Бұған дейін Түркі елдерінің әртүрлі деңгейдегі құрылтайлары Түркістан қаласында өтуі тиіс болатын. Бірақ олай болмай шықты. Және оның себебін де ешкім түсіндірмеді.
Қазақстан астанасында қарашаның 3-інде жеті ел басшыларының қатысуымен Түркі мемлекеттері басшыларының саммиті өтті. Оған ұйым мүшелері Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттерімен қоса ұйымға бақылаушы Венгрия премьері Виктор Орбан мен Түркіменстан Халық мәслихатының төрағасы Құрбанғұлы Бердімұхаммедов қатысты.
Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының саммиті әуелде Түркістанда өтеді деп хабарланған еді. Осы наурыз айында Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының төтенше жағдайға байланысты өткен кезектен тыс саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Биыл қазан айында киелі Түркістанда Ұйымның оныншы мерейтойлық саммиті өтеді. Сіздерді осы алқалы жиынға қатысуға шақырамын. Күзде ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға жүктеледі. Сол кезде бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылатын болады», - деген болатын.
Түркі елдерінің Түркістанда өтеді деп өтпей келе жатқан отырысы бір бұл емес.
2021 жылы да Қазақстанның Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитін Түркістанда өткізу ниеті болған. «Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда, пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін,» - деген сонда Қазақстан президенті.
НЕГЕ ТҮРКІСТАН?
Түркістаннның тілге оралуының мынандай себептері болған сияқты.
Түркістан шаһарында қалың түркінің әулиесі Қожа Ахмет Иасауи мен Қазақ мемлекеттігін қалыптастырған хан-сұлтандар жерленген. «Түркістан пірі» атанған Иасауиді Анатолия түркілерінен бастап, бүкіл Орталық Азия әулие тұтатыны белгілі. Ал әулие кесенесіндегі Ақ сарай кезінде Қазақ хандығының резиденциясы қызметін атқарған. Және кесенеде әулие маңында қазақтың көптеген қайраткерлері жерленген. Яғни, Түркістан – қазақ мемлекеттігінің нышаны. Сол төңіректегі Арыстан баб, немесе Отырар қаласының орны – бәрі де түркітілдестердің ортақ өркениетінің қалдығы іспетті.
Түркістан өткен ғасырларда қалай аталғанына қарамастан, Сырдария жағасындағы ұлы мәдениеттің көрсеткіші болатын.
Осыған орай Түркістанды «түркі әлемінің рухани астанасы» деген алқалау да дәстүрге айналған.
НЕГЕ ТҮРКІСТАН ЕМЕС?
Әуелде айтылған жоспардың өзгеріп, Түркі құрылтайларының Түркістанда өтпей қалу себебі неде болуы мүмкін?
Облыс орталығы болғаннан бері осы қалада жаңа аудандар мен жаңа ғимараттар бой көтеріп келеді. Әуелдегі тұжырымдамада ғимараттардың Иасауи кесенесінен биік салынбау керектігі айтылатын. Алайда кейін оған кереғар көрініс қалыптасты.
Былтыр Түркі саммиті өткізілген Өзбекстанның Самарқан шаһары ескі келбетін толықтыратын жаңа ғимараттармен толықты. Бастысы – шығыстық үйлесім сақталды.
Ал Түркістан олай болмай шықты. Қорап үйлер бой түзеп, тарихи ескерткіштер Иасауи кесенесі кешенімен шектелді. Инфрақұрылымдар жағынан да Түркістанды Самарқанмен салыстыруға келмейтін сияқты.
ӨЗБЕКСТАН НЕ ІСТЕДІ?
Өзбекстан өткен жылы түркі елдері құрылтайы қарсаңында Самарқанда үлкен дайындық жасады. Саммит үшін ғимараттар салынып, инфрақұрылымын жетілдірді. Ал Орталық Азиядағы тарихи тұлға Ақсақ Темір жерленген көне шаһарда ғасырлардан жеткен сәулет ескерткіштері әлдеқайда көп және жақсы сақталған. Мұның сыртында құлап, құруға айналған тарихи ғимараттар саммитсіз де қалпына келтіріп, реставрациядан өтіп тұратын.
Қазіргі өзбек президенті Шавкат Мирзеевтің билікке келгендегі басты тұжырымдамасы «Жаңа Өзбекстан» келбетін қалыптастыру болатын. Және ол жаңа келбет қалыптастыруды шаһарларды ескі махаллаларды бұзып, биік үйлер, жаңа құрылыс жүргізуден бастаған. Сондықтан халықаралық саяси оқиғалар кезінде Өзбекстан өзінің жаңарып келе жатқанын осы қырынан да көрсетуге тырысады.
Ал кеше Қазақстанда өткен жиында түркі елдерінің Астана қаласына «Түркі әлемінің қаржы орталығы» мәртебесін беру бастамасын қолдағаны айтылды. Президент Тоқаев жиналғандарға сол үшін де алғыс білдірді.
Ал Түркістанда құрылтай өткізу оның тарихи келбетін сақтап, қала үйлесімді дамығанда ғана мүмкін сияқты.
Жанат Алғадай