Түркістанның сәулеттік болашағына бағдар

1430
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/U5hGas5LRpvrRV4E96pLFYsKJim0hLpIH5WDh2lS.jpg
Жуырда архитектор әріптестеріммен бірге Өзбекстан Республикасының көне әрі киелі қалалары — Самарқанд пен Бұхараға іссапармен барып, тарихи-мәдени мұралар мен заманауи архитектуралық нысандарды зерттеп қайттық. Бұл сапар біз үшін кәсіби тұрғыда аса маңызды тәжірибе алмасу алаңына айналды. Түркістан қаласының болашақ дамуына бағытталған стратегиялық жоспарларды жетілдіруде, әсіресе архитектура, мәдениет және туризм салаларында, осы сапардан түйгеніміз мол.
Самарқанд — Ұлы Жібек жолының бойындағы рухани, ғылыми әрі сәулеттік орталық. Әмір Темір дәуірінен қалған көркем ескерткіштер — Регистан алаңы, Бибі-Ханым мешіті, Шахи-Зинда кешені — тек архитектуралық жауһарлар ғана емес, сонымен қатар бүкіл өркениеттің алтын мұрасы. Бұхара қаласы да өзіндік болмысымен ерекшеленеді: мыңдаған жылдық тарихы бар, медреселері мен мешіттері арқылы ислам өркениетінің асыл қазынасын сақтап қалған, тірі музей іспетті киелі мекен.
Самарқанд та, Бұхара да — түркі дүниесінің алтын діңгектері. Бұл қалаларда сақталған ортағасырлық қалалық құрылым, ислам өнерінің нәзік өрнектері, сәулеттік стильдердегі ортақ мәдени код — бізге жат емес, қайта керісінше, бізге етене таныс, жақын дүниелер. Түркістан да осы өркениеттің ажырамас бөлігі.
Сапар барысында бізді ерекше тәнті еткен жайт — көне мен жаңаның үйлесімділігі. Екі қалада да тарихи мұралар мен заманауи құрылыс бір-бірін көлеңкелемей, керісінше, бірін-бірі толықтырып тұр. Бұл — қазіргі заманда архитектуралық дамуда аса қажет қағида. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасын дамыту кезінде де дәл осындай тепе-теңдікті сақтау — біздің басты ұстанымымыз. Себебі тарихи тамырды сақтай отырып, заманауи талаптарға сай келетін орта қалыптастыру – ұлт болашағына деген жауапкершілік.
Сондай-ақ, сапар барысында жергілікті билік пен жеке сектор арасындағы тиімді серіктестіктің, туризм саласын цифрландырудың, туристік қызмет сапасын арттырудың нақты нәтижелерін көрдік. Бұлардың барлығы Түркістанның туристік әлеуетін көтеруде бізге де аса қажет тетіктер екеніне көз жеткіздік.
Осы тағылымды іссапар нәтижесінде біз Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде одан әрі дамыту жолында жаңа бағыттар айқындадық. Архитектуралық жобаларда дәстүр мен инновацияны ұштастыра отырып, тұрғындар мен туристерге тарихи болмысы сақталған, жайлы әрі заманауи инфрақұрылымы бар орта қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз.
Пікірлер