген. Екі мұнараның биіктігі бірдей болған. Сәулеттік нысан 1560 жылдары салынса, 1878 жылдары бұзылып кетті» - дейді Марат Тұяқбаев.
Қос мұнара тұрған аймақ 1866 жылдары таспаға түсірілген. Бұл сурет Өзбекстан архивінде сақталған деген дерек бар. Онда қолына кетпен ұстаған белгісіз бір адамның мұнараның кірпіштерін қиратып жатқан бейнесін көруге болады.