Менің атым - «Асылған ет»! Мені «Бесбармақ» деп атама!

3905
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

«Асылған ет», «Ет тамақ» - менің бағзы заманнан  бергі атым!.

Бес  бармағыңыз жоқ, қолыңызда екі бас бармақ, төрт саусақ, яғни бас бармақ пен төрт саусақты қосқанда «бес саусақ» болады, бесбармақ болмайды. Басқа екі бармақ башпайларыңызда тұр.

Қазақта:

«Бес саусақ бірдей емес», - дейді, «бес бармақ бірдей емес» демейді!

«Ет етке, сорпа бетке», - дейді, «бесбармақ, бесбармаққа» демейді!

«Ет асату», - дейді, «бесбармақ асату» демейді!.

«Ет жемесек де, сорпа ішкендей болдық», - дейді, «бесбармақ жемесек те, сорпа ішкендей болдық» демейді!.

Мен пісіп дайын болғанымда «ет тартамыз», - дейді, «бесбармақ тартамыз» демейді!.

Махамбет: «Өзегі талып ет жемей...Ерлердің ісі бітер ме?»,-  деп жырлады, «Өзегі талып бесбармақ жемей, Ерлердің ісі бітер ме?» демеді!.

Кезінде қазақ даласына келген саяхатшылар қазақтан мына тамақтың аты не деп сұрағанда «асылған ет» десе, оның нақты «қуырдақ» деген сияқты бір аты болу керек деп, мағынасын сұрағанда «қолмен жейміз» десе керек, саяхатшының тілін бір көргенде меңгермесі анық қой. Содан саяхатшы, зерттеушілер бірінен бірі алып «бесбармақ» деп жазса, біздің қазақ (соның ішінде кей зиялы) өз асын осылай атап жүр. Қазақта асылған етке қатысты «бесбармақ»/«бешбармак» деген ұғым, сөз мүлде жоқ!. Бір де бір фольклорлық мұрамызда ертегі, аңыз, лирикалық, эпостық жырларымызда, мақал-мәтелімізде «бесбармақ» деген тағам жоқ. «Бесбармақты ергежейлі қосаяқ» деген кеміргіштер отрядына жататын кішкентай аң бар. «Беш» сөзін біздің қазақ «сенің құның беш тиын» деп «сан» айтуға қолданатын.

Кезінде басты телеарнамыз «Бешбармак шоу» деген хабар шығарып, оны Жанар Айжанова жүргізіп, қазақтың бетке ұстар мәдениет қайраткерлері келіп, «асылған етті» жеп, маған таңылған «бесбармақ» атауына бір сөз айтпай  кеткен, бұл хабар әйтеуір жабылдау. Енді 26 қазаннан  кинотеатрларда «Бесбармақ» деген кассалық кино көрсетілмекші. Режиссеры: Бейбіт Өнер. Кино мемлекеттің - идеология құралы. Маған «бесбармақ» деп өзге халық таңған атты кино атауына шығарды. «Әттең етпен бірге асылып кететін тіліме тіл бітсе, қазағымнан қайран жоқ екен», - деп өзім күресер едім.

Қазағым күреспегесін, былтыр мұңымды мені зерттей келген жапондық суретші қыз Яһата Акиге шақтым. Яһата Аки Киото Өнер музейінде «Бұны Бесбармақ деп атама» атты плакаттар көрмесі арқылы менің мұңымды әлемге жеткізді.

Қазағым, сен мені «Бесбармақ» деп атамашы!

Сенің "бесбармақ" атауың, көне тілді сақтаған Алтай асқан қазақтарымның тілін бұза ма деп қорқамын!

 

Тәттігүл Қартаева

этнограф-ғалым, профессор

Пікірлер