Қостанайлықтардың қолы бос емес. 5 жылда 21 Ленин көшесінің аты ауысқан

4699
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Қостанай облысында Совет кезінен қалған онамастикалық атауларды ауыстыру әлі жалғасып келеді. Сол кездегі саяси жүйе байлап таңған атаудың көпшілігі соншалық – бір атау ондаған мәрте қайталана қойылған. Соның бірі – Ленин атындағы қаптаған көше.

"Адырна" ұлттық порталында "КСРО-ның 60 жылдығы" мен "Ленин" көшелерін жарықтандыруға 3 405 892.86 теңге бөлінді" деген материал жарияланған еді.  Соған орай Қостанай облыстық Қоғамдық даму басқармасы сол жарияланымға қатысты жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі.

Аталған мақалада Жаңа Қазақстанның «КСРО-ның 60 жылдығы» мен «Ленин» көшелерін жарықтандырып жатқаны құлаққа жағымсыз естілетіні, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып кетсе де, Қостанай облысы сүйегі баяғыда қурап қалған Ленинді, сол Ленин құрған КСРО-ны санадан өшіре алмай отырғаны сынға іліккен болатын.

Осы жарияланымға байланысты Адырна ұлттық порталы Қостанай облыстық Қоғамдық даму басқармасына: "Облыс аумағындағы "КСРО-ның 60 жылдығы", "Ленин" секілді жүздеген КСРО-дан қалған көне атауларды өзгерту жұмысы қашан қолға алынады? Облыстағы ономастикалық ахуал қандай? Биылғы жылы қанша елдімекен, қанша көше қазақыланды?" деген сауалдар жолдаған еді.

Ол сұрақтарға облыстық Мәдениет басқармасы жауап берді.

"Мәдениет басқармасы Қостанай облысы аумағындағы қазіргі таңдағы ономастикалық ахуал бойынша хатыңызбен мұқият таныса отыра келесіні мәлімдейді.

Облысымызда ономастикалық жұмыстар нормативтік-құқықтық актілерге және жоғары тұрған мемлекеттік орган бекіткен арнайы критерийлерге сәйкес жүзеге асырылуда.

1.Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдар талабына сәйкес көшелердің атауларын өзгертуден жарты жыл бұрын тұрғындармен дәйекті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.  

Осыдан 5 жыл бұрын облыс аумағында Ленин, Комсомольская, Советская, Октябрьская, 40,50,60,70 лет Октября көше атаулары болған. Содан бергі уақытта идеологиялық тұрғыдан ескірген Ленин атындағы 21 көшенің, Октябрьская – 12, Советская – 8, Комсомольская – 7 атаулары өзгертілді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

2.Өңірімізде ономастикалық жаңару, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ұлттық танымға жақын, тарихи атаулармен ауыстыру бойынша зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, облыстық ономастика комиссиясының мүшелері, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдары, блогерлердің қатысуымен конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, тұрғындар арасында кең ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Осыған байланысты өңіріміздегі ономастикалық жаңару мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында 2023 жылғы 12-15 маусым аралығында қоғам қайраткері Дос Көшімнің, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Қалқаман Жақыптың қатысуымен Әулиекөл, Қарабалық, Федоров, Денисов, Жітіқара, Ұзынкөл аудандары, Қостанай қаласындағы тұрғындармен, ірі кәсіпорындар қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып өткізілді.

2017 жылдан бері облыс бойынша барлығы 168 атау өзгертіліп,  оның ішінде 1 аудан, 1 қала, 8 ауылдық округ, 8 ауыл, 119 көше, 31 объект ұлттық танымға жақын атауланды.

Соның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен Таран ауданы Бейімбет Майлин ауданы (24.06.2019ж. №29), Қостанай ауданының орталығы Затобол кенті аудандық маңыздағы Тобыл қаласы болып өзгертілді (02.01.2020ж.№ 235).

2023 жылдың басынан бергі уақытта  облыс бойынша 3 көше және 3 ауыл, 1 ауылдық округ, 4 мектептің атаулары өзгертілді" деген жауап келді.

Әрине, Қостанайдың қазақылануы мемлекеттік идеология үшін кезек күттірмейтін мәселе. Алдағы уақытта қостанайлық шенділер бұл мәселеге сергек қарайды деп үміттенеміз!

Қанат Бірлікұлы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер