Сүймеген әйел - жаңбыр жауып тұрғанда қолшатырың жоқ екенін білсе, тастап кетеді...

6858
Adyrna.kz Telegram

Күн 

Егер шындап қажетсінсең, көлікті сатып, жаяу жүріп те үйренесің, таңғы бесте оянып, қантсыз шай ішуге де төзесің, тамақты тұзсыз жеуге де бейімделесің. Төсекке жалғыз жатып, қолыңмен жаныңдағы адамды іздеуді де доғаратын күн туар... Әлі сол үшін өзіңе рақмет айтасың. Себебі, бір күні осылай өмір сүрген өзіңе ұнайтын болады. Сырты бүтін, іші түтін өмірден осы жалғыздық жайлы бола бастайды. Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді деуші еді ғой... Ақырындап қоршаған ортаның өзгергеніне де үйренесің. Кезінде «сенсіз өмір сүре алмаймын» деп өлердей сүйген адамсыз да өмір сүріп жатасың. Сүресің. Қолдан келгенше. «Сенсіз өмір жоқ» дейтін адамдардың бәрі ауаға сіңіп, жоқ болып кеткендей көрінеді. Ал сен тіп-тірі, жап-жас, денің сау, басың аман, шапқылап, өмір сүріп жатасың. Ары қарай жылжи бересің. Қантсыз шай қаншалықты пайдалы екенін білесің. Миыңды жейтін қырттар жоқ өмір тамаша екенін түсінесің. Ғаламда орны толмас дүние жоқ. Кеткен/жоғалған/өлгеннің бәрі басқасымен ауыстырылады. Ғалам ары қарай тіршілік етеді, тыныстайды, дамиды, ең бастысы – жаңа өмір дағдысына бейімделеді. Алайда Ғалам үшін орны толса да маңызы ортаймайтын құбылыстар бар, мысалы - Күн. Бұл отты жұлдыз өзіне адал, үнемі жарқырып, көкжиектен түспейді. Он сегіз мың Ғаламның бүтіндігіне үлес қосады. Менің не айтпағымды түсіндің бе? Сенің адамыңды басқамен ауыстыруға болмайды, ол Күн сияқты өз принципіне адал күйде, орбитасынан айнымай, таң атқан сайын жарқырап, сенің үйіңе шұғыласын төгіп тұрады. Оны жоғалтып алам деп еш қорықпайсың. Қорқыныш сыйлаған адам сенікі емес.

Сүйген әйел

Әйелдің қалағаны азаттық та, таңдау еркі де емес-ті. Оның іздегені қайсар жігіт, тиянақтылық. Әйелдің болмысы сан түрлі, түсініксіз болуы мүмкін. Дегенмен азаматтан ол тұрақтылық пен махаббатты іздейді. Әйел заты әр сәтте оған сенімді, оған керекпін дегенге сенімді болуы тиіс. Әрдайым. Қазіргі заманда әйел атаулы азамат деген атқа лайық жан бар дегенді естісе, ол үшін шөл даланы жаяу кезіп, теңізді кешіп өтуге әзір. Әйел үшін ең қымбат сый - ықылас. Үздіксіз ықылас. Сүйген әйеліңді әрқашан сыйлап, сүюің керек. Шындап келгенде, дос, таныстың бәрі жағдайың жақсы кезде жаныңнан табылатыны сөзсіз. Ал басыңа күн туғанда, қасыңда қалатыны сүйіктің ғана. Өзгелер саған қолдау керек кезде аяқ астынан жоқ болып кетеді, жаныңда қалатыны - сол ғана. Ер адам әйелдің денесіне қол тигізгенде - тәнін таниды. Жанын дір еткізгенде - Бақытты таниды. Сүйген әйел азаматының соңынан ереді. Соқыр, мылқау, ақымақ болады. Бірақ жердің қиырына бастаса да, соңынан ереді. Қандай күнде де қасынан табылады. Сүймеген әйел жаңбыр жауып тұрғанда қолшатырың жоқ екенін білсе, тастап кетеді.

Өзгеріс 

Мейірім мен махаббат адамды жақсы жағына қарай өзгертеді деген сөз бар. Шын өмірде бұл жүзеге аспайтынымен қоймай, тіпті керісінше әсер етеді. Әлі есеймеген, еркетотай, осал, дұрыс қарым-қатынас құра білмейтін серігіңе білдірген махаббат пен мейірім оны өзгертпек түгілі, жаман мінезін асқындырып жібереді. Сені жоғалтып алуға шын қорыққанда ғана адам өзгереді. Тек ол өзгеріп бастағанда қолдап, мақтап отыруды ұмытпағайсың. Мақтау сол сәтте ғана лайық жемісін бермек.
Алайда мұндай адамдар "сенің сынап-мінегеніңе бола өзгергім келмейді" деп қырсығады. "Алдымен мені жақсы көр, сосын өзгерем" деп күпінеді. Мұнысы елес қуу. Сенбе.

Шынар ӘБІЛДА

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер