Орталық Азия елдерінің басшылары Астанаға Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцпен кездесуге келе бастады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров бүгін, 17 қыркүйекте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Германия Федералдық канцлерінің екінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысының ұшағы Қазақстан астанасының халықаралық әуежайына қонды. Президент Садыр Жапаровты Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының жетекшісі Ғалымжан Қойшыбаев және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды. Халықаралық әуежайда құрметті қарауыл жасақталды», - деп хабарлады Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі.
Сапар барысында Президент Садыр Жапаров Орталық Азия елдері президенттерінің неміс кәсіпкерлерімен кездесуіне де қатысады, неміс бизнес қауымдастығымен жеке кездесу өткізеді, Германия Федералдық канцлері Олаф Шольцпен екіжақты келіссөздер жүргізеді.
«17 қыркүйекте Тәжікстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы, құрметті Эмомали Рахмон «Орталық Азия – Германия Федеративтік Республикасы» мемлекет басшыларының кездесуіне қатысу үшін Қазақстан Республикасының Астанасына барды. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Тәжікстан Республикасының Президенті, құрметті Эмомали Рахмонды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов және басқа да ресми тұлғалар құшақ жая қарсы алды. Жоғары мәртебелі мейманның құрметіне әуежай алаңы мемлекеттік тулармен безендіріліп, құрметті қарауыл жасақталды», - деп хабарлады Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі.