Совет кезінде айтысты тірілтіп, сөздік құрастырған үкімет басшысы. Нұртас Оңдасыновтың туғанына - 119 жыл

2660
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтЫ
Фото: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтЫ

Бүгін - Совет кезінде айтысты тірілтіп, сөздік құрастырған үкімет басшысы Нұртас Оңдасыновтың туғанына  - 119 жыл толды.

Нұртас Оңдасынов - мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған тұлға. Оның өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде өтті. 

Ақ-қараны анықтамай, талай қыршынды қынадай қырып кеткен 1937 жылдың соңына қарай бар-жоғы 34 жаста жоғары қызметтің жауапкершілігін арқалады.

Есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланыс­ты Нұртас Оңдасынов Қазақ ұлты үшін қандай еңбек сіңірді?

Қызылқұм өңірін суландыруды мәселе қылып көтерді. Шардара су қоймасын салуды бастады;

Хрущевтің Қазақстанда мұнай іздеуге тыйым салғанына қарамастан, Маңғыстау мұнайын ашты. Ұлутасты алғаш рет құрылыс материалы ретінде қолданысқа ендірді.

Оңдасыновтың тікелей бұйрығымен Мойынты – Шу, Қандағаш – Ор, Ақмола – Павлодар, Өскемен – Зырян темір жолдары салынды. Жол құрылысына тек қазақ жігіттерін ғана қатыстырып 16 мың адамды жұмыспен қамтыған.

Қазақстан Үкіметін Нұртас Оңдасынов басқарған тұста Қарағандының шетіндегі кішкентай Самарқан қалашығында соғыстан кейінгі жылдары жаңа құрылыстар, өндіріс орындары салынып қала кеңейе түсті.

Нұртас Оңдасыно Мәскеуге барып, КСРО Ауыр өнеркәсіп министрімен кездеседі. Министрге Самарқан кентін металлургтер қаласы етіп бекітуді сұраған. Осы сапарынан кейін Самарқан қалашығы Теміртау болып өзгеріпті. 

Сондай-ақ, ол Батыс аймақтарға алғаш рет көкөніс ектірген.

Үкіметті он үш жылдай басқарды. Осы тұста Ғылым академиясының жеке шаңырақ болып ашылуына тікелей әсер етті. Теміртау металлургия зауытының негізін қалады.

Ұлттық консерваторияны ашты, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің басшысы Вознесенскийге хат жазып, Қыздар педагогикалық институтының (ЖенПИ) ашылуына мұрындық болды.

Оңдасыновтың соғыс кезінде Өзбекстанға көшкелі тұрған «Мосфильм» мен «Ленфильмді», Қазақстанға алып қалғанының арқасында «Қазақфильмнің» негізі қаланған.

Сондай-ақ, ол ұмытылып кеткен ақындар айтысын 1943 жылы тірілтті. 

Нұртас Оңдасынов – арнайы ғылым док­торы, кандидат деген атақ-дәрежесі болмағанымен, зейнеткерлікке шыққаннан кейін тапжылмай жиырма бес жыл «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» пен «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» жазып, бір ғылыми институттың істейтін жұмысын жалғыз өзі атқарып тастаған азамат. Үш жасынан жетімдіктің тауқыметін тартып, ауыл молдасынан хат таныған ол тынбай оқу іздеп, білімділігімен биікті бағындырды. Жетелеусіз жемісті еңбек етіп, жетістікке жетті.

Пікірлер