«Айтыс өтті, кетті, бітті». Айтуға ақын жүрегі дауаламаған дау

1828
Adyrna.kz Telegram

Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай өткізілген айтыстың нәтижесі көрермен мен желі қолданушыларын екіұдай күйде қалдырды. Алайда айтыскер ақын әділетсіздік болған-болмағаны жайлы айтудан бас тартты.

Биыл белгілі жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл. Мерейтой қарсаңында 30 қыркүйек күні Алматы қаласы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында республикалық ақындар айтысы өтті. Аламан айтыстың өтуіне мұрындық болған - Қатонқарағай ауданының кәсіпкерлері.

АЙТЫСКЕР-ДЕПУТАТ ЖҮРГІЗГЕН АЙТЫС

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен дүбірлі додаға еліміздің беткеұстар 14 айтыскер ақыны қатысты. Олардың қатарында Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Серік Қуанған, Аспанбек Шұғатаев, Шұғайып Сезімхан, Қазірет Бердіхан, Мұхтар Ниязов, Ардабек Ақбаба, Нұрзат Қаруқызы, Мейірбек Сұлтанхан, Ақниет Жұбаныш, Төлеген Жаманов, Ержан Әміров пен Фархат Марат бар.

Кіл жүйрік бақ сынасқан айтысты бұл жолы айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев ұстады.

- Алматының халқы айтысты сағынып қалған екен. Ине шаншар жер жоқ, зал толып отырды. Жыр арқауы – қазақ әдебиетінің заңғар тұлғаларының бірі, классик жазушы Оралхан Бөкей ағамыз. Айтысқа ағамыздың да тікелей қатысы бар. Ол тоқсаныншы жылдардың кезінде өзі ұйытқы болып, Алматыда бірнеше мәрте айтыс өткізген. Ал бүгін оның мерейтойында ақындар келіп, Оралхан ағаны жырға қосып отыр. Демек, кітап оқитын, әдебиет сүйетін ұлт бар кезде ағамыздың бейнесі жадымыздан өшпек емес, - деді Аманжол Әлтай.

Сөз додасына құрамы Жүрсін Ерман (онлайн), Әсия Беркенова, Ұлықбек Есдәулет, Бауыржан Халиолла және Әлібек Қаңтарбаевтан жасақталған қазылар алқасы төрелік етті.

ҚАЙШЫЛЫҚТЫ КӘДЕ МЕ, ЖЕҢІСПЕН КЕЛГЕН ЖҮЛДЕ МЕ?

Қазылар алқасының шешімімен айтыстың екінші кезеңіне төрт жұп іріктеліп алынды. Финалдық кезеңге алты ақын өтті. Аспанбек бар. Екінші кездесуінде жеңілді, бірақ үшінші орын автоматты түрде алуы тиіс болған айтыскерге ынталандыру сыйлығы да бұйырмады. Одан жеңіліп қалған ақын үшінші орын алды.

Қазылардың шешімімен республикалық ақындар айтысында Бас жүлдені ақтаңгер ақын Мұхтар Ниязов иеленіп, 2 500 000 теңге жүлде алды. Ал І орын жүлдесін Қазірет Бердіхан еншілесе, Шұғайып Сезімхан мен Жансая Мусина ІІ орынның төріне жайғасты. Ал ІІІ орынды Серік Қуанған мен Төлеген Жаманов өзара бөлісті. Сонымен қатар, Бошай Кітапбайұлының 10 жылдығына арналған арнайы жүлде Әсем Ережеқызына табысталса, Абай атындағы халықаралық қор тағайындаған жүлде Мейірбек Сұлтанханға бұйырды.

Дүбірлі додада бас жүлде иеленген Мұхтар Ниязов:

«Аллаға шүкір, тағы бір үлкен айтысты аяқтадық. Айтыс жақсы өтті, көрермендер ғажап эмоция сыйлады. Жеңісті, жемісті күндеріміз көп болсын, барша жүлдегер, қатысушы айтыскер бауырларыма сәттілік пен абырой тілеймін. Аман болайық!», - деп жазды Instagram парақшасында.

Ал айтыс сахнасында 2015 жылдан бері жүрген Шұғайып Сезімхан 2 орын иеленді. Қыз-жігіт айтысының элементтерін қоса отырып тақырыпқа басымдық берген ол «Айтыс жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы халықтың көңілінен шықты. Халықтан асқан төреші жоқ. Сондай-ақ Алматыда көптен бері мұндай көлемде айтыс болмаған. Халық та, ақындар да бір-бірін сағынып қалған екен. Сары күзде көңілдегі сарғайған сағынышымызды шығарған керемет айтыс болды», - деп атап өтті.

ЖЕЛІ НЕ ДЕЙДІ, «ЖЕҢІЛГЕН» НЕ ДЕЙДІ?

Жыр сайысында «Жыл сайын орманыңды өртей берсең, неменеден жасайсың кітабыңды» деп сұрапыл сөздерімен, астарлы шындық, тапқыр теңеулерімен көзге түскен павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаевқа жүлде бұйырмады. Ал желіде айтыскер ақын Аспанбектің жүлдесіз қалғандығы талқыланып жатыр.

«Айтыстағы жюрилер бокстағы қазылар секілді. Алматыда өткен айтыста Аспанбекке обал жасады. Алғашқы қарсыласын жеңіп, финалдық кезеңге жолдама алған. Бірінші кезеңде ұшып кеткендер үшінші орын мен арнайы жүлделерді алып кетті. Аспанбекке жеңіліп қалған ақын да үштікте» деп жазған фейсбук оқырманы Рауан Оқас.

Бұдан бөлек «Алматыдағы Оралхан Бөкейдің айтысында Аспанбек Шұғатаев финалға шығып тұрып орын алмай кетті. Финалға шықпағандар орын алыпты» деген мазмұнда пікірлер жетерлік.

Осы сарында пікір жариялап, онысына артынан желіден өшіріп тастағандар да бар.

Осы тұста, тартысты байқауға өзінің төрелігін айтқан қазылардың да пікірін сұрап көрдік. Бірақ құрам мүшелерінен ешкім жауап бермеді.

Сондай-ақ орын алмаған айтыскер Аспанбекті де сөзге тарттық. «Айтыс өтті, кетті, талқыланып бітті ғой. Пікір айтсам, «хайбай басталады ғой», қайта хабарласамын» деген айтыскер соңынан телефонын сөндіріп тастады.

Динара Боранбай

 

Пікірлер