Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев үкімет отырысында 75 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы
– Биылғы қаңтарда ақпараттық жүйелерді интеграциялауға байланысты дайындық жұмысы аяқталған соң Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға арналған өтінімдерін қабылдай бастады. 12 ақпандағы жағдай бойынша 1 855,9 млрд теңге сомасына 115 608 өтінім қабылданды. Оның ішінде 423,6 млрд теңге сомасына 78 074 өтінім өңдеуге қабылданып, мақұлданды. 12 ақпанда БЖЗҚ 408,2 млрд теңге сомасына 75 186 өтінім бойынша біржолғы зейнетақы төлемін аударды, – деді ол.
Қазақстандықтардың басым көпшілігі зейнетақы қорының бір бөлігін қайда жұмсағандарын да айтты.
– Азаматтар алынған жинақтардың 87 пайызын – тұрғын үй мәселелерін шешуге, оның 45,5 пайызын – тұрғын үй сатып алуға (ипотекасыз), 28,3 пайызын – ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге, 10,5 пайызын – екінші деңгейдегі банктерге бастапқы жарна үшін және Отбасы банкінде ипотека алуға, 2,3 пайызын – жеке тұрғын үй құрылысын салуға, ипотеканы қайта қаржыландыруға, сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеуге және өзге де мақсаттарға жұмсауға алды, – деді Досаев.