Тіл саясаты ақсауда. Шенеунік сырғытпа жауап маманына айналып келеді

4761
Adyrna.kz Telegram

Үкімет «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулы қабылдағалы тура бір апта өтті.  Оған сәйкес жекелеген саяси мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін білуге міндеттелмек. Осыған орай кейбір саяси қызметтегі азаматтардан мемлекеттік тіл туралы сұрап көрдік.

Үкімет «Қазақ тілін саясиландырмау керек» деп қанша айтса да, мемлекеттік тілдің мәселесі жиі көтеріледі. Мысалы,  Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепехаға дәл осы сұрақ қойылғанда сырғытпа жауаппен құтылып кетпек болғаны, рас. Жоғары шенді азамат аталған сауалға не деп жауап берді және қазақ тілін білмейтін Мәжіліс депутаттары қашан қазақ тілін үйренеді? Жоғары шенді азаматтардың қазақ тілін білмеуі ұят тірлік емес пе?

ВИЦЕ-МИНИСТР ОЙЫН ҚАЗАҚША ЖЕТКІЗЕ АЛМАЙДЫ

Үкіметте өткен баспасөз жиынында Игорь Лепехаға қазақ тілінде қойылған сұрақты түсінбей, сауалды орыс тілінде қоюды сұрады. Осыған байланысты вице-министрге «Сіз басқа министрлер сияқты (мемлекеттік тілді үйрететін) репетиторлардың көмегіне жүгіндіңіз бе?» деген сұрақ қойылды.

Өз сөзінде вице-министр мемлекеттік тілді үйреніп жүргенін, бірақ ойын әлі қазақша дұрыс жеткізе алмаған соң орыс тілінде сөйлейтінін айтты.

- Мен қазақша үйреніп жүрмін. Қазір аздап сөйлеймін. Қызметтік құжаттарды оқи аламын. Баяндама (мемлекеттік тілде) жасай аламын, - дейді елдің ішкі ісімен айналысатын вице-министр.

БІР ДЕПУТАТ ТІЛ ҮЙРЕНУГЕ УАҚЫТ ТАППАЙ ЖҮР

Басқасы басқа, халық қалаулылары деп дәріптелетін парламент депутаттарының өзі қазақ тілін білмей жатады. Мысалы, ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжановтың өзі қазақ тілін білмейді. Сәуір айында Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәслихатында ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжановқа «Партия төрағаларының ішінде қазақ тілмейтін азаматсыз. Мемлекеттік тілді білмейтініңіз ұят емес пе?» деп сұрақ қойылған болатын. Аталған сұраққа партия жетекшісі «Қазақ тілін жедел түрде үйреніп аламын» деп уәде берген...

Шыны керек, елдегі мемлекеттік тілі шықпаған қандай да бір басшыдан «Қазақ тілін неге білмейсіз?» деп сұрасаңыз «Алты айда мемлекеттік тілді меңгеремін» деп уәде береді. Бұл айта-айта жауып болған уәде деуге болады.

Ал Рахымжановтың ендігі жауабы «есегі өткелден адамның» сөзіне ұқсады. Бұрын «жедел арада қазақ тілін үйренемін» деген депутат қазір мемлекеттік тілді меңгеруге уақыты жоқ екенін айтып, айды аспанға шығарды.

- Мен Астанада дүниеге келіп, осында өстім. Қала тұтас орыс тілді болды. Балабақшадан бастап мектеп пен жоғары оқу орнын орыс тілінде бітірдім. Сол себепті менің қазақ тілін білу деңгейім керемет деп айта алмаймын. Тілді үйрену үшін мақалаларлы қазақша оқуға тырысамын. Қазақ тілін түсініп, дамыта түскім келеді. Қазіргі таңда белсенді түрде тілді үйреніп жатырмын. Келер жылдың басында қазақ тілінде сөйлей бастаймын. Шыны керек мемлекеттік тілді білмеуім менің кемшілігім. Бірақ бұл кемшілікті түзетуге күш саламын... – деді ол.

Әйтсе де партия жетекшісі сөз соңында қазақ тілін үйренетін көп уақыты жоқ екенін де айтып қалды. Бұл сөз депутаттың мемтілге қалай қарайтынын бір демде көрсетіп бергендей болды...

БІР ДЕПУТАТ ЖАУАПКЕРШІЛІК СЕЗІНБЕЙТІНІН СЕЗДІРТТІ

Қазақстан халықтық партиясының атынан Мәжіліс депутаты болған Ирина Смирнова  қазақ тілін үйреніп жатқанын айтады. Бірақ ол заң бойынша орыс тілі ресми тіл болғандықтан «өз құқығын» пайдаланып қоятынын ескертті.

- Мүмкін депутаттар қазақ тілін білу керек деген талап болғаны дұрыс шығар. Бірақ мен бұл талап болмаған кезде депутат болып сайландым. Мектепте қазақ тілі оқытылмаған кезде орыс тілінде білім алып, орыс мектебінде жұмыс істедім. Мен бұл жерде өзімнің жауапкершілігімді сезініп тұрған жоқпын. Менің ойымша бұл менің құқығым деп санаймын. Білесіз бе, адамдар кез келген тілде сөйлеуге болады. Бірақ қарапайым халыққа тиімді жұмыс істеу одан да маңызды дүние. Ал көп адам қазақ тілінде сөйлеп, бірақ халыққа пайдалы жұмыс істемей, жемқорлық жасап жатса, одан не пайда? Сондықтан да мен бұл жерде тілді білу өте маңызды рөл ойнамайды, – деді ол.

Сөз соңында депутат қазақ халқын құрметтеп, сыйлайтынын айтты. Нақтырақ айтсақ ол «Қазақтың муызкасын тіпті керемет жақсы көремін» деп ескертті.

Айта кетейік, 2029 жылы Қазақстан халқының 84 пайызы мемлекеттік тілді меңгереді деп күтілуде. Бұдан бөлек «Қазтест» жүйесі бойынша В2 деңгейінде мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2029 жылы 50 пайыз болады деп жоспарланып отыр. Үкімет «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітсе де, оның адамдар жүрегіне бекуі қиын сияқты. Оған салсақ, алдағы жылы Мемлекеттік қызмет агенттігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне жекелеген саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына мемлекеттік тілді орта деңгейден (В1) төмен емес деңгейде меңгеру туралы талапты қосу мәселесін пысықтау тапсырылып, Президен  әкімшілігіне ұсыныстар беру көзделген.

Ал елге қызмет көрсетеді деген саяси қызметкерлер мен, депутаттардың сиқы, сипаты қоғамға сенім сыйлай алмай отыр.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер