Израиль әскерлері Газа қаласына толыққанды шабуыл бастады

829
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HCzTzS6LX9cVmBJawDOXlASo1KPXxMN7hcSGDvqc.jpg

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа қаласына ауқымды әскери операцияның басталғанын растады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

 «Біз Газада қуатты операцияны бастадық», – деді ол сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сотқа кірер алдында.

Израиль әскері түн бойы Газаға әуе соққыларын жасап, таңғы уақытта қалаға құрлық әскерін кіргізді. Jerusalem Post пен Axios басылымдарының хабарлауынша, Израиль мақсаты – бүкіл қаланы толық бақылауға алу.

Палестиналық тараптың мәліметінше, соққылардан қаза тапқандар мен жараланғандар саны өсіп жатыр. Израиль танктері қала орталығына дейін енгені де хабарланды.

Израиль армиясының өкілі Авихай Адраи операция ХАМАС инфрақұрылымын жоюға бағытталғанын мәлімдеді. Әскерилердің бағалауынша, Газа қаласында шамамен 2000–3000 ХАМАС жасақшысы бар.

Қорғаныс министрі Исраэль Кац «Израиль әскері тұтқындарды босатып, ХАМАС-ты толық талқандау үшін күресіп жатыр» деп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израильге сапарында Вашингтонның толық қолдауын білдірді. Алайда ол операцияның «мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқталуын» қалағанын жеткізді.

Израиль билігі Газа тұрғындарын қаладан оңтүстікке көшуге шақырғанымен, жүздеген мың бейбіт тұрғын әлі қалада қалып отыр. Кейбірі көшуге мүмкіндігі жоқ екенін айтса, басқалары оңтүстікте де қауіпсіздік жоқ деп санайды.

Пікірлер