Қазақстанда қазақ тілділерді бөліп-жару бар - Кәмшат Тасболат

2525
Adyrna.kz Telegram

Журналист, қазақтың аяулы қызы Кәмшат Тасболат қазақ қоғамындағы қазақ тілділердің құқығы жиі тапталатынын айтып, ана тіліміздің мәртебесі мен қолданысына қатысты өте  маңызды заңдық деректер келтірді. Өзінің тілдік дискриминацияға ұшырағаны жайлы жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Жалынды журналист өз жазбасын қазақ тілінің мәртебесі мен заңдық күшінен бастады:

Конституция бойынша, қазақ тілі - мемлекеттік тіл, ал орыс тілі - меморгандарда қазақ тілімен бірге қолданылатын тіл ғана, оған дейін ұлтаралық қатынас тілі боп келген [Қазір қолданылмайды]. Яғни, бәрібір Мемлекеттік тіл мәртебесі жоғары! Бірақ іс жүзінде ҚР-ның азаматы әрі тұтынушы ретінде әлі күнге дейін қызмет көрсету салаларында тілдік дискриминацияға жиі ұшыраймыз" - деді журналист.

Кейіннен Кәмшат Тасболат өзінің пікірін шынайы қоғамдағы келеңсіздіктермен ұштастырды. Өз басынан өткен сорақы жайттар жайлы сөз етті.

"Бүгін Меga Silk Way ОСК-дағы Lazania мейрамханасында болдық, өкінішке қарай, официанттан қазақша ас мәзірін сұрап едік, ол бізге "У нас меню только на английском и русском"  деді. Даяшының өзі қазақша сөйлемейді екен. Ескерту жасадық. Бірақ осындай жағдаймен қалай күресуге болады? Неге тілдік талаптар орындалмайды? Неге мемлекеттік тілді менсінбейтін, заң бұзатын мейрамхана, кафе, банкпен журналистер, қоғам белсенділері күресуі керек? Неге жоғары жақтан талап жоқ? Ресейліктерге рахат, менюды орысша оқып, "ой, пошли, от сюда" деп менсінбей кетіп барады. Негізгі тұтынушы - қазақ болса, қазақтың тілін неге сыйламайды? Жалпы, бірыңғай заң, талап болуы керек қой. Егер талапты орындамаса, салықты көбірек төлесін. Бюджетті әбден толтырып алуға болады! Достар, жауапты азаматтарды тегтеуіңізді сұраймын" - деді автор.

Кәмшат Тасболаттың өткір жазбасына іле-шала MEGA СОО қызметкері Антонина Кукаева жауап берді.

Қайырлы күн! Мен MEGA СОО-ның қызметкерімін. Қалдырған пікіріңізге рақмет, аталған ескертпеңізді Lazania әкімшілігіне жолдаймыз. Келтірген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз, - деді Антонина Кукаева.

Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы жеке тұлға, тұтынушы ретінде, клиент ретінде аз мәзірінің «Тіл туралы» Заңның 21-бабына сәйкес қазақ тілінде болуын талап ете алады. Талап орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 75-бабында деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу бойынша Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық қарастырылған.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер