Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Сыртқы істер министрлігі Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялауды жүзеге асырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бүгін арнайы эвакуациялық бортпен 99 жолаушы – Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Алматы қаласына аман-есен ұшып келді.
Әуежайдағы барлық міндетті рәсімдерден өткеннен кейін эвакуацияланған азаматтарға уақытша баспана беріліп, оларға қажетті құқықтық, медициналық және өзге де көмек көрсетілуде.
Сәтті іске асырылған эвакуациялау Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Мысырдағы Елшіліктерінің осы елдердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесі»,—деп түсіндірді Сырты істер министрлігі.
Қазақстандық дипломаттар қақтығыс аймағында қалып қойған Қазақстан азаматтарына көмек көрсету және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.