Ерлан Қарин: Тіл мамандары мен сарапшыларға маңызды тарихи миссия жүктеліп отыр

5214
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/giCgZsIvK35Jf2RmdAdfvEgnOa35nBYEOR94pPhW.jpg

Астанада тіл ғалымдарымен және сала сарапшыларымен кездескен Вице-Президент Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл нормаларына қатысты бастамасымен айналысатын тіл мамандары мен сарапшыларға маңызды тарихи миссия жүктеліп отырғанын жеткізді.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен аптада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 10-ыншы құрылтайына қатысып, тіл саладағы жылдар бойы жинақталған проблемаларды жүйелі түрде ретке келтіру қажет екенін айтты. Ол үшін кәсіби тіл мамандарынан, ғалымдардан, сарапшылардан, жалпы қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Міне, Президенттің сол тапсырмасына сәйкес, қазақ тілінің дамуына қатысты аса маңызды әрі жауапты, ұлттық деңгейдегі үлкен жобаны бастағалы отырмыз. Шын мәнінде, бұл – тарихи сәт. Яғни, ғалымдар мен сарапшылар қазақ тілінің дамуын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды реформаға кіріседі, – деді Ерлан Қарин.

Вице-Президенттің айтуынша, Президент бастамасымен айналысатын сарапшылардың үлкен тобы жасақталады. Оның құрамына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының білікті тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар, ІТ саласының өкілдері енеді. Тіл нормаларын жетілдіру бағытындағы негізгі жұмысты осы Сарапшылар тобы жүргізеді.

Одан бөлек, Президент тапсырмасымен Тіл нормаларын жетілдіру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылады. Бұл ведомствоаралық топ жұмысты жалпы үйлестіреді және  ұйымдастырады, ұсыныстар мен пікірлерді саралап, ережелерді бекітеді.

Пікірлер