Үкімет «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» тиісті қаулыны қабылдады. Оған сәйкес жекелеген саяси мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін білуге міндетті. Осылайша қазақ тілі мемлекеттік қызметтің негізгі жұмыс тіліне айналмақ, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Қоғамның барлық саласында мемлекеттік тілге басымдық беруді қалыптастыру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша шаралар қабылданады. Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысында жекелеген саяси мемлекеттік қызметшілерді қазақ тілін білуге міндеттейтін талаптар әзірленетін болады»,—делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2029 жылы Қазақстан халқының 84 пайызы мемлекеттік тілді меңгереді деп күтілуде. Бұдан бөлек «Қазтест» жүйесі бойынша В2 деңгейінде мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2029 жылы 50 пайыз болады деп жоспарланып отыр.
Құжатқа жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін бағдарламалардың, курстардың және әр түрлі іс-шаралардың тізімі енгізілген. Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.